Футболдан Қазақстан чемпионатының 17-тур ойындары аясындағы «Қайрат» пен «Ордабасы» арасында өткен матчта алматылықтар Шымкенттен келген қарсыластарын 3:1 есебімен жеңіп, мерзімінен бұрын ел чемпионатында топ жарды. Бұл – «Қайрат» клубының 2004 жылғы чемпиондықтан кейінгі алғашқы жеңісі. Сондай-ақ ішкі біріншілікте алты жылға созылған «Астананың» жеңісті жолы үзілді.
16-тур ойындарына шолу жасағанымызда «Қайраттың» келесі турда «Ордабасымен» кездесетінін, егер осы ойында алматылықтар жеңіске жететін болса мерзімінен бұрын чемпиондықты тойлайтынын жазған болатынбыз. Мұны сәуегейлік деп көлгірсімей-ақ қояйық. Айтпағымыз, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев та осы матчта чемпиондық анықталып қалар деген үмітпен Алматының Орталық стадионына чемпиондық «алтын табақ» пен футболшыларға берілетін алтын медальді ала барған екен. Сөйтіп болжам дәл келіп, матч соңында «Қайрат» командасын бірден алтын жүлдесімен марапаттады. Естеріңізде болса, Олжас Абраев былтыр да «Астана» алтыншы мәрте бас жүлдені олжалағанда чемпиондық тондоны Қостанайға алып барған-ды.
Орталық стадиондағы өткен кездесуге тоқталар болсақ, матчтың алғашқы жарты сағаты тең дәрежеде өтті. Екі команда гол соғудың жолын қарастырып, біраз шабуыл ұйымдастырды. Бұл кездесуде жеңіс «Қайратқа» қаншалықты маңызды болса, «Ордабасыға» да үш ұпай ауадай қажет еді. Өйткені Шымкенттің командасы биыл да үздік үштіктен көрініп, келесі жылы да Еурокубок бәсекелеріне қатысуға ниетті. Алайда командалық рух, жеңіске деген жігер және футболшылардың жекелей тәжірибесі жағынан «Қайрат» командасы қарсыластарынан бір бас жоғары болды. Нәтижесінде, матчтың есебін ойынның 36-минутында «Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Вагнер Лав ашты. Арада 3 минут өткенде «Ордабасы» футболшылары өз айып алаңында ереже бұзған соң, бас төреші еш ойланбастан «Ордабасы» қақпасына пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын сәтті орындаған Нұралы Әліп командасының екінші голын соғып, ойынның есебін еселей түсті. Қонақтар үзіліске дейін есеп айырмасын қысқартуға қанша тырысқанымен, шабуылдары сәтсіз аяқталып жатты. Командалар үзіліске 2:0 есебімен шықты.
Бірінші таймда екі доп басымдығына ие болған «Қайрат» ойыншылары екінші таймды өте сылбыр бастады. Сөйтіп 77-минутта «Ордабасы» командасының бразилиялық шабуылшысы Жоао Пауло «Қайрат» қақпашысы Стас Покатиловты қапы қалдырып, есеп айырмасын қысқартты. Бұл – Жоао Паулоның чемпионаттағы 11-голы. Осы голының арқасында ол ел біріншілігіндегі сұрмергендер тізімінде көш бастады. Бірақ «Ордабасының» қуанышы ұзаққа созылмады. Алаң иелері бұл голға көп ұзамай-ақ жауап қатты. Ойынның 80-минутында Небойша Косович әріптестеріне асырған допты қайтарамын деп ұмтылған «Ордабасының» ойыншысы Ұлар Жақсыбаев абайсызда өз қақпасына гол соғып алды. Бұл – шымкенттік клубтың осы маусымдағы төртінші автоголы.
«Ордабасы» клубын 3:1 нәтижесімен жеңген «Қайрат» бұл ойыннан кейін чемпионаттағы турнир кестесінде 44 ұпай жинап, мерзімінен бұрын чемпион атанды. Осылайша, «Қайрат» биыл 16 жылдан (2004) кейін бірінші мәрте алтын жүлдеге қол жеткізіп қана қоймай, кейінгі алты жылда алты рет чемпион атанған «Астананы» «тақтан» құлатты. Осылайша, «Қайрат» өз тарихында үшінші мәрте ел чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болды.
Матчтан кейін «Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский чемпиондыққа қалай қол жеткізгені туралы айтып берді. «Әрине, ұзақ күттірген чемпиондық атаққа қол жеткізгенімізге қуаныштымын. Әсіресе, клуб президенті Қайрат Боранбаев үшін. Өйткені ол маған сенім білдіріп, командаға шақырды. Ал мен сол сенімді ақтай алдым деп ойлаймын. Қазақстанға келе сала «Қайратпен» бірге бірден чемпион боламын деген сенім болған жоқ. Бірақ клубтағы алғашқы жұмыс күнінен бастап жігіттерге қалай да чемпион болуымыз керек екенін түсіндіріп, сол мақсатқа жетуіміз үшін барымызды салдық. Міне, екі жылдық жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Біз биылғы чемпиондыққа лайық өнер көрсеттік деп ойлаймын», дейді бас бапкер. Тағы бір айта кетерлігі, Алексей Шпилевский – Қазақстан чемпионатының тарихында алтын жүлдені жеңіп алған ең жас жаттықтырушы. 32 жастағы Беларусь маманы осылайша ішкі чемпионаттың тарихына өзгеріс енгізді.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіде «Қайраттың» чемпиондығына байланысты футбол мамандары мен жанкүйерлерінің пікірі екіге жарылған. Бірінші тарап пандемияға байланысты барлық матч Алматыда өткен соң «Қайрат» өз алаңында ойнап, басымдыққа ие болды. Бір-екі ойынды есепке алмағанда барлық кездесуін жасанды алаңда өткізіп, чемпиондыққа қол жеткізді деп есептейді. Ал екінші тарап ойындардың бәрі бір қалада өтті демесек, барлық командаға бірдей жағдай жасалған деген қарсы уәждерін айтуда. Сондай-ақ «Астананың» биылғы сәтсіздігіне және чемпион атана алмағанына клубтың ішкі жағдайы әсер етті дейді.
Енді ішкі чемпионатта бас жүлдені уысынан шығарып алған «Астана» барлық күш-жігерін қалайда екінші орынды ұстап қалу үшін жұмсайтыны анық. Алайда «Тобыл» мен «Ордабасы» да «ай қарап» тұрмайтыны белгілі. Сондықтан біріншілікте чемпиондық бәйгеге қарағанда, екінші және үшінші орын үшін өтетін талас тартысты болайын деп тұр. Былтыр үшінші орынға табан тіреген Шымкенттің «Ордабасы» клубы «Қайраттан жеңілгеннен кейін 27 ұпаймен төртінші орынға түсіп қалды.
Сондай-ақ осы турда «Қайсардың» қақпасына жауапсыз үш гол соғып, жеңіске жеткен қостанайлықтар 29 ұпаймен турнир кестесінде екінші орынға көтеріліп алды. Кездесудегі голдарды Сенин Себай (53-минут), Жереми Манзорро (58-минут) және Самат Жарынбетов (77-минут) соқты. Газет беттеліп жатқанда «Астана» «Тараз» клубымен кездесіп жатқан болатын. Осы ойынның нәтижесін есепке алмағанда, «Астана» 27 ұпаймен үшінші орында тұр. Бірақ елордалықтар «Тобылға» қарағанда екі ойын кем өткізген.