• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 06 Қараша, 2020

Спортты серік еткендер көбейді

396 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында 2020 жылдың соңына қарай спортпен тұрақты айна­лысушылардың саны облыс тұр­ғын­дарының 32 пайызына жетеді. Өңір­де бұқаралық спортты жоспарлы дамы­ту, денешынықтыру кешендерінің қол­же­тімді болуы осындай оң нәтижеге жет­кі­зеді.

Батыс Қазақстан облысының дене шы­нықтыру және спорт бас­қар­масының бас­шысы Қаймен Есен­дияровтың айтуын­­ша, спорт сала­сын­­дағы қордаланған мәселелерді шешу үшін өңірде біршама жұ­мыс атқа­рыл­ған. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­да­уын­да жас ұрпақ тәрбиесіне, бұқа­ра­лық спорт пен дене шынықтыру, әсіресе бала­лар спортына ерек­ше көңіл бөлу қа­жет­тігін айтқанын еске салды.

Қазір спорт саласындағы өзекті мә­се­­­ленің бірі – аудандарда спорт ин­фра­­құрылымын дамыту. Ауылдық жерге спорт мамандарын, әдіскерлер мен жас жаттықтырушыларды тарту да қиын. Шынында да ауылдарда спорт залдары тапшы, спортпен айна­лысу үшін қажетті жағдай жоқ екені, спорттық құрал-жабдықтың жет­кі­ліксіздігі рас. Осы олқылықты жою үшін 2020-2021 жылдар ішінде «Қара­шығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының инвестициясы есебі­нен облыстың 7 ауданында 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделген еді. Қазірдің өзінде бұл кешен­дердің біразы пайдалануға берілді. Биылғы 22 мамырда Жаңақала ауылын­да 160 көрермендік орны бар дене шы­нықтыру-сауықтыру кешені тапсы­рылды. Орал қаласында да спорт инфра­құрылымын дамыту мәселесі оң шешіліп жатыр. Биыл мемлекет есебінен қала бойынша 6 спорттық алаң салынып, іске қосылды. Жалпы облыс бойынша 32 спорттық алаң салынған.

Бір қуанарлығы, облыста жеке кә­сіпкерлердің спорттық нысандар сал­уы көбейді. Мысалы, биыл қыр­күйек айында кәсіпкер Алпамыс Қамалов Орал қаласының «Құс фабрикасы» аумағында жаңа спорт залын ашты. Кәсіпкер Төлеген Дос­бо­латов 10-шағынауданда жаңа спорт ғимаратын іске қосты. Грек-рим күресінен балалар тәрбиелейтін бұл спорт клубына Қазақстан Рес­пуб­ликасына еңбегі сінген жаттық­тырушы М.Жұмашевтің есімі берілді. Батыс Қазақстан облысының үстел теннисі федерациясының прези­ден­ті, «Медициналық орталық» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Рафхат Истаев «Омега» шағынауданында спорт залын салды. Кәсіпкер Данияр Ғаб­дуллин де көлемі 3 мың шаршы метр құрайтын Omega Sports заманауи спорт кешенін салып жатыр. Жеке кәсіпкер Қ.Рахметованың Атоян стадионы жанынан салған екі қабатты спорт­тық нысаны да биыл аяқталды. Қазір мұнда «Мүмкіндігі шектеулі адам­дар­ға арналған спорт клубы» мүшелері жат­ты­ғып жүр. Спорттық ғимаратта жеңіл атлетика, қол күресі, дзюдо, грек-рим күре­сі, еркін күрес, пауэрлифтинг, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Бұған дейін олар азып-тозған, жылыту жүйесі істен шық­қан «Зенит» зауытының залында жүрген еді.

– 2019 жылы Батыс Қазақстан облы­сын­­да 181 мыңға жуық адамның қа­ты­суы­мен 3 993 іс-шара өтті. Биыл, әрине карантин өз әсерін тигізді. Дегенмен 8 ай ішінде 50 289 адамның қатысуымен 984 іс-шара өткіздік. Соның 726-сы ауылдық жерде өтіп, оған 21 581 адам қатысқан. Бұған қоса 307 шара онлайн режімде қа­шықтан ұйымдастырылған, – дейді Қ.Есендияров.

Басқарманың есебі бойынша 2019 жылы өңірде дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылда­ну­шы­лардың жалпы саны 204 968 (31%) адам болса, 2020 жылдың соңына дейін олардың санын 32%-ға жеткізу көзделген.

Батыс Қазақстан облысында күні бү­гін балалар мен жасөспірімдердің 23 спорт мектебі бар. Мұнда 12 674 жасөс­пі­рім 49 спорт түрімен шұғылданады.

2019 жылы Жапонияның Номи қала­сында өткен спорттық жүрістен Азия чемпионатында оралдық Георгий Шей­ко күміс жүлдені иеленіп, қазақ­стан­дық спортшылар арасынан бірінші болып Токио қаласында өтетін ХХХІІ жазғы Олимпия ойындарына жол­дама ұтып алды. Су добынан Қазақс­тан Рес­публикасы Ұлттық құрама коман­да­сының қақпашысы, оралдық Павел Липилин де – жолдама иегері.

Өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылған игі істің бірі – Жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі жаңа қонысқа көшті. Бұл спорт ұйы­мын­да күрестің сан түрі бар. Мұнда самбо күре­сінен әлем чемпион­да­ры Ерболат Байбатыров, Нұрбол Серіков, Темірлан Ихсан­ғалиев, жас­тар арасында Ерасыл Бақыт, грек-рим күресінен жастар ара­сын­­да Артур Үмбетқалиев және басқа­лары тәрбиеленген. Жақында осы мекеме бұрынғы «Арман» спорт кеше­ні­не көшіріліп, жас спортшылардың толық­қан­­ды жаттығуына жағдай жасалды.

– Келер жылы спорт саласын цифр­лан­­дыру мақсатында «Метеор» элек­трон­ды спорт бағдарламасын енгізу қа­растырылып жатыр. Бағдар­ла­­мада спорт нысандарының, жаттық­тыру­шы­лардың, федерациялардың, төре­ші­лер­дің, балалар контингентінің, барлық іссапар туралы ақпараттың бірыңғай есебі жүргізіледі, – дейді Қ.Есендияров.