• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әдебиет 06 Қараша, 2020

Өртенген өмір парақтары

454 рет
көрсетілді

Орыстың әйдік ақыны Пушкин атақты «Капитан қызы» повесінің алғашқы нұсқасын отқа тастаған деседі. Шала туған шығармасының алдынан мешел ғұмыр күтіп тұрғанын бағдарлаған Набоков пен Достоевский де соны қайталайды. Енді қараңыз, сол күлге айналған қолжазбалар оларды шығармашылықтың биік шыңына алып шығады ғой. Ал Михаил Булгаков «қолжазбалар жанбайды» деп нүктелегенімен, данышпан Гоголь бұл сөзді жоққа шығарыпты. Бұл қатарға әдебиет тазалығын ойлаған Борис Пастернактың қиқарлығын да қосып қойыңыз.

Сөзге жан бітірген кеудесі кеніш қаламгерлердің әнтек әрекетіне қарап, жазудың кепиеті мен киесінде де, өнердің азабы мен ажалында да әлдебір тылсым күштің бұғынып жатқанын аңдайсың. Мұны бағдарлай алмаған адамның өнерден түк те хабары жоқ деп кінәласақ та болатындай. Оқырманға әрбір автордың кез келген еңбегіне жү­рек көзімен қарау парыз. Өртенген кітаптың күлін қағып-қағып тастап, жа­лын шарпымаған бетін ақтарғың-ақ келеді кейде. Ал ақтардық делік, біздің бұл әдепсіздігімізді ұрпақ кешіре қояр ме екен?!

Бірде «Өлі жандардың» соңынан өмірімен қоштасқан Гогольді ойлайсың, бірде Франц Кафканың ажал төсегінде жатқандағы аманаты есіңе түседі. Бәрі-бәрі бұлыңғыр суреттей әлденеден түй­сік тартатындай. Олардың ерлігі сол – өз туындысына өзі үкім кесті, оқыр­манның еншісіне қалдырмады.

Иә, оларға халық мәңгі қарыздар. Кешегі Мұқағали да қазақ әдебиеті ­үшін жанын шүберекке түйіп: «Әдебиеттен арам шөптерді тазарту керек», деп үн қатты. Ал оны іс жүзінде жүзеге асыр­ған, тозақы адам осындай деген ха­дисті естігенде «Мен шығармын» деп күйінген саңлақ сахабалардай Ах­ма­товалар да шығармаларын «әдеби хал­тура» деп біліп өртеген. Бірақ әлем әде­биетінің ең ғажайып шығармалары еді олар...

– Жә, мына кітап ше? Мұнда жүзде­ген ақын мен жүз шақты сазгердің маң­дай тері жатыр. Мұнда қазақтың әнмен бірге әуелеген көңілі, саз болып тербелген тірлігі, ұлттық болмысы жа­тыр емес пе?! Кеше нота меңгеріп, бүгін кітап жинақтаған композитор-сы­мақтардың жинағы болса бір сәрі! Құ­дай-ау, мұнда Ақтамберді, Нартай, Ке­нен, Шашубайлардың, Шәмші мен Нұрғисалардың қолтаңбасы жатыр ғой! – деп қабағы салыңқы қаламгер тағы да үнсіз қалды.

Бұрындары ғазиз ғұмыры төрт тү­лік­тің соңында өткен қазыналы қарт­тарымыздың жалғыз ауыз сөзі тыйым, ақылы жанға азық еді. Олар тентектікті тежеу, жүгенсіздікті тыю үшін «жаман болады» десе, сол сәтте-ақ қара аспан айналып жерге түсетіндей күйде қалып, айылымызды жия қоюшы едік-ау. Міне, бүгінгі біздің мақаламыз сондай бір жазушы ақсақалдан естіген өрелі әңгімеге құрылған. Алыстан орағытып отырғанымыз сол.

Даналықтың дәнегін жалқы сөзбен ұқтырған кеудесі кеніш солардың тағы бір айтары – әр нәрсенің қасиеті мен құдіреті. «Оны ұғына алмаған жанның ұлт, отбасы тұрмақ, қара басына жасар жақсылығы шамалы», – деп налыған кейіп танытқан қарт қаламгер сөредегі өртенген кітаптың шаңын қағып-қағып қойып, жалын шарпымаған бетін ақтарыстыра бастаған...

Бір сәт мүлгіп кеткен құс ұйқылы қарттай үнсіз қалды да:

– «Құндылықтар құлдыраған ­ уақыт, ә?! – деп бүгінгі қоғам мен ке­шегі күнді салыстыра бастады. «Даң­ғаза музыка қаптаған уақытта өр­теңде өмір бастаған өскіндей, отқа ора­нып кеткен бұл кітап­тың қаді­рін бір білсе, көнекөздер біледі. Бол­маса біз секілді қағаз кеміргіш­тер. Ке­ше­гілердің жүрегін толқытқан, ата-ана­сы­ның тыңдап өскен ғажайып ән­дерін біздің жастар әсерленіп қабыл­д­а­май­ды-ау. Оларға эстраданың ел та­ны­май жатып ескіріп, құлаққа түр­пі­дей тиетін, мәтіні мен мазмұны бір халық­тың жай-күйінен хабар беріп, се­з­ім қылын шерте алмайтын ырғағы же­­ңіл, ұлттық бояуы жоқ әндер керек. Сондықтан да кешегі салдар мен сері­лер­дің, музыка майталмандарының әні «кәрі­құлақтардың» ортасында ғана құнды...».

Күйініші болса да көпті жөнсіз күс­­та­налаудан жат қаламгер қазақтың ға­жайып әндерінің мәтіні жинақталған кі­тапқа қарап, оқыс:

– «Әлдилеп, аялап, өсірген жемісің, самал жел, сая бақ...» – деп оқи жөнелді. «Құшағың мен үшін» деген жолдар күл болып желге ұшқан.

– Тү-у, қайран Шәмші! Ғаламат жырлар тудырған Ғафудың осы бір туындысын ғажайып әнге айналдырған неткен құдірет десеңші, – деп шығыршықты шыр айналған ақ тиіндей тиянақ тап­паған ойын сан-саққа жіберіп, татым­ды сөз сабақтай алмай тұрып қалды. Сосын барып толғамалы найзаға түйрел­гендей сұсты кейпін қара жерге беріп, ауырсынған күйде әдеткі әдебиет тақы­рыбына ойысты.

– Жасымыздан оқып өскен орыс классиктердің кейбірі шығармасын бір тал сіріңкенің ажалына байлады. Ол ерлік! Өлең – ақынның перзенті. Сол перзентінің алдынан үлкен күйі­ніш күтіп тұр-ау деп күйінгендей Есе­нин, Ахматовалар өнерді арам-шөп бас­пауын қалады. Ең қызығы сол, өртеп жіберген туындылары оларды бо­ла­шақтың кемесіне жайғастырып, даналықпен табыстырды емес пе? – деп сауал мен сүйініштің қайсысына телуге болатынын пайымдай алмайтын екіұшті сөз қатты. Мұны неге айтып келеді деген сауалды санада көктете бастағанда, сезімталдықпен бір қарап қойып, «не айтпағымды ұқпадың, ә», – деген сыңаймен үзік әңгімені жалғай жөнелді.

Түс әлетінде үйінен дәм татуға ша­қырған жазушының аса бір күйінген кезін көрмеген едік, бұл жолы шыны­мен де жазғаны мен ойы бір жерден шы­ғатын, іші мен тысы бірдей ақ жү­рек жан екенін аңғардық. Пәтерінен 15 минуттық жердегі жұмысқа жеткен­ше болған оқиға, көрген көрініс осын­шама ойға салса, күйіндірсе, бұл жөнінде қалам сілтесе ғажайып әңгі­ме туатыны анық еді. Бірақ ол да «құн­дылықтар құлдыраған» уақытта ойшыл оқырманды ғана толғандырар, өзге үшін қажетсіз мына бір өртенген кітап­тай, автор кітабының ішінде жатар әңгіме болып қала берері де жасырын емес-ау.

Өртенген сия толы қағаз емес, өр­тен­ген өмір парақтары.