• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қараша, 2020

Мегаполистер жолымен дамып келеді

137 рет
көрсетілді

Бүгінде еліміздегі ірі қалаларда ең басты мәселенің бірі – көлік кеп­телегі. Міне, бұл мәселе халқы­ның саны миллионнан асқан Шымкент шаһарын да айналып өтпеді. Қаладағы ірі көшелерде таң мен кешкі уақыттарда көлік санының көптігінен Шымкент кептелекке толы қалаға айналып барады.

Кептелекті азайтатын жолайрық қажет

Көлік саны артып, көше қозғалысы күрделене түскен қазіргі кезде шаһардың басқа көшелерін айтпағанда кең Қонаев даңғылының өзінде – кептелек. Осы мәселе бойынша қала әкімдігі ұзақ уақыт зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы қалада ірі жолайрықтарды көбейтетін болып шешті. Бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қаладағы жол құрылысы жұмыстарына қатысты кездесуде айтып өтті. Осылайша шаһардағы кептелекті азайтпақ.

«Қазіргі таңда қала көшелеріне сарап­тама жүргізу нәтижесінде, жолау­шы­­лар­дың қолайлылығы үшін Қонаев даң­­­ғылы мен Рысқұлов көшелерінің қиы­­­лы­сына заманауи жолайрығын салу қа­­жеттігі туындауда. Күнделікті кепте­лектен мезі болған тұрғындардың наразы­лығын байқап отырмыз», дейді Мақсұт Исахов.

Сонымен қатар биыл қаладағы 259 нысанда 416 шақырым жол құрылысын жүр­гізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 160 көшеде 203 шақырым жол жөн­деу жұ­мысы аяқталды. Ендігі жерде 99 көше, 213 шақырым жөндеу жұмыстары қалды.

Қыркүйектің соңына дейін бірнеше жол құрылысы мен жол өткелдерін ретке келтіру, аялдама мен бағдаршам орнату, көшені таңбалау жұмыстары аяқталады. Ал Қонаев көшесінің Түркістан көшесі­нен әрі қарайғы жалғасы да салынып, 1-кезеңі желтоқсан айында толық аяқталады.

Сондай-ақ М.Исахов аялдамалардың орнатылу барысын, веложолақтардың салынуын, велостансалардың орналасуы мен пайдаланылуын, қалаға кіреберіс Шымкент-Ташкент өткеліндегі жөндеу жұмыстарын таныстырды.

Қазір мәселені шешудің бір жолы ретінде қаладағы Рысқұлов көшесі мен Қонаев даңғылының қиылысында жо­лай­рық салу мақсатында құрылыс жұ­мыс­тары басталды. Жоба биыл қазан айында басталып, келесі жылдың жел­тоқсан айын­да аяқталады деп жоспарлануда.

Жобаның бас мердігері – «Bazis Construction» ЖШС, авторлық қадағалау­шы – «Саулет-SKB» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Акмол Тех Надзор» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Қазіргі уақытта нысанда жасыл желек­­терді қайта отырғызу, газ, су құбыр­лары­ның орларын қазу, жалпы саны 105 темір­бетонды қадалар орнын бұрғылау, арматурамен өрілген қаңқалар орнату және бетон құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Темірбетонды қадаларды салудағы мақсат – Қонаев даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйден топыраққа түсетін жүктемелерді ұстау. Жобаға сәйкес Қонаев даңғылы бо­йында ұзындығы 540 метрді құрайтын тоннель салынады. Бұл да болса жаяу жүргіншілердің көшедегі қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығына елеулі жағдай туғызатыны белгілі.

Бұл шаһардағы екінші ірі жолайрық болмақ. Алдыңғысы Темірлан тасжолы бойынан салынған еді.

Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің үлесі көп

Ел Президенті өз Жолдауында ұлт болашағы – жастарға қолдау көрсету керек екенін айтты. Бүгінде жастарға ең басты көмек баспанамен қамту болмақ. Осы түйткіл оң шешілсе, қаншама пәтер жалдап, қиналып жүрген жастардың арманына қанат бітер еді. Бұл мәселе, әсіресе жастар жиі шоғырланған ірі орта­лықтарда қордаланған. Жуырда жастарды толғандырған осы мәселе бойынша Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасы ақжолтай жаңалықпен бөлісті.

Ендігіде «Жастар» тұрғын үй бағыты­мен баспана алуға құжат қабылдау жел­тоқсан айында басталмақ. Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шым­кент қалалық Тұрғын үй басқар­масы­ның басшысы Ғалымжан Төлепов мәлімдеді.

«Биылғы Жолдаудың 4-тармағы бас­пана мәселесіне тікелей байланысты. Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекте тұрған адам­дардың баспана мәселесін тезірек шешу керек екенін баса айтты. Осы мақсатта тиісті жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұр­ғын үй» бағыты. Бұл бағыт бойынша жыл соңына дейін 300 пәтер беріледі. Ал өтініштер «Шымкент-Баспана» авто­мат­тандырылған жүйесі арқылы желтоқсан айында қабылданады», деді Ғ.Төлепов.

Оның айтуынша, бүгінде қалалық баспана кезегіне жалпы 40 148 адам тір­келген. Оның ішінде 13 332-сі әлеу­мет­тік жағынан әлсіз топ саналады, ал жетім және ата-анасының қамқор­лығын­сыз қалған балалар 1642-ні құраған. Осы рет­те әлеуметтік жағы­нан әлсіз топ сана­тын­­дағыларға берілетін тұрғын үйдің 20 па­­йызы жетім және ата-анасының қам­­қор­­лығынсыз қалған балаларға тие­сілі. Яғни биыл 48 арендалық пәтер­дің кіл­ті жетім және ата-анасының қамқор­лы­ғын­­сыз қалған балаларға тапсырылды. Жал­­пы, 2020 жылы «Нұрлы жер» мемле­кет­­тік бағдарламасы аясында сатып алу құқы­ғынсыз 1 596 арендалық баспана берілді.

Тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар бойынша 118 678 өңдеу жүргізіліп, иелігінде тұрғын үй тіркелген, басқа елді мекенге қоныс аударған, санатын жоғалтқан және қайтыс болу себеп­терімен 4 456 азамат тұрғын үй алу тізімінен шығарылған. Бұл тексеру жұмыс­тары тұрақты түрде жалғасады.

Азаматтар өз кезегі туралы мәліметті «E-gov» электронды порталы немесе басқарманың 8 700 674 20 52 WhatsApp нөмірі арқылы біле алады.

Бұған қоса шаһардағы баспанаға шын мұқтаж 101 азаматқа тұрғын үй сертификаты берілді. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25», «2-10-20» және «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» тұрғын үй бағыттарын автоматтандыру мақсатында «Шымкент-Баспана» ақпараттық жүйесінің жұмысы қалыптасты.

Сондай-ақ басқарма басшысы кредит­тік тұрғын үй бағыттарының орындалу барысымен таныстырды. Оның айтуынша, «2-10-20» тұрғын үй бағыты бойынша 224 отбасы әлеуметтік несиелендіру шартымен тұрғын үйге қол жеткізді. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 114, толық емес отбасылар – 60, мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасы – 50. Сонымен қатар «2-10-20» – «Бақытты отбасы» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша бастапқы жарнасының бір бөлігіне әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде жергілікті бюджет есебінен бөлінген 100 млн теңгеге 101 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді.

1 қазандағы жағдайға сәйкес, «7-20-25» тұр­ғын үй бағыты бойынша 885 аза­мат жаңа пәтердің кілтін алған. Жыл соңына дейін «7-20-25», «2-10-20» бағыт­тары бо­йынша 4 несиелік үй, «5-20-25» бағы­ты бойынша «Қазақстанныңтұрғынүйқұ­ры­лысжинақбанкі» АҚ арқылы ЖАО-да кезекте тұрғандарға 16 несиелік үй, «Қазақстанныңтұрғынүйқұрылысжинақ­банкі» АҚ бағыты бойынша банк салымшыларына (ЖАО-да кезекте тұр­ған­дарға – 50 пайыз, салымшыларға – 50 пайыз) 6 кредиттік үй пайдалануға беріледі. Қуантарлығы, Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 9 ай­да 20 тұрғын үй пайдалануға берілген.

Шымкент – құрылысы қайнаған алып шаһар. Үшінші мегаполисте биыл 9 айда құрылыс саласында бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл жылы 154 нысан­ның құрылысы жоспарланған. Салада негізінен көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына басымдық берілуде. Атап айтқанда, «Нұр­лы жер» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде бюджет есебінен 92 үйдің құ­ры­лысы іске асырылуда. 9 айда 20 үй пай­­далануға тапсырылды. Оның ішінде Әкім­­шілік-іскерлік орталығында 528 пәтер­лік 8 тұрғын үй, «Шымкент сити» ша­ғын ауданында 888 пәтерлі 12 тұрғын үй бар. Қазан айында «Шымкент сити» ша­ғын ауданындағы 160 пәтерлі 4 үй, жел­тоқ­санда «Тұран» шағын ауданында 1708 пәтерлі 27 тұрғын үй пайдалануға бері­леді. Жыл аяғында жалпы 3 284 отбасы өз бас­панасын сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Биыл қосымша 5 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, 280 пәтер тапсыры­лады. Бұдан бөлек, қарашада нарық­тан 696 пәтер сатып алынады. Нәтижесінде, жалпы 976 арендалық пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Оның ішінде 378-і – көпбалалы отба­сыларға, 298-і – әлеуметтік осал топтарға, 300-і жұмыс істейтін жастарға беріледі.

Құрылыс басқармасының айтуынша, 9 айда 357, 2 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 118 пайызды құрады. Жыл соңына дейін 254,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бері­леді. 201 көпқабатты тұрғын үйді инже­нерлік инфрақұрылыммен қамта­масыз ету мақсатында 34 нысанның құрылысы жүргізілуде. 1 нысанның құрылысы аяқталып, 39 тұрғын үй және 1 мектеп қажетті инфрақұрылыммен қамтылған.

 

Медицина құралдарын өндіруді қолға алды

Індет асқынып тұрған жаз басында Шымкент қаласының медициналық мекемелері біраз сынақпен бетпе-бет келді. Әсіресе жасанды тыныс алдыру аппаратының жетіспеушілігі байқалды.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін шаһардағы «Қазмедприбор» мекемесі науқастарға арналған бірегей құрылғы жасап шығара бастады. Шаһардағы медициналық ұжымдарға алдағы уақытта 100-ден аса жасанды тыныстандыру құралы жеткізілмек. Пандемия кезінде науқастардың өмірін сақтауға ең қажетті құрылғы жасап шығаратын кәсіпорынның жұмысымен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов танысты. Covid-19 ін­детінің ықтимал жаңа толқынына дайын­дық барысын, жаңа аппараттардың өндіріс қуатын пысықтады.

«Қазмедприбор» мекемесінде жасанды тыныстандыру аппаратын құрастыру мә­се­лесі коронавирус індеті өршіп тұрған жаз­­да көтерілген. Сол уақытта қалалық әкім­­дік пен компания жетекшілері вирус жұқ­тырып, соның салдарынан өкпесі қ­а­бын­­ған науқастарды емдеуге аса қажет жа­сан­ды тыныстандыру аппараттарын өзі­­мізде шығару мәселесін талқылаған бо­ла­тын. Сол келісім нәтижесін беріп, ком­­­панияда арнайы аппараттарды құрас­ты­ра­тын желі ашылды. Мұнда 30-ға жуық ма­ман жұмыс істейді. Желінің өндіріс қуа­ты тәулігіне 20-25 аппарат шығаруға жетеді.

«Өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарын құрастыратын мамандарымыз арнайы дайындықтан өткен. Бұл аппарат жабдығының 60 пайызы Қазақстанда жасалған, қалған бөлшектері АҚШ, Қытай және Германиядан жеткізіледі. Өзімізде шығарылған соң, бағасы басқа баламаларынан 20 пайызға төмен. Алдағы уақытта Шымкент қаласына ғана емес, еліміздің басқа да қалаларына жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, Алматы, Қарағанды, Атырау қалаларының әкімдіктерімен келісімшарт жасадық. Жалпы, осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық өңіріне біздің компанияның 50 млрд-тан аса медициналық құрал-жабдығы жеткізілген», дейді «Қазмедприбор» ЖШС директоры Қаныбек Қанатбекұлы.

Шымкенттік өндіруші жыл соңына дейін еліміз бойынша 500 жасанды тыныс­тандыру аппаратын жеткізуді жос­парлап отыр. Дегенмен негізгі тұтынушы Шымкент қаласы болмақ. Қалалық ден­сау­­лық сақтау басқармасының жетек­ші­лерінің айтуынша, үшінші мегаполисте құрастырылған алғашқы жасанды тыныстандыру аппаратын №1 ауруханада сынақтан өткізіпті.

«Коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайындық барысында Шымкенттегі медициналық мекемелердің құрылғыларға деген сұранысының негізін осы жергілікті өндіруші қамтамасыз етіп отыр. Осы айдың соңына дейін 126 жасанды тыныстандыру аппараты денсаулық сақтау басқармасына тапсырылады. Одан бөлек бізге қажет «Бобров» аппараты, реанимациялық кереуеттер мен жабдықтар да осында шығарылады. Ең бастысы – отандық өнімдердің тиісті лицензиясы бар», дейді шаһардың бас дәрігері Бақытжан Позилов.

Кәсіпорын жұмысымен танысқан қала әкімі М.Әйтенов науқастарды емдеуде отандық медицина өнімдерін де пай­далануға шақырды. Сондай-ақ қажетті провизорлық төсектік орын осы эпи­демиялық ахуалға байланысты әзірленетінін жеткізді.

«Осыдан 3-4 ай бұрын, жаздағы жағ­дайға байланысты «Қазмедприбор» меке­месінің басшылығымен кездесуде жасанды аппарат шығарамыз деп еді. Міне, сол күнге жетіп отырмыз. Осы аптаның соңына дейін қаладағы медициналық меке­мелерге 88 аппарат жеткізіледі. Бұ­ған қоса 200-дей мониторға, басқа да қажет өнімдерге тапсырыс бердік. Шым­кент қаласының денсаулық сақтау саласын дамытып, арнайы медициналық құрал-жабдықтар сатып алу үшін биыл жер­гілікті бюджеттен 6,6 млрд теңге бөлін­ді. Бұл – 2019 жылғы қаржымен салыс­тырғанда 6 есе көп. Осылайша Мем­лекет басшысының тұрғындарға сапа­лы медициналық қызмет көрсету жөнін­дегі тапсырмасын орындап жатыр­мыз. Жаздағы індет кезінде қалада прови­зорлық орындарда барлығы 3 810 төсектік орынға жеткізіп едік. Ал қазір 5 мыңнан аса төсектік орынға дайынбыз. Материалдық тұрғыдан дайындалып, қосымша 3 компьютерлік томография аппаратын алдырдық, бүгінде олардың саны 17-ге жетті. Біздің есеп бойынша күніне 1500-2000 адам КТ-дан тексеруден өте алады. Бұған қоса оттегі нүктелерін қарастырып, жансақтау бөлімдерін дайындадық. Қазіргі таңда Шымкент бойынша коронавирус індетімен күреске арналған 1 060 төсектік  орын бар. Жаман айтпай, жақсы жоқ, жағдай ушыға түссе, бес сағаттың ішінде 4 мың орынға, ал тәуліктің ішінде 5 мың орынға жеткізе аламыз. Сонымен қатар №2 ауруханада күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде, ол жерде індетке шалдыққандарды емдеу үшін қосымша 500 орын қаралады», деді М.Әйтенов.

Қала әкімі шаһардағы эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру үшін жүйелі жұмыс істеліп жатқанын, инфекция ошақ­тары және вирус жұқтырған науқас­тармен байланыста болған адамдар амбула­тор­лық бақылауға алынғанын, ол үшін жергілікті емханаларда 200-ден аса мобильді бригада жасақталғанын айтты.

 

Көгалдандыруға баса көңіл бөлінеді

Ірі қалалар үшін бірінші кезекте экология мәселесі, оның ішінде таза ауа өте маңызды. Жағдайды қалыпта ұстап тұру үшін қаланың өсімдік жамылғысын күтіп-баптап, жасыл белдеуін кеңейте түсу қажет-ақ.

Бүгінде осы бағытта Шымкент қаласы­ның табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бірқатар жұмыс атқарған. Соның бірі «Жасыл белдеу» мекемесінің мамандары биыл 250 гектар аумаққа орман патологиялық тексерулерін жүргізді. Сондай-ақ орман өртінің алдын алу мақсатында мың гектарға жуық жер учаскесінің 30 шақырымына минералды жолақ салған.

70 гектар жер жыртылып, 60 гектар аумақтағы ағаштар кесіліп, кесілген шырпылар сыртқа шығарылған. 20 гектар аумаққа суғару арықтары жасалған және 25 гектарға егілген көшеттер арасы қопсытылған. Ал 25 гектар жерде арам шөптер шабылған. Бүгінде 396 гектар жер учаскесі толығымен жыртылып, ағаш егуге дайындалыпты.

Сонымен қатар «Бадам орман және жануар­лар дүниесін қорғау жөніндегі» ММ-не қарасты орман тұқымбағында егіл­ген ағаш-көшеттерді күтіп-баптау жұ­мыс­тары жүр­гізілген. 9 ай көлемінде жалпы 2 гектар жерге суғару, арам шөп­терден тазарту жә­не минералды тыңайт­қыш енгізілген. Одан өзге, басқарма маман­дарының мәлі­­метінше, 11 гектарды алып жатқан Шым­­сая шатқалында да егіл­ген ағаш-кө­шет­терге күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде.

 

Шымкент