• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Бизнес 05 Қараша, 2020

Балық өңдеу ісіне басымдық берсек

535 рет
көрсетілді

Ақмола облысында 524 су айдыны бар. Осы көлдерде 271 табиғат пайдаланушы бұйырған балығын аулап, несібесін айы­руда. Қазір 390 адамнан тұратын 140 бригада жұмыс істейді. Олар жылына 600 тоннаға жуық балық өндіреді. Әйтсе де облыста балық өнімдерін өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ.

Базар сөрелерінде балық бар­шылық. Дені – алыс-жақын шет­елдерден әкелінгендер. Қымбат бағалы, тауарлы балықтар. Балық етіне аңсары ауған көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Жер­гілікті жердің балығының бағасы қарапайым халықтың қалтасын қақпас еді. Бірақ балықты аула­ғанымен, өңдеп, іске жаратып отырған ешкім жоқ.

– Базар сөрелерінде самсап тұрған шетелден жеткізілген балықтың барлығы осыдан төрт-бес жыл бұрын ауланған, мұздатылған балық екеніне бәс тіге аламын. Суық сорған, құны кеткен дүние. Мәселе түсінікті болуы үшін былай таратып айтуға болады. Жылқы немесе сиыр етін бір жыл бойы мұздатқышта қатырып қойып көріңізші, қан-сөлі қалмаған еттің татымы қалай болар екен?! Одан жаңа сой­ған тоқтышақтың қуырдағы артық емес пе? Балық та солай. Ешкім жаңа ауланған балығын бізге жө­нелтпейді, – дейді облыстық балық шаруашылығы қауымдас­тығының басшысы Жеткерген Әбдиев.

Бағы жанбаған балық тақы­рыбы туралы кеңейтіп көп айтуға болады. Қазір ақмолалық балықшылардың ауына түсіп тұр­ғаны – абориген, яки жергі­лікті балықтар ғана. Бұл, әрине, тамағын талғап жейтін талғам­паз қауымның көңілінен шыға бер­мейді. Алдағы уақытта балық тұқымын жақсартсақ қалай болар еді? Бұл арада да сойыл­дай мәселелер бар. Ең бас­тысы, осы саланың дамымай жат­қан ғылымына байланысты. Яки мәселені түпкілікті зерттеп, тү­бегейлі сараптап отырған ғылы­ми жұмыс тапшы.

Солтүстік өңірдегі көлдердің көбі таяз болып келеді. Қақаған қыста түбіне дейін қатып қала­тын су айдындары аз емес. Та­биғат пайдаланушылар кейде өздеріне тиесілі көлді қасат қар басып қалғандықтан, таба алмай қалатын кездері де болады.

Онсыз да тайыз көлдің бетін кемінде жарты метр мұз бас­қан­дық­тан, оттегі қоры сар­қылып, ба­лық қырғынға ұшырайды. Бұл ара­да табиғатқа тәуелділіктің бе­лең алып тұрғанын екпін түсіріп ай­туға тиіспіз. Мамандардың ай­туы­на қарағанда, балық екеш балық­қа да керегі – қолайлы климат. Біз­дің өңірде жылу жетісе бер­­мейді. Екіншіден, балық тұ­­қы­­­­мын екшеп, саралап, көл суы­­­ның ерекшелігін байыптап байы­­­тып отыру ғылыми негізде жүр­­гі­зілуі қажеттігі туындағаны қа­шан.

Үшіншіден, ауыл шаруа­шы­­лығының өзге саласы тәрізді субсидия бөлінбейді. Ал бұл дәл қазір өте қажетті. Мына арадағы бір жайға көңіл аударып көріңіз­ші. Табиғатты пайдаланушылар балық шабақтарын сатып алған кезде бір шығынданады. Содан соң мемлекетке тағы да төлем төлейді. Сала серпін алуы үшін шабақтар үшін төленетін төлемақының бір-ақ рет жүзеге асырылғаны жөн болмақ.

– Ертеректе балық шаруашы­лығы шығынды шаруашылық есебінде қарастырылатын. Үнемі дотациямен күн көрді. Қазір субсидия төленбегендіктен, табиғат пайдаланушылардың иығына үлкен жүк түсіп тұр. Балық ша­руашылығы негізі үш тарапқа бөлі­неді. Біріншісі – спорттық әуесқойлық балықшылық. Айта­лық, Нұра, Есіл өзендерінің бо­йында халықтың дем алуы үшін арнайы орындар жасақталып, қармақпен ғана балық ауласа, бір жағы – демалыс, екінші жағы – спорт. Екінші тарап – өндірістік бағыт. Қарапайым халыққа керегі де – осы. Балық өнімдері молайған сайын бәсекелестік туындап, бағасын арзандатуға да әбден болады. Үшінші тарап – ғылыммен сабақтастыра отырып, балық түрлерін көбейтіп, өнім мөлшерін арттыру. Әлбетте, көлді он немесе жиырма жылға алған таби­ғат пайдаланушы келісімшартта көрсетілген барлық заңдылық­ты ескере отырып, жұмыс істесе, ондағы балық өзінің жекеменшігі болып табылады. Бұл арада алға ұмтылған қадамды ілгері бастырмай тұрған дүние – материал­дық-техникалық жағдайдың әлсіз­дігі, субсидияның төленбеуі, ғылым­мен ұштастырылмауы. Көл суының құрамы, балықтың жемі, басқа да жағдайлар ескеріл­мегендіктен, өзге өңірден бағалы балық әкелгенімізбен, ісіңіздің қаншалықты нәтижелі болмағы күмәнді. Ертеректегі Қазақ балық ғылыми-зерттеу институты бұл орайдағы игі бастамаларға тірек болғаны сөзсіз, – дейді Ж.Әбдиев.

Оның айтуынша, бағы ашыл­маған балық шаруашылығы Ауыл шаруашылығы министрлі­гінен алынып, Экология министрлігіне берілген. Өз алдына дербес құры­лым болса, барлық мәселесі түбе­гейлі зерттеліп, айқын, анық бағыт көрсетіліп, іс алға басар ма еді?! Балық шаруашылығының атан түйеге жүк болатын қордаланып қалған мәселесіне байыпты назар аударуға ықпал ететін ұйымның болмауы кері әсерін тигізіп отыр. Мәселен, Арал, Балқаш, Зай­сан тәрізді балығы тайдай тула­ған өңірлер табиғатының тама­ша тартуымен мақтана алады. Асылында, балық та ет тәрізді аса қажетті тағамның бірі. Қазір оны жан-жануарлар әлеміне енгі­зіп қойғаннан кейін парқы құрт-құмырсқа, көбелекпен бірдей болып кеткен. Қоршаған әлем үшін олар да керек шығар, бірақ «бекіренің бел кеспесін жемеген басым, қойдың құйқалы етіне зар болдым» демекші, балықтың жөні бір бөлек.

Әлемде Дания, Чили, Нор­вегия, Канада тәрізді балық экс­портының арқасында экономи­касын түзеп отырған елдер бар­шылық. Біз шетке шығармақ түгілі өз тұтынушыларымызды қам­ти алмай отырмыз. Балық – бәсі­релі байлық. Мәселен, солтүс­тік өңірдегі Қостанай, Солтүс­тік Қазақстан, Ақмола облыстары­ның аумағында ғана 8 мыңнан астам үлкенді-кішіл көл бар. Осы көлдерде бағалы балық өсірсе, ел игілігі еселене түспей ме?! Балық аулау өз алдына, мемлекет тарапынан көмек-қолдау көрсеті­ліп, жолы бар, жетуі жеңіл көл жа­ға­сын­да туризмді өрістетуге де әб­­ден болар еді. Бұл дегеніңіз – жаңа­дан ашылатын қаншама жұмыс орны.

Табиғат пайдаланушылар қарда жүретін 31 бірлік және 144 автокөлікпен жабдықталған. Жыл сайын балық аулау квотасы бөлінеді. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 206,7 тонна балық аулау квотасы бөлінсе, орындалғаны 169 тонна ғана, яғни межеленген жоспар 81,7 пайыз қана орындалған. Екінші жартыжылдыққа 730 тоннаға квота бөлініп отыр. Былай қарағанда, аз дүние емес тәрізді. Әйтсе де, нарықтағы шетелдік балық өнімдерін сәл де болса ысыруға қауқарсыз. Биыл наурыз айында Қорғалжын ауданының Сабынды кентінде «ТАGA Group/ТАГА Групп» серіктестігі шетелдік инвесторларды тарта отырып, жылына 500 тонна ақсерке тұ­қым­ды балық етін өңдейтін ке­шен­нің құрылысын бастады. Ендігі үміт сол ғана. Рас, көлдегі балықтың көлемін көбейту, сапасын жақсарту мақсатында талпыныс жасалуда. Жыл сайын Орман және жануарлар дүниесі комитеті республикалық бюджеттен қара­жат бөлу арқылы су айдындарын балыққа толтыру орайында тендер өткізеді. Есіл өзені учаскесінің аумағында мемлекеттік тапсырысты орындау үшін биыл қыркүйек-қазан айларында бір мың дана сазан шабақтары жіберілді. Облыс орталығының іргесіндегі Қопа көліне дөңмаңдай балығының млн-ға жуық данасы тоғытылды. Осындай қадау-қадау іс жүзеге асып жатыр.

Табиғат пайдаланушылардың арасында да келісімшартты бұза­тындар аз емес. Мәселен, 2018 жылы 4 шарт бұзылып, көл қай­тарылып алынса, 2019 жылы 13 шарт бұзылған. Биылдың өзінде оннан астам осындай оқиға орын алған. Жыл сайын балық аулау ережелерін орындамағаны үшін 300-ден астам әкімшілік хаттама рәсімделеді. Заңсыз ба­лық аулаған құралдары тәр­кі­лене­ді. Әйтсе де, балыққа деген тәбет азаяр емес.

Сөз соңында балық тұқымын, түрін молайтудың жолында кесе-көлденең жатқан жайындай мәселені айта кетелік. 1969 жы­лы Көкшетау қаласындағы балық зауытының еншілес кәсіп­орны ретінде Зеренді көлінің жағасында салынған тұқым­бақ­тың жалпы ауқымы 352 гектар жерді құрай­ды. Тұқым­бақ ал­ғашқы жыл­дары ақсақа тұқымдас балық­тардың 80 млн-ға жуық, тұқы тұқым­дас ба­лық­тардың 20 млн балан­құрттарын шығаруға мүмкіндігі болған. Солай шығарған да. Тұқым­бақ­тың Арқаның жүздеген көлде­рін баланқұртпен қапысыз қамтамасыз етіп, дәуірле­ген кезеңі 1979-1992 жылдарға сәйкес келеді. Елдегі экономи­калық байланыстар үзіліп, балық шаруашылығын дамыту қожы­раған 1994-2002 жыл­дары тұқым­бақтың басына қиын­шылық­тың қара бұлты үйі­ріл­ген. Дәл осы жылдары балан­құрт өндіру күрт азайып, тұ­қым­бақтағы аса қажетті құрыл­ғы­лар талан-тараж­ға түскен. Тұйық­тан шығар жол іздеген кезде 2002 жы­лы «Көк­шетау» ұлттық паркі­нің құзыры­на берілген. 2014 жылдан Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайда­лануды реттеу басқармасының құзырында.

– Мен осы балық тұқымбағын кешегі кеңес заманында он жылдай басқардым. Кейінгі жылдары жеткілікті көңіл бөлінбеді де, жұмысы қожырап кетті. Облыс өңіріндегі көлдерді балыққа толтыру үшін ең алдымен осы тұқым­бақтың жұмысын жолға қою керек. Түсінікті болуы үшін былай айтайын. Мәселен, мал бақтың екен делік, ғылыми талап бойынша айғыр мен бұқаны екі-үш жыл сайын ауыстырып отыру қажет емес пе? Балық та солай. Табиғат пайдаланушылар су айдындарын ұзақ жылдарға алғанымен, балықтың тілін білетін маман тапшы. Көлдегі балыққа өзге көл­дің балығын әкеліп қо­сып, тұқы­мын жаңалауды бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл ара­дағы олқылықтың орнын тол­ты­ратын осы тұқымбақ еді. Енді оны жаңғырту үшін қаншама қа­ражат қажет, – дейді облыстық Балық шаруашылығы қауымдас­тығының басшысы.

Қай көлдің болмасын балығы ауланғаны дұрыс екен. Сонда көл суы тазартылмақ. Ал балық ауланбаса, бірте-бірте өлі көлге айналуы ғажап емес. Тек бір әтте­ген-айы балық тұқымы бағалан­баған­дықтан, өңірдегі су айдындарында шабақ тектес, құнсыз балық қап­тап кетіпті. Ендігісі осы мәселенің ойсыраған олқылығын толтыру.

 

Ақмола облысы