Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Онлайн режімде Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов Қоғамдық кеңеске сайланған азаматтарды құттықтады. Сонымен бірге биыл елдегі жағдайға байланысты іріктеу шараларының кешіккенін айтты.
«Біріншіден, Қоғамдық кеңестің құрамы 16 мүшеден тұрады, оның 2/3 бөлігі мемлекеттік қызметкерлер, яғни Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері емес деп айтқым келеді. Бұл қоғам қайраткерлері, ҮЕҰ, «Атамекен» ҰКП өкілдері. Сондықтан құрметті әріптестер, кеңес мүшелерін осындай жауапты мемлекеттік қызметке сайлануымен құттықтауға рұқсат етіңіздер, қоғамның мүддесін көксеңіздер», деді Марат Шоранов.
Жиналыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе – ашық дауыс беру арқылы кеңес төрағасы мен хатшысын сайлау. Дауыстарды жалпы санау нәтижелері бойынша кеңестің төрағасы болып белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Надежда Петухова (11 дауыс) сайланды. Надежда Михайловна Целиноград мемлекеттік медицина институтын, педиатр-дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары ол дәрігер-инспектор, Целиноград облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық секторының меңгерушісі, «Астана қаласының №1 қалалық балалар ауруханасының» бас дәрігері қызметтерін атқарды.
«Маған сенім білдіргені үшін Қоғамдық кеңес мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Мен учаскелік дәрігерден бастап, реанимация дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Мәслихат және Парламенттен алған тәжірибемді қызмет барысында барынша пайдалануға тырысамын. Қоғамда, оның ішінде азаматтық қоғам мен мемлекеттік орган арасындағы барлық проблема диалог алаңында шешілуі керек. Біз министрлікпен бірлесе отырып, халықтың медициналық көмек көрсету сапасына көңілі толып, оның тиімді әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге тырысатын боламыз», деді Н.Петухова.
Қоғамдық кеңестің хатшысы болып Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегиялық даму департаментінің директоры Ильяс Бакиров сайланды. Ол Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы мүшелерін іріктеу процедурасы мен нәтижелері туралы баяндады.
«Қоғамдық кеңеске қатысуға барлығы 74 адам өтініш білдірді, олардың барлығы жұмыс тобында қаралды. Барлық үміткерлер лайықты болды деп айтуға болады, бірақ қатысушылардың кейбірінің іріктеуден өтпеуіне нақты себептер бар. Жұмыс тобының пікірі хаттама негізінде толтырылды, оны Денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан оқуға болады», деді Ілияс Бакиров.
Бірінші жұмыс отырысында Қоғамдық кеңес мүшелері белгіленген құрылымның регламенттері мен жұмыс жоспарын талқылады.