Испанияның ұлттық соты Қытай Халық Республикасының экс-төрағасы Цзян Цзэмин мен Қытайдың төрт бірдей ірі саяси қайраткерін тұтқындауға ордер берді. Бұл туралы РБК сайты хабарлады.
Испания ұлттық соты Қытай билігінің Тибет тұрғындарына жасаған зорлық-зомбылығын тексере келіп, нәтижесінде жоғарыда аты аталған Қытай саясаткерлерін кінәлі деп таныған.
Сонымен, Қытай Халық Республикасының экс-төрағасы Цзян Цзэмин, экс-премьер Ли Пэн, ҚХР үкіметі басшысының бұрынғы орынбасары Цяо Ши, Тибет компартиясының бірінші хатшысы Чен Киян мен Қытай отбасын жоспарлау министрі Пэн Пеюньге «іздеу» жарияланды.
Испания ұлттық соты Қытайдың жоғарыда аталып өткен бұрынғы басшыларын Тибетте тұрғындарды аяусыз қырды, лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырды, адамгершілікке жат қылмыс жасады деп айыптады.
Енді кінәлі деп табылған Қытай саясаткерлері Испания аумағына немесе Испаниямен азаматтарды экстрадициялау туралы келісім жасасқан екінші бір елдің территориясына келе қалса тұтқындалады.
Ал осы мәселеге қатысты Қытай жағы Мадридті өздерінің ішкі ісіне араласып отыр деп айыптады. Қытай билігі Испаниядан Цзян Цзэмин, Ли Пэн, Цяо Ши, Чен Киян мен Пэн Пеюньді тұтқындауға байланысты шығарған қаулыларының күшін жоюды талап етуде.
Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Хун Лэй: «Қытайдың Тибетке байланысты саясаты өзгермейді... Біз Испания үкіметінен екі ел арасындағы қарым-қатынасқа селкеу түсіретін мұндай қате шешімді өзгертуді талап етеміз», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: РБК.