• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Парламент 03 Қараша, 2020

Сенат мемлекеттік шекараны қорғауды күшейтуді ұсынады

162 рет
көрсетілді

Сенатта Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болды, онда депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед заң жобасының негізгі міндеті мемлекеттік шекараны қорғаудың қолданыстағы жүйесінің тиімділігі мен ұлттық қауіпсіздік органдарының функционалдық мүмкіндіктерін арттыру екенін айтты.

Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген заң жобасы бойынша сенатор Нұржан Нұрсипатов әріптестерінің атынан баяндама жасады. Ол бір кодекске және жиырма бес заңға түзетулер енгізу ұсынылып отырғанын айтты.

"Шекара қызметінің әскери басқару органдарының құрылымы түбегейлі жаңартылды. Егер бұрын әскери сипаты басым болса, енді оны аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдарымен тығыз кіріктіру көзделіп отыр", - деді сенатор Нұржан Нұрсипатов.

Сенат депутаты Сергей Ершов қосымша баяндама жасады. Оның пікірінше, заң жобасын қабылдау ұлттық қауіпсіздік органдарының басқару қызметін оңтайландыруға, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту мен арнайы техникалық құралдарды пайдалану арқылы мемлекеттік шекараны қорғау және күзету жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Депутаттар заң жобасын бірауыздан қолдап, оны Палатаның қарауына енгізуді ұсынды.

Сенаторлар ҰҚК төрағасының орынбасары Дархан Ділмановпен және индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Камалиевпен шекаралық өткізу пункттерін дамыту мен жаңғырту мәселелерін талқылады.

Сенаторларға жалпы шекарада 51 автомобиль өткізу бекеті бар екені, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасында орналасқан олардың 27-сі қайта жаңартуды талап ететіні айтылды. Бұл бекеттерді 2025 жылға дейін 5 кезеңде жаңғырту ұсынылып отыр.

Сенаторлар салалық мемлекеттік органдардың өкілдеріне қашан көлік кептелісінің азаятыны, транзит әлеуетінің ұлғаятыны және шекарада қолайлы жағдайлар жасалатыны туралы қазақстандықтарды толғандырып отырған сұрақтарды қойды.

Отырыс қорытындысы бойынша Сенат депутаттары шекара заставаларының материалдық-техникалық бөлігін жақсарту жөнінде ұсынымдар топтамасын әзірледі. Осы ұсыныстардың барлығы салалық мемлекеттік органдар мен ұлттық қауіпсіздік органына жіберілетін болады.