Өмір керуенінде санаңда өшпестей қашалып қалатын оқиғалар ұшырасады. Әрине, қилы-қилы қуанышты мезеттер мен жан желпінтер жағдаяттардың көбі бірдей жадыңда сақталмайтыны белгілі. Алғашқы әсермен біразға шейін көңіліңнен шығармай, қоңыраулата әңгімелер сол сәттердің өзі бірте-бірте күңгірттеніп, ұмытқа айналары даусыз. Ал менің бүкіл тірлік-тынысыма, тағдыр-талайыма түрткі болған жайтты ешқашан ұмыта алмаспын, сірә. Бейнелеп жеткізсем, кезінде дабыра даңқы жер жарған қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Социалистік Қазақстанға» (бүгінгі «Егеменім») қалай тұяқ іліндірген едім? Ойға түсірудің өзі бір хикая. Қаз-қалпында жаңғыртайын, орайы келіп тұрғанда.
... Бәрі-бәрі әлі есімде. Ол кезде жастар газетіндемін. Ертелетіп жұмысыма келіп жайғаса бергенімді аңдып тұрғандай телефоным шырылдаған. Бейтаныс биязы дауыс бірден баурағандай. «Халің қалай, Жанатжан? Орныңда отырмысың. Өзіңмен ақылдасатын шаруа бар еді. Үшінші қабатқа, маған жолығып кетші қазір...». Өзімсініп жылыұшырай тілдескен «Социалистік Қазақстанның» басшыларының бірі Сарбас Ақтаев екен. Мән-жайды сұрастырмастан, іле-шала елпілдеген күйі төмен түстім. Сарбас ағаның есігін батылдана ашсам да, ілгері кібіртіктей жылжығам.
– Кәне, төрлет, бауырым, – деді Сәкең мені көрген бойда емен-жарқын. Қысылыңқыраған кейпімді сезген тәрізді. – Өзіңді күтіп отыр едім, келгенің қандай жақсы болды. Қазір оперативті жаңалықтар бөлімін басқарады екенсің ғой. Мұның алдында спорт-туризм бөлімінде істедің емес пе? Сейдахмет ағаларыңның газет шығарудағы редакторлық стилі, өзіндік эксперименттері өз басыма өте ұнайды. Журналист кадрларын басылымның барлық бөлімінде сынап көруі керемет. Жас қаламгердің бесаспап болып, бір-біріне ұқсамайтын әр бөлімнің бағыт-бағдарын еркін меңгеріп, төселіп, тәжірбие жинақтауына мол мүмкіндік ашары сөзсіз. Құптарлық-ақ, үйренетін ізденіс. Шіркін, біздің «СҚ»-ға да енгізуге болар еді. Бірақ коллектив әбден қартайып, қатайып кеткен. Бір орындарынан қозғалғысы келмейді. Тіпті, көбісі квадрат, шрифт, кегельден мүлдем мақрұм. Секретариаттың тынысын сезбейді. Сөйтіп отырып «макет жоқ», «газеттің ажары нашар», «тездетіп өзгеріс жасау керек» деп сынағанда тілдері ауыздарына сыймайды-ау. Әрине, қай кезде де сын орынды болуы тиіс. Тың идея, тосын тақырып, соны үрдіс қажет. Ұжымда тоқырау анық аңғарылады. Оқырмандар ойын қозғайтын проблемалық мақаладан бастап, елең еткізер үлкенді-кішілі материалдар, ең ақыры өзегінде қызықты дерек-дәйегі бар оймақтай ғана хабар-ошар тынымсыз түртінектеуден туатыны мәлім. Осындай-осындай тәуір дүниелерді әшекейлеп, штрих-фотолармен көмкеріп, макетін жұтындырып, еріксіз көз тоқтатып оқитындай орналастыру жағынан біздің газетіміз қатты ақсап жатыр. Оны жасырмай, мойындаған дұрыс. Сондықтан саған «құда» түсіп отырмыз. Үлкен бастық хабардар. Айтпақшы, Сапар ағаң да ҚазМУ-дің журфагын бітірген соң «Лениншіл жаста» қызмет істеген. Секретариаттың ұңғыл-шұңғылын жетік біледі. «СҚ»-ның сірескен сеңін бұзу үшін, газет дидарына жаңа леп әкелу үшін, әркім-әркіммен пікірлесіп өзіңе тоқтаған. Қазір орнында жоқ, Орталық Комитетте жиналыста жүр. Ертең сағат онға таман келе қал, редколлегияда бекітіп жібермек. Әзірше бастығыңа да, басқаларға да үндемегейсің...
Адам жады компьютерден кем емес-ау. Миыңның бір түкпірінде қатталып қалған ұмыт жайды қас-қағым мезетте жанарыңа елестете қояды. Сарбас ағамен жаймашуақ жүзбе-жүз әңгімелесіп отырғанда іштей алаңдай бергем. «Бұл кісіні білемін! Ең алғаш қайдан көріп ем, осы?..» Күнұзақ мазалаған сауалдың жауабын жоғары қабаттағы кабинетіме келіп жайғасқанда барып тапқандаймын. Жаз дидарлы жайсаң ағаның бейнесін бірінші рет мектеп қабырғасында жүргенімде тамашалаған екенмін. «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Тұңғыш» өлеңдер жинағының сыртқы мұқаба бетінен. Бұл кітап «Қазақстан пионері» газетінің редакциясы Баспасөз күні мерекесіне орай «Үздік жас тілші» ретінде арнайы сыйлыққа жіберген жиырма-отыз кітаптан тұратын шағын кітапхана құрамында болған еді. Студенттік жылдары «Жетісу» газетінде істеген уақытында мөлтек очеркім мен екі-үш рецензиямның жариялануына ықпал еткенін неге ұмытайын?!
Құйысқаным көтеріліп, көңілім алабөтен аспандаған. Қуанғаным рас. Бас газеттің тізгінін ұстап отырған Сапар аға Байжанов одан бетер қопаңдатып, бойымды да, ойымды да өсіріп, қиялыма қанат байлап жіберді:
– Барлығын жігіттерден естідім. Тездетіп, ертеңнен бастап жаңа қызметіңе білек сыбанып кіріс. Қазір барып өтінішіңді жазғайсың, Сейдахмет қисая қоймас. Шет жағын Үлкен үйдегі идеология бөлімінің жауапты қызметкерлеріне ескерткем. Ең басты міндетің – газеттің келбетін, бет-бейнесін түбегейлі өзгерту. Демек, «СҚ»-ның мазмұнына сай, сыртқы бітім-пошымын, өзіне тән жаңаша макетін жасау керек. Жастар газетінде жиған-терген тәжірбиең мен фантазияңды еркін көрсетуге мүмкіндігің мол. Тек өзіңнен соны серпіліс, тамаша жаңалықтар күтеміз. Еңбек стажыңа нұқсан келмейтіндей бұйрығыңды дұрыстап береміз. Тез, шапшаңырақ «Ленжасыңнан» рұқсат алу мәселесін реттеші...
Мүлдем күтпеген жағдай. Әдеттегідей бөлмесіне елпілдеп-желпілдеп жетіп барған түрімді құдды тамыршыдай барлаған Сейдахмет аға кіртиіп қарсы алған-ды. Әлде көңіл хошы болмай отырған тұсына дөп келдім бе? Кім білсін? Өте сирек ашуланатын редакторымның жүзі қаракүреңітіп, әңгімемді селқос тыңдап, іле-шала өзіме зіркілдей жөнелді. «Немене, аға газетсіз күнің бітіп пе еді?! Әлде, жасыңа жетпей шал болмақсың ба, ә? Шалқып, шалқайып жүрген жылы ұяңнан қуған біреу бар ма, айтшы өзің? Болар-болмас он-он бес сомға қызығып... Оның үстіне «Ленжастан» заңғарадай үш бөлмелі үй алғаныңа да көп болмады ғой. «СҚ»-ға бізден кеткен ең талантты деген ана-у-у Рашит Рақымбеков, Болат Бодаубаев, Байтұрсын Ілиясов секілді суға сіңіп, із-түзсіз жоғалып кетпексің бе? Жоқ, бармайсың... Жібермеймін! Алаңдамай жұмысыңды жасап, жазуыңды жаза бер... Әлгі шақырып жүрген мықтыларыңа «Бердіқұлов босатпады дегейсің...»
Сөйтіп, Сапекеңнің алдына қайта айналып баруға ұялып, мән-жайды түсіндіруге батылым жетпей, бұқпантайлап жүргенімде баспахананың газет беттеу цехында ұшырасып қалдық. Бүгежектеп, ыңғайсызданған күйімді аңғарған маңғаз аға қиын сәттен өзі оп-оңай алып шыққаны күні кешегідей әлі есімде. «Жанатжан, халің қалай? Кезекшілікте жүрсің бе? Оқасы жоқ. Кез келген редактордың тәуір, іскер қызметкерінен айырылғысы келмейтіні түсінікті. Қисыны болса әлі де шақырамыз...» Үлкен жүректің жылуын сол қысылтаяң мезетте жан дүниеммен сезінген едім. Уәдесінен таймаған Сапар аға жыл аралатып өткендегі лауазымын ұсынғанда ұшқалақтық жасағым келмеді. Рахметімді айтып, табандап бас тарттым. Шамасы тағы бір жылдан кейін, үшінші мәрте қолқа салғанда қамқор да, бағбан пейілді қаламгердің ықыласынан табылуға асықтым. Бұл жолы қаршадай шағымнан көрмей, жүздеспей «бармақтай ғана менің юнкорым» деп алақанында аялаған бастығым Сейдахмет Бердіқұлов жүрегі жарылардай қуана батасын берген. «Біздің «Лениншіл жастың» бөлім меңгерушісіне қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Социалистік Қазақстан» бөлім тізгінін ұстатып төріне шығарып жатса, неге мейірленбеске! Бұл – үлкен құрмет» деген лебізін әрдайым үкілеп жеткізгім келіп тұрады.
Біртіндеп үлкен шығармашылық ұжымның тірлік-тынысына бейімделіп, тәртібіне мойынсұна бастадық. Алаулаған, жарқылдаған жастар ортасынан бөлек екені көзге ұрып-ақ тұр. Жер ортасына тақаған кіл шірендердің арасында мені жақтырмай, қиыс қараушылар да ұшырасқан. Саусақтарының ұшын ғана тигізіп сәлемдесіп, іштерін ашпайды. Мейлі... Ең қуаныштысы, бастықтардың, ұста дүкеніндей қыз-қыз қайнап жататын секретариаттың ниеті түзу. Лезде араласып, шапшаң тіл табысып кеттік. Олай етпесек, шашыраған жіп-шуы көп, ұсақ-түйек көзге шалынбайтын шаруасы жыртылып айырылатын «СҚ»-ның секретариатына байланған қызметкерлердің есебі қисапсыз. Аты-жөндерін көгендеп тізбелемей-ақ, тікелей секретариат төңірегінде жүргендерді цифрлармен сөйлетелік. Жауапты хатшы Мыңбай Ілестің командасында екі орынбасары, үш макет жүргізуші, бір суретші-ретушер, екі фототілші, бір телетайп лентасын оқып реттеуші, терімге жіберілетін қол қойылған материалдарды қадағалайтын стилист-лингвист, екі техникалық редактор, редакция мен типография арасында шапқылап жүретін курьер, тоғыз-он корректор... Осыншама машинистка және бар. Қанша адам – сонша мінез... Бір-біріне қатысты осынау техникалық қызметкерлердің жұмыстарын өзара үйлестірмек газеттің көркемдеу-безендіру бөліміне жүктелген міндет орасан зор.
Жалпы саны жүз жиырмаға жетіп жығылатын үлкен ұжымды шашаусыз уысында ұстаған Сапекең арнайы өткізген өндірістік жиналыста біраз жайдың басын ашық білдірген. Ынтымақтасып, тату-тәтті еңбек еткенде ғана береке-бірліктің мәуелейтінін қадап ескертті. Талап пен тәртіптің арқасында мазмұнына көркі сай, кескін-келбетіне орай мақалалардың полиграфиялық сауатты әрі айшықты макеттелген жақсы газет шығара аламыз. Сонда барып өзгелер сыртымыздан сыбырлап айтатын «сұрғылт, сықиған «СҚ» деген жамаудан құтыламыз-ау шамасы. Газет шығару – жалғыз бастыққа, я болмаса бір ғана жазғыш журналиске тіреліп тұрған жоқ, Коллективтік ортақ игі ізденіс пен тың идеяның жемісі. Ол үшін шығармашылық ұжымды қолынан жазу келетін жаңашыл да қабілетті, дарынды жас кадрлармен ұдайы жаңғырта бермекпіз. Келешекті болжағыш, ой көзі өте қырағы, байсал да мәмілегер редактор Сапар Байжановтың ақылгөй лебізі көп көкейінен шыққан. Айрықша серпін, бөлекше құлшыныс әкелгендей.
Осы мәжілістен соң бейтаныс бастығым жөніндегі көмескі, бұлыңғыр пікірім мен ойларымның түйіндері әбден тарқатылған. Дана бабаларымыз «жылқы кісініскенше, адам сөйлескенше» демекші, Сапекең мінезге бай, алды кең, кемел пішіп, кесек сөйлейтін сиректер сойынан екен. Көкейіндегісін зекімей, үркітпей, қайталап мыжымай, мейлінше сабырмен жеткізуге ұмтылады. Газет «кухнясын» бес саусағындай жетік білетіні ойшыл да епшіл сөзінен ап-анық аңғарылған. Көп редакторға ұқсамайтын оқшау қасиеттерінің бірі – ертеңгі әзірленіп жатқан нөмірдің нобайын, әр беттің кескін-келбетін, ең ақыры макетке орналастырылған фотолар мен штрихтардың көлемін көз алдына дәлме-дәл елестетеді. Түн ортасында беттерді тас-талқан бұзып, қайтадан жасамас үшін күні бұрын макет бекіту үстінде қатаң бақылайды.
Мұның бәрін әдейі тәптіштеп отырмын. Өйткені ол уақытта бар-жоғы төрт беттік газетті бүкіл редакция мен типографияның нөмірге жегілген адамдары жұмыла жүріп, әупірімдеп графикке зорға іліндіреді-ау. Газет-журнал шығару, полиграфия ісіне қазіргідей ғажайып технология жетістіктері мүлдем енбеген. Компьютер мен интернет атымен жоқ. Бүкіл газет шығаруға байланысты операцияларды қас-қағымда орындайтын әрі түрлі-түсті бояумен жарық көріп жататын бүгінгі компьютер дәуірінде де 12, 16, 24, керек десеңіз ресми құжаттар мен жарнамалар берілетін 32, 54 беттік нөмірлерді елестету мүмкін емес. Барлық шаруа қарабайыр қарапайым құрылғылар мен станоктарда орындалады. Кремльге қарап түшкіретін баспагерлердің көздері мен құлақтары Мәскеуге түрулі. Ертеңгі ала көбеден түннің бір уағына дейін қажеттісі бар, керексізі бар ТАСС-тың ресми материалдарын ҚазТАГ толассыз жарыса аударып беріп, газетімізді аузы-мұрнынан тығындап жатады. Алақандай осы төрт бетке редакция журналистерінің назар аударарлық, оқылымды тәуір дүниелерін орналастыра алмай қатты қиналамыз. Бірінші-екінші беттерге ресми материалдар, қаулы-қарарлар, көсемдердің құлаш-құлаш сылдыр сөздері мен кездесулері, үшінші бет «Планета тынысы» айдары аясында әлемнің әр шалғайынан алынған ТАСС таратқан үлкенді-ұсақты хабар-ошармен толтырылады. Үміт сәулесін сығырайтқан соңғы беттің тең жарымын телебағдарлама мен спорт жарыстарының күнделігі қамтиды. Сонда деймін-ау, осындай жағдайда қандай жақсы оқылатын газет, оқырмандар ойынан табылатын мақалалар ұсына алмақсың?! Тәжірбиесі мол, іскер редакторымыз қиын-қыстау қысталаң шақтардан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» аман-есен алып шығудың ұрымтал жолдарын тынымсыз іздеумен болды.
Басқару жүйесі мен тәртіп-талабы қатқыл биліктің үш тармағының органы саналатын «Социалистік Қазақстанның» сірескен сеңін сөгуге тырысты. Апталық, тоқсандық жоспарға алдын ала көрсетілген әр алуан толғақты мәселелерді қозғайтын материалдар, өткір сын мақалалар мен фельетондар, адамгершілік, әлеуметтік-тұрмыстық тәрізді имани дүниелерге айрықша көңіл бөлді. Сонымен қатар айдарлар мен оқшау отаулар ашып, қаламының желі бар журналистерге даңғыл жол ашқан. Серпіліс іздері газет бетінен жиі-жиі көрініп, шығармашылық ұжым да бөлекше түлегенін еске түсірген абзал. Қалың оқырманның биік талғам таразысынан шыққан жоталы айдарлар мен тақырыпшаларды орайлы тұста атасақ. Олар – «СҚ»-ның мәслихат мүйісі», «Ой мен өнер адамы», «Жексенбілік әңгіме», «Бес өлең», «Білесің де күлесің», «Замандас жайлы сыр», «Көкейкесті мәселе», «Жүзі басқа – жүрегі бір, Тілі басқа – тілегі бір», «Ойтолғақ», т.б. Осы тақылеттес үкілеп айтылатын сүбелі мақалаларды, сырлы очерктер мен суреттемелерді, тұщымды әңгімелер мен сезім қылын шертер өлеңдерді, қандауыр фельетондар мен әзіл-оспақтарды штрихтатып, әлеміштеп, қыздың жиған жүгіндей көркемдеп-кестелеп орналастыруға ерекше мән берілді. Жұтынып тұрған әрқилы туындылардың суреттерін газеттің төл суретшісі, майталман портретші Жанұзақ Әбдіқұловтан бастап, түрлі газет-журналдарда істейтін кәнігі қылқалам шеберлерін тарттық. Белсенді авторларға үстеме қаламақы төледік. Ынталандыру арқасында газет-журналдарда тек бірлі-жарым фотоларды тырналап ретушь жасап келген суретшілер қатайыңқырап қалған саусақтарына «тіл» бітіріп, қиялдарын ұштағаны мәлім. Қасаң газеттің бет-бейнесін өзгертіп, ажарын құбылтқан Рүстем Жұмакенов, Ерхасан Көмеков, Николай Лебедев, Александр Шестаков, Борис Ильин, Володия Черданцев секілді нағыз өз мамандықтарын ардақтаған суретшілердің қолтаңбаларын «Егеменнің» сарғайған беттерінен көреміз. Сондай-ақ фотожурналистердің де мәртебесін өсіріп «Бесжылдық және біз» атты тұңғыш республикалық фотоконкрус өткіздік.
Әрине, мерей марқайтар игі істер көп-ақ. Өзімізге жүктелген маңызды міндеттердің үдесінен табылу үшін шүмектетіп тер төгуге тура келді. Жақсы жаңалығымызға балаша қуанып, қуаттап-қолдап, қиялымызға өзгеше қанат байлаған Сапар ағаның редакторлық жұмыс стилі әрдайым дараланып тұрса керек. Ал қағілез журналист, қарымды жазушы, зерделі ғалым ретінде тындырған жұмыстары ұшан-теңіз. Қаламгердің негізгі миссиясы – жазу. Осы тұрғыдан жанар жүгіртсек те, көз алдымызға қатар-қатар тізіле қалары ұлағатты ұстаздың түн ұйқысын төрт бөліп жазған кітаптары. Шүкір, бүгінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің асыл мұраларына айналған төлтума шығармаларының өзі оннан асып жығылады. Аударма жинақтары да бір төбе.
Кәнеки, үлкен жүректің жылуымен дүниеге келген кітаптардың кейбірін айтайықшы. Бозым шағында жарық көрген алғашқы «Жаңа леп» жинағы сырлы сөзбен өрнек салуға ынтық қаламның қуатын байқатқан-ды. Іле-шала «Құрыш зергері», «Сыр мен сымбат», «Ақ маржан», «Сұңқар көңіл самғайды», «Ұлыма хат», «Үш қиян – үш даңғыл», «Бес қиян – бес дәптер» секілді көркемдік деңгейі биік кітаптары жазушының суреткерлік қолтаңбасын анық айшықтайды. Ал «Замандас туралы толғау», «Зейін Шашкиннің прозасы хақында», «Абай және архив», «Қажыға барған қазақтар», «Архив-айғақ», «Өткеннен мұрағат – өркенге ұлағат» тәрізді ғылыми-зерттеулер сипатындағы туындыларының оқырманға берер таным-тағылымы мол. Ой шарасы, көңіл көкжиегі кең де кенен қажырлы қаламгердің «Алакөбеде оят мені», «Нар тәуекел», «Қарқара айбары», «Әке» аталатын роман, повестері де жұрт талғамынан шыққан шырайлы шығармалар.
Жазушының ең елеулі қуанышы мен бақыты – маңдай тердің жемісі саналатын кітабының оқушы назарына ілігуі. Бұл жағынан таразыласақ, мынау бес күндік жалған дүниеде алып жүректі парасатты тұлғаның ізі өшпестей сайрап жатыр. Оған Сапекеңнің зиялы замандастары, өкшесінен ерген ізбасар інілері мен есімін жүректерінде аялаған толқын-толқын шәкірттерінің әр жылдары айтқан лағыл лебіздері. Кейбіріне құлақ түрейікші. Кез келген адам жайында ашыла бермейтін атақты жазушы Қалтай аға Мұхамеджанов қордалы пікірін бір ауыз сөзбен түйіпті: «Сапар – өз қатарынан көп озық, ақыл-ойдың сардары еді ғой». Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай депті: «Сапар Байжанов – қазіргі көрнекті очеркшілердің бірі...
Автор көзге көрінгеннің бәрін жадағай суреттей бермейді. Көргенді көңіл елегінен өткізіп, публицистикалық толғаулармен түйіндейді... Очерктердің тілі тартымды. Кітаптарында еркін теңеулер, ұтымды ойлар, нақыл іспеттес сөздер жиі ұшырасып отырады. Ол әр очеркін әңгіме тәріздендіріп, сюжетке құрады. Әңгімеге тән деталь, штрихтармен әрлейді. Портрет, психология кіргізеді».
Қазақтың көрнекті жазушысы Өтебай Қанахин «Бәрінен бұрын қаламгердің ізденімпаздығы, зерттемпаздығы, аңғарымпаздығы қатты қызықтырады. Жаңаның жақтаушысы, жақсының жаршысы бола білудегі қаламының ұшқырлығы ерекше сүйсіндіреді» деп толғанады. Талай жас журналистерді өз қолынан ұшырған бағбан-ұстаз Әбілфайыз Ыдырысов «Сапар Байжанов – Қазақстан журналистикасының сарбазынан сардарына айналған адам. Бүгінде Сапекең Әзілхан Нұршайықов секілді белгілі очеркшілдермен қатар, үзеңгілес келеді. Сапар Байжанов бұдан кейін ештеңе жазбаса да, қазақ журналистикасы тарихының төрінде қалады» десе, кейінгі буын өкілдері арасынан жарқырап көрінген Жанат Ахмади «Сапар Байжановтың «Алакөбеде оят мені» романы – роман жанрынан бірдеңе білермін деп жүрген менің өз басым үшін көркем әдебиет керуеніне тең-тең жүгімен алқынбай келіп қосылған қабырғалы қара атандай, байырқалы, бағалы орны бар соқталы, сом еңбек» деп кесек ой айтады.
Сонымен қатар Кәмен Оразалин, Шерхан Мұртаза, Зейнолла Қабдолов, Сарбас Ақтаев, Мыңбай Рәш, Болат Бодаубаев, Бақыт Мұстафин, Сауытбек Абдрахманов, Сайраш Әбішқызы, Серікқали Байменше, т.б. қаламгерлер жүрекжарды толғаныстарын, көкейдегі ойларын ағыл-тегіл сыр етіп шертеді. Ал Сапар аға шаңырағының шырақшысы болып отырған аяулы Күләш апайымыз ағытар тебіренісі өз алдына ғажайып бір дастан ғой... Ғасырлық шежірелі тарихы бар, өзіндік сара дәстүр-салты қалыптасқан еліміздің бас басылымын тұп-тура он жыл басқарған газеттің жиырма сегізінші редакторы Сапар Байжановтың (бұған дейінгілердің арасында Қасым Шәріпов «Егеменнің» тізгінін екі рет ұстаған) ғибратты өмір жолы, шығармашылық өнернамасы мен адами асыл қасиеттері жайында емірене- елжірей әңгіме өрбітеді.
Иә, керуен жылдар сыңғыры үлкен жүректің жылуын өзгелерге жеткізгенше асығады-ау.
Жанат Елшібек,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты