• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2013

«Арғымаққа» міндім деп, ақыл-естен адаспа!

1342 рет
көрсетілді

Жамбыл облысында 10 айдың ішінде 1326 жол-көлік оқиғасы болып, 272 жолаушы қаза тапты. Сондай-ақ 2143 адам зардап шекті.

Даңғыл жолдың бойында автокөліктерімен жарыс «ұйым­дастыратын» даңғойлар үшін сабақ болсын деп Асан-Қайғы бабамыздың «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа! Артық үшін айтысып, достарыңмен санаспа! Ғылымым жұрттан асты деп, кеңессіз сөз бастама!» деп келетін термесінің алғашқы жолын сәл-пәл «өңдеп», тақырыпқа шығардық. Оған ұрпағы рен­жі­мес. Өйткені, аштықтан емес, тоқтықтан, яғни «темір тұл­пардың» тізгіні қолыма тиді екен деп тасыраңдап шыға келудің салдарынан айдың-күннің аманында қырылып жатқан жүргізушілер мен жолаушылардың санын сәл де болса азайту үшін халыққа ең алдымен ақыл-ес қажет екенін айтпақ едік. «Сақтансаң – сақтаймын!» деген сөздің мәні де осы емес пе?!.

 

Жамбыл облысында 10 айдың ішінде 1326 жол-көлік оқиғасы болып, 272 жолаушы қаза тапты. Сондай-ақ 2143 адам зардап шекті.

Даңғыл жолдың бойында автокөліктерімен жарыс «ұйым­дастыратын» даңғойлар үшін сабақ болсын деп Асан-Қайғы бабамыздың «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа! Артық үшін айтысып, достарыңмен санаспа! Ғылымым жұрттан асты деп, кеңессіз сөз бастама!» деп келетін термесінің алғашқы жолын сәл-пәл «өңдеп», тақырыпқа шығардық. Оған ұрпағы рен­жі­мес. Өйткені, аштықтан емес, тоқтықтан, яғни «темір тұл­пардың» тізгіні қолыма тиді екен деп тасыраңдап шыға келудің салдарынан айдың-күннің аманында қырылып жатқан жүргізушілер мен жолаушылардың санын сәл де болса азайту үшін халыққа ең алдымен ақыл-ес қажет екенін айтпақ едік. «Сақтансаң – сақтаймын!» деген сөздің мәні де осы емес пе?!.

Қараңыздаршы, өткен он айдың ішінде Жамбыл облысы жолдарының бойында 1326 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 272 адам қаза тапқан. Ал, он екі мүшесі сап-сау адамнан табан астында кемтар, мүгедек жанға айналғандардың саны 2143 адамға жеткен.

Жол-көлік оқиғасының Жам­был өңірінде жиі орын алуының себептері бар ма? Бар болса, ол не? Облыстық ІІД қызметкерлері бұл себептердің бірін Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келетін автотранспорттар легінің күрт көбейіп кетуінен көреді. «Жамбыл жолдары арқылы бір сөткеде 2500 таранспорт құралдары өтеді» дейді олар. Одан кейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойындағы уақытша қолайсыздықтарға (транспорттарды уақытша бір бағыттағы жолмен жүргізуге мәжбүрлеу, қарсы бағыттағы екі жолдың арасында қоршаудың болмауы және, т. б.) сілтеме жасайды. Жол бойындағы өлім-жітімге әкеліп соғатын апаттардың енді бір себебі – жол-бақылау полицейлері штатының аздығы-мыс екен. Бұл «кемшілікті» түзету үшін облыстық ІІД басшылығы жол-бақылау полицейлері штатының санын алдағы уақытта тағы 200 адамға көбейтуді сұрап ІІМ-іне ұсыныс әзірлеп те қойыпты.

Бірақ жол-көлік оқиғасының жиілеп, соның салдарынан адам қазасы көбеюінің себебі, бұл ғана емес екенін де мойындау керек. Облыстық ІІД-нің штат­та бар қазіргі жол-бақылау полицейлерінің күшімен де жол бойындағы апаттардың алдын алуға болады. Мысалы, облыстық ІІД-ні басқарған жылдары генерал М. Жаманбаев жол-бақылау полицейлерінің штат санын 50 адамға көбейткен. Егер жол апатының көлемін жол-бақылау полицейлерінің штатын көбейту арқылы азайтуға болатын болса, онда ол сол кезде-ақ азаяр еді. Бірақ ол азайған жоқ. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, штат өскен сайын қайта жол-көлік оқиғасы мен одан қаза тапқан адамдар саны бұрынғыдан да көбейіп кетті.

Соңғы он-он бес жылдың бедерінде облыс әкімдігі ІІД қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуі үшін бастарына бар игілікті үйіп-төгіп тастамаса да, қолдарынан келетін көмектерін аяп жатқан жоқ. Мысалы, М.Жа­­­­­ман­баевтың тұсында көше қиы­лыстарындағы көлік қоз­ға­лы­сын бақылап отыратын техноло­гияны орнату үшін Тараз қала­сынан ғимарат салып берді. Оны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Облыстық ІІД-не Б. Аймағамбетов бастық болып келгелі бері де жергілікті билік жол-бақылау полицейлерін арнайы жабдықталған жаңа авто­көліктермен, заманауи құралдар­мен толықтырып отыруды жақсы жолға қойды. Ендеше, не жетпейді оларға? «Алмақтың да салмағы бар» емес пе? Ол салмақ, ол қайтарым жол бойындағы апаттарды азайту емес пе? «Оңымыздан да, солымыздан да келетін көлік легі көбейіп кетті» деген мысал ІІД бастығы үшін ақталатын сөз бе? Ел мен Елбасы талабы да сылтау іздегенше, істің көзін табатын жол іздеу емес пе? Жол бойындағы бақылау жұмысына неге жаңалық енгізбеске?

Мысалы, Алматы облысы мен Жамбыл облысы шекарасының арасы 1500 немесе 2000 шақырым емес, ары кетсе 400 шақырымға жуық. Осы аралықты 100 шақырымнан 4 бөлікке бөліп, жол-көлік бақылау полицейлерінен құралған бригаданы неге тұрақты қызметке жекпеске?!. Өйткені, жаға ұстатар жол-көлік апаттары да, негізінен, осы аумақтарда көп орын алады. Тараз қаласынан Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейін (жергілікті тұрғындар «рубеж» деп атайды) көп болса 150-200 шақырым болатын шығар. Бұл аралыққа да жол-бақылау полицейлері бригадасының тұрақты күзетін ұйымдастырып, олардың ауысым уақытын реттесе, жұмыс тәртібі – шеңгел мен бұтаның түбінде бұғып жату емес, жол бойында ары-бері жүру, жол ережесін сақтамаған, жылдамдықты арттырған жүргізу­шілерді заң шеңберінде тәртіпке шақыру екенін талап етсе, көп ұзамай белгілі бір деңгейде нәтиже де біліне бастар еді. Бірақ, өкінішке қарай, ақталудың «әп-әдемі» әдісін меңгеріп алған сала басшысы мұндай экспериментке келгенде бастама көрсетпейді. «Баяғы жартас, сол жартас», Жаманбаевтың кезіндегі жұмыс стилі Аймағамбетовтің кезінде де жаңармаған.

Анда-санда Астанаға, Алма­тыға және Шымкентке бару үшін автокөлікке мінеміз. Сонда жол бойындағы тәртіпті қадағалап жүрген жол-бақылау полицейлерін көрмейсің. Көретінің тек қана басып озып бара жатқан көліктер. Кейбіреулері, тіпті, тақалып өткенде жүрегің тоқтап қала жаздайды. Қарсы келіп, соғып кете жаздап өтетін­дері де бар. Ал «бауырлар-ау, бұл қалай?» деп айтайын десең, айналаңда ебелектен басқа ел жоқ. Іздеген жол-бақылау полицейлерің болса, автокөліктердің жылдамдығын бақылайтын бейнежазба құрал­дарын жол шетіне шошайтып қойып, өздері жартас­тар мен жыралардың, шеңгелдер мен бұталардың түбінде тығылып тұрады. Он, жиырма жыл болды, осы бір сұрқай көрініске еш оңды өзгеріс енгізілмей-ақ қойды. Міне, осындай көпе-көрнеу мысалдардан кейін «көліктер тасқыны көбейіп кетті» деп қалайша ақталуға болады.

Бейжің Олимпиадасы кезінде Қытай еліне жолымыз түсті. Ал бір Бейжің тұрғындарының саны біздің бүкіл ел халқының санынан әлдеқайда көп. Мына тұрған Үрімжінің өзінде 3,5 миллионға жуық тұрғын бар. Міне, осы қалаларда болған кезімізде бір-біріне жол босатпай немесе біздің автобус жүргізушілері сияқты «жарысамыз» деп соқтығысып қалған көлікті көрсек, көзіміз шықсын. Жол-бақылау полицейлері де, жүргізушілер де жарасымды үйлесім тапқан. Жүздерінен бір-біріне деген құрмет байқалады. Сондықтан Жамбыл облыстық ІІД-нің бастығы ІІМ-ге Жамбыл облысындағы жол-бақылау по­лицей­лерінің штат санын көбейту керек деп хат жолдағанша, «барымен базар» дегендей, қазіргі штатымен-ақ көп тірлік тындыруға күш салуы керек деп ойлаймыз. Ал еліміздің ІІМ, өз кезегінде, халқының саны мен көлігі көп Қытай сияқты алып елдердің жол-бақылау полицейлері қызметінен үйренетін үлгі болса намыстанбай үйреніп, тәжірибе алмасып тұрса өте абзал іс болар еді.

Тәжірибе демекші, өткен жылдар мысалын еске алып отырсақ, бұрын облыстық, аудандық мемлекеттік автоинспекторлармен бірге жол бойында «штаттан тыс жол-бақылау инспекторы» да тұрушы еді. Көшеде авто­көлікпен келе жатып жол ере­жесін бұзуға байланысты не­ше түрлі сорақы оқиғаларға куә болған жүргізушілердің, «шіркін-ай, қалтамда «штаттан тыс жол-бақылау инспекторы» деген куәлігім болғанда мыналарды тәртіпке шақырар едім» деп өкін­бейтіні жоқ. Өйткені, қарсы жолға шыға салып, бір-бірімен жары­сып бара жатқан автобус жүр­гі­зушісі сенің «айналайын-ау, мұның қалай» дегеніңе мойын да бұрмайды. «Штаттан тыс жол-бақылау инспекторы» деген куәлік, міне, осындай іш қазандай қайнап тұрған кезде керек-ақ. Қазіргідей кез келген жүргізуші автокөлігіне бейнебақылу тетігін орнатып, жол жүру ережесін сақтамаған жүргізушілерді бейнеге жазып алу мүмкіндігі туған уақытта қолында арнаулы куәлігі мен құқы бар адам жол ережесін бұзушыны табанда тәртіпке шақыра алар еді. Сондықтан бұл да еліміздің ІІМ басшылығы ескеретін ең бір өзекті мәселенің бірі деп білеміз.

«Бәле қайда деме, табан астында». «Қанды басың бері тарт» деп, жол бойында баспалап қарап тұрған мың бәленің бір бәлесі қай тұстан сораң етіп шыға келерін ақыл-естен жұрдай жүргізуші ешқашан ойламайды. Сол ақыл-естен ада жүргізушілердің «аламан жарысында» жүз қаралы жолаушыны «тиеп» алған автобустардың да жөңкіліп бара жатқаны қынжылтады. «Ә» деген адамға «мә» деп, тап беретін жолаушылар да «бәледен машайық қашыпты» дегендей сайтанмен жарысқан жүргізушіге келгенде момақан, үндемейді.

Майлықожаның «Сабыр – ақылдың серігі» деген сөзі бар. Шортанбай жырау да кезінде «Сабыр қылсаң жетерсің – құдайдың болса берері» демеп пе еді?!. Қайда асығасыңдар?!. Жын қуғандай жылдамдықты неге үдетесіңдер?!. «Асыққан сайтанның ісі» екенін шынымен-ақ білмегендерің бе, ағайын?!.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

–––––––––––––

Суретте: Қордай асуы. 2013 жылдың 25 тамызы. 182-шақырым. Түнгі сағат 04:00 шамасы. Соқтығысқан «Ауди-100» маркалы екі автокөлік. Жүргізушілері Қордай және Шу аудандарының тұрғындары. Екі көлік ішінде 3 әйел және 7 ер азамат болған. Жол-көлік апатынан автокөліктердегі адамдардың барлығы оқиға орнында қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар