• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қараша, 2020

Алғаның жақсы болса...

2848 рет
көрсетілді

Кез келген ер азамат өмірде жар таңдауда қателеспегені жөн. Атам қазақ «үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаған. Үйлену дегеніміз – жар таңдау. Сондықтан жақсы жар тапсаңыз, талабыңыз оң болып, тілеуіңіз қабыл болғаны сол. Бабаларымыз: «Алғаның жақсы болса, Бұл дүниенің шырағы» дейтін сөзді тегін айтпаған.

Алғаны жақсының артық­шылығы не, көрері не, ұтары не, ал алғаны жаманның жайы қалай болмақ? Осы мәселеде бұрынғы ақын-жырау, би-шешен аталарымыз мен адамзатқа ортақ ұлы ойшыл тұлғалар не айтты. Соны бір дүркін жаңғыртып көрсек. Қазақта: «Жақсы болсаң жақын көп» деген мақал бар. Бұл жерде әйеліңнің де жақсы болмағын меңзеп тұр. Өзің жақсы, әйелің қырсық-қыңыр біреу болса, аталарымыз: «Жақсы болса алғаның, үйіңнен кісі кетпейді, Жаман болса алғаның, шын досың да шеттейді» деп шегелепті.

Сол тәрізді халқымыздың тағы бір мақалдарында: «Қаты­ның жақсы болса, жұмақ үйiңде, Қатының жаман болса, тозақ үйiңде» немесе «Алғаның жақсы болса, есіктегі басыңды төрге сүй­рейді, жаман болса, төрдегі басыңды көрге сүйрейді» деп, әйел затының ер адам үшін қаншалықты маңызды екенін мақал арқылы түсіндіріп тұрса, атақты қарауыл Қанай шешен: «Астыңдағы атың жүрдек болса, жалғанның пырағы, Алғаның жақсы болса, үй мен қонақтың тұрағы» дейді. Балпық би де: «Алғаның жақсы болса, пейіштен шыққан хормен тең» деген екен.

Бірде Қаз дауысты Қазыбек би ел аралап жүріп, бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоқтығына қарамастан, жас әйел қадірлі қонақтарды жақсылап күтіпті. Үйдегі келінге риза болған би: «Жақсы бір болса алғаның, қо­ғамды болар жан жағың, Жаман бір болса алғаның, үйіңнен кетпес жанжалың» деген екен.

Қытай жұртының үлкен ойшылы Лао Цзының «Зор жетіс­тікке жеткен кез келген еркектің артында аса қуатты да, ақылды әйел тұрады» дегені де тегін емес тәрізді. Бірде ағылшын қай­раткері Унистон Черчилл жұ­байы Клементин Хозьермен қолтықтасып келе жатып, әйе­лінің бала күнгі ғашығымен кез­десіп қалады. Анау қарапайым құрылысшы екен. Черчилл әйе­ліне «мынаған күйеуге шық­қанда, жұмысшының қатыны атанар едің» десе, Хозьер ханым жұлып алғандай: «Мен оған тигенде Англияның премьер-министрі осы болар еді», депті.

Бұл айтылғандардан біз ал­ғаны жақсының талабы, тағ­дыры жақсы болатынын бай­қадық. Яғни жақсы әйелі бардың үйінің оты сөнбейтін, жұмақтай бір мекен болатынын ұғындық. Сондықтан да жар таңдауда жа­ңылыспаңыздар, ағайын!