• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Қараша, 2020

Әнде де тағдыр бар...

954 рет
көрсетілді

«Құлақтан кіріп, бойды алар» дейді ұлы Абай ән жайлы. Санаңда сілкініс тудырып, жан дүниеңді әлемтапырық күйге бөлейтін өнердің осы бір ерекше түрінің бар құдіреті тек әуенінде ғана ма? Музыканы жүрекке мың есе әсерлі етіп жеткізуде орындау шеберлігінің де алар орны орасан. Көңіл көзінен өткізіп, жүрек пернесі дөп табылып айтылған ән тыңдаушысының да санасында ұзақ уақыт сақталары сөзсіз. Осы орайда: «Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушым сен болсайшы, Абай!» дейтін ән дүлдүлі Біржан сал тілегінің астары да осы ойымызбен тоқайласса керек.

Иә, ән дегеніміз – сығым­далған дра­ма­тургия. Музыка зерттеушісі Ілия Жа­қанов әнге осындай анықтама береді. Демек, әннің тағдырын зерделеп, жүрек көзінен өткізіп, сезініп айту – орындау­шыдан да салиқалы зерттеу мен салмақты сараптаманы қажет етеді екен. Жүректен шыққан әннің жүрекке жетуі деп жататынымыз да орындаудың осы талабы орындалғанда ғана жүзеге асса керек.

Мәселен, әйгілі «Транс­сібір экспресі» фильміндегі сай-сүйегіңізді сырқыратып, жаныңызды әлемтапырақ күйге түсіретін:

Өмірге ерте туып асыға өскен,

Дүниеге адам қонақ түней көшкен.

Ер туып, ел қорғаған ата-баба,

Бұл күнде ізі жатыр, тозаңы өшкен...

– деп, ен даланы шарлап, дарқан дүниені дүбірлетіп өткен бабалар үнін құлағы­мызға әкелетін Шәкен Айма­новтың орындауындағы «Жиыр­ма бес» аталатын кең тынысты осы бір кере­мет ән есіңізде болар. Да­уыс мүмкіндігі әлемді мойын­датқан күміс көмей әнші, кәсіби музыка маманы емес, қарапайым актер орындаған бұл ән қай-қайсымыздың да жанымызға сондай жақын. Әуен астарынан ұлы даланың үнін естігендей рахаттанасыз, жүрегіңіз шымырлап, сөзбен айтып жеткізгісіз күйді бастан кешесіз. Себебі әнде тағдыр бар, әр сөзінде тапжылтпай тыңдатар сезім бар...

Бұл мысалды бекер кел­тіріп отырған жоқпыз. Жү­ректен шыққан әнді жүрек­терге жеткізу үшін тек алапат дауысқа иелік ету жет­кіліксіз, музыка табиғаты кемел білім мен биік пара­саттың иесі болуды да қажет етеді. Себебі әннің де өз тағ­­дыры, өз мінезі, өз бітімі болады. Соны діттеген дең­гейіне жеткізіп орындамау – ұлы өнерге жасалған қиянаттың үлкені. Мәселен, Ақан серінің жаһанға мәшһүр «Балқадиша» әнін алып қарайық. Балқадиша әнінің шығу тарихына келгенде көптеген беймағлұм жайттарды анықтап, зерттеу жазылғанға дейін халық теріс түсініп келген дүниелерді дәйектеп, Ақан сері әніне қосар Балқадишаның өмірде болған адам екенін, фотосуретіне дейін баспасөз бетіне жариялап, көзайым еткен музыка зерттеушісі Ілия Жақанов ән кейіпкерінің Ақан серінің ешқандай да ғашығы болмағанын, серінің әні тек бойжеткен Балқадишаның сұлулығына, өнеріне сүйсінгендіктен туған туынды екенін дәлелдеп берді. Сонымен қатар ән мәтінінің кеңестік дәуірге лайықталып бұрмаланғанын да анық айтты. Өлең жолдарындағы түпнұсқалық нұсқасы кейінірек саясат салқынының әсерінен «Дегенде Балқадиша, Балқадиша, кү­йеуі сексен бесте шал Қадиша» болып өзгертілгенін де ақиқат биігінен зер­де­­леді. Балқадишаның сүйген жары Сү­­­леймен деген нар тұлғалы, елдің ха­­­лық құрметтеген ардақты азаматы бол­­­­ған­дығын, оның «Балқадиша» әнін өте жақсы көргенін, Балқадишаға ар­нал­­ған әнге сүйсінгеннен, әншілерге, Бал­қа­дишаның өзіне үнемі айтқызып, Ақан серінің талантына бас иіп өткен адам екенін жақсы бейнелеп көрсеткен деректері-ақ, біздің бүгінгі әншілердің «өрім­дей қыздың сексендегі шалға ұза­тылды» деп зарлануының бекер екендігін қолмен ұстатқандай етіп дәлелдеп берген жоқ па?!

Кейде, керісінше, Біржан, Ақан, Мұхит, Жаяу Мұса сынды тағдырлары күрделі тұлғалардың жүрек қылын, ішкі жан дүние иірімдерін беретін әнді тым көтеріңкі, жеңіл-желпі орындайтын әншіні тыңдап, жан жүрегіңіз қарс айырлатын тұстар да аз кездеспейді. Бұдан не түйеміз? Ән, әсіресе дәстүрлі ән өзін орындамас бұрын, кез келген әншіге туынды тарихынан мол мағлұмат беретін деректік жайттарға қанығып, тереңнен ізденуді жүктейді. Тағдырын біліп сал­ған ән тыңдарманын да толғантпай жібермейді. Яғни, бір сөзбен айтқанда, біз әдебиеттен жаттап өскен драматур­гия заңдылығы ән табиғатында да алды­ңыздан кесе көлденең шығады. Әдеби теория драматургияны әдебиеттің бір саласы деп негіздесе, демек, әнді де сол драмалық шығарманың сығымдалған нұсқасы деп қарауымыз керек. Әнде де драмадағы секілді оқиғаның басы, шарықтау шегі, аяғы болады. Сол заң­ды­лықтарға бағынғаны шынайы шығады. Дауыс менікі екен деп, қажетті-қажетсіз тұсында құр айқайға баса беретін өнер­пазды әсте әнші дей аламыз ба? Тегінде, құр айқай құлаққа ән де бола алмаса керек. Осы орайда әйгілі әнші Жүсіпбек Елебековтің: «Әнді үйреніп айту әншілік емес, әнді зерделеп айту – әншілік» – дейтін сөзі еріксіз ойға оралады. Кез кел­ген әнші орындамақ әнін шағын қойы­лымға айналдыра алуы керек. Сонда ғана ән табиғаты толыққанды ашылып, тағдыры таразыланып, сол заманның ахуалы тыңдарманының көз алдында көлбеңдейді.

...Бірде Жүсіпбек Елебеков туған жері қасиетті Қарқаралы өңіріне демалысқа келеді. Жанында жерлесі әрі аға досы, сыншысы Қалибек Қуанышбаев бар. Жол бойы талай әңгіменің тиегі ағытылып, не­бір сырлар шертіледі. Әуелеп ән де шыр­қалады. Кезек Мәдидің атақты «Қар­қа­ра­лысына» келгенде, Қаллеки әнді үзіп жібереді:

– Жүсіпбек, біздің айтып келе жатқа­нымыз Мәдидің зары, мұңы, еліне деген елжіреген жүрегінің сағынышы ғой. Ал сол Мәдидің қайраты, кегі қай­да? Мәди бұлай мұңая бермес болар. Оның мұңынан қайраты басым жан. Ендеше бұл әннің аяғы әлі бітпеген. Сол жігерлі қайрат пен кек араласқан қа­жырлы ән­нің жалғасын сен тап! – деп қол­қа салыпты. Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі Хабиба Елебекованың есте­лігінде баяндалғандай, осы кезде Жүсіпбек әнші бір сәт Қаллекиден көз алмай қа­рап қалады. Бір сәт Мәдидің орнына өзін қойып, ән аяғын іздеп шарқ ұрады, қай­талап айта береді. Әннің төрт шумағын айтып бітіреді де, енді аяққы қайырмасына келгенде ызалана кектенген күшті де қай­ратты дауысты қосады. Дауыс ең жоғары сатысына жетіп, қайта төмендей бастайды. Бірақ жасық, қамыққан үн емес, сол жігерлі, сол қажырлы қалпында мұқал­май келе жатады. Төмендеп келген ән ды­бысы «Оу, Арқадағы» деп барып тыныс ала­ды. Сонда көзі бақырайып, әншіге үнсіз таңдана қарап қалған Қаллеки: «Көп­тен іздеген, таба алмай жүргенімді тап­­тым. Айналайын Жүсекем, мұны енді ұмыта көрме, тағы қайтала. Сенің мы­на тапқан қайырмаң Мәдидің ғана өш­пенділік кегі емес, сол заманның тар жол, тайғақ кешуінде қыспақта келген, үнін шығартпай, тірідей көмгісі келетін бас кесер, дүлей қара күштеріне кек шы­ғар. Сол ыза, сол кек бүгінгі ұрпаққа да жалғасып, Мәди көрген зорлықты еш уақытта қайталатпасқа үндейтіндей. Кек­пен суарған алмас қылыштай жігерлі күш бар бұл қосқан әннің аяғында, – деп риза болған екен.

Қаллеки сынды әділ сыншы, бап­кері бар Жүсіпбек Елебековтей әнші­лер­дің әнді жеткізудегі осындай ерекше ықтияттығы, ой тереңін ұғына алып, ән драматургиясы мен тағдырына үл­кен ізденіс тұрғысынан келетін таным терең­дігі болса керек. Алтын қордан ара-тұра беріліп қалар осы орындаудағы әннің қай-қайсы да тыңдаушысын бейжай қалдырмайтындығы, Біржан, Ақан, Мұхит, Мәдилердің серілік құрған заманын көз алдымызға айна-қатесіз әкелетіндігі, сол дәуірді әнмен бірге сіз де кешіп жүргендей ерекше суреткерлік әсерге бөлейтіндігі. Демек, ән иірімі әншіге сұңғыла сезімталдықтан бөлек, актерлік шеберлік пен үлкен білім иесі болуды да талап етеді. Әйтпесе, нотаны әркім-ақ орындайды. Ал жан жүрекпен, ән тағдырын сезініп, көңіл көзінен өткізіп айту, орындау барысында әннің өзіне айнала алу тек әншінің әншісінің ғана қолынан келсе керек.