Авторлық болса да, коммерциялық болса да, кино қымбат өнердің қатарына жатады. Табысқа көміліп қалуды көздеп, кассаға жұмыс істейтін режиссерлер түгілі, шығынға батса да нағыз шыншыл кино түсірумен айналысатын шығармашылық иелерінің өзі болашақ фильміне мемлекет тарапынан бөлінер бюджеттің молдау болғанын қалап тұрады. Сондықтан «тегін» деген сөзді естісе, киноның төңірегінде жүргендер миығынан күліп, мазақтап кетеді. Ал кинематографияда тегін түсірілетін фильмдер бар және ол «партизан киносы» деп аталады.
«Тегін» деп миллиондаған бюджетпен салыстырғандағы жалпылама сөз, әйтпесе толықтай тегін кино болмайды, кез келген кино шығынды қажет етеді. Түсіретін техника киностудия тарапынан тегін берілді деген күннің өзінде, беріге салғанда, он-он бес мың долларды қайтсе де қажет етеді. Партизан киносындағы басты қағида – идея мен достық. Қазір иығына той камерасын асып алып та, тіпті телефонмен де кино түсіруге болады деп есептейтіндер бар. Бұл әдіс аса көп шығынды қажет етпеуі мүмкін. Алайда мәселе мынада: кәсіби актерлерді шақыра отырып, оларға ақша төлемей, тегін фильм түсіруге бола ма? Партизан кино түсіру үшін автомат асынып, жаудан жасырынып, жер бауырлап еңбектеп, орманға барудың қажеті жоқ. Киногерлердің өз арасында осылай аталғанымен «партизан» болуға кез келген актер де, оператор да, композитор да, суретшілер де келісе бермейді және бұл жанрға көзқарас та біркелкі емес. Бұл киноның алғашқы өкілдері пайда болғанда «Партизан киносы деген болмайды, болуы мүмкін де емес! Партизан деген жау жеріне барып әрекет жасайтын адам. Сонда бұлар кімді жау санап отыр? Кино дұрыс ниеттен, таза жүректен тууы тиіс» деп аттандап шыққандар да болды. Шынында да, дағдарыс пен экономикалық қиындықтан көз ашпайтын кезеңде ақшасыз кино түсіру дегеніңіз ақылға сыймайтын абсурд тірлік қой. Тіпті атағы жер жарған әртіс түгілі, жалт етіп бір көрінетін екі секундтық эпизодына да қыруар қаламақы алып үйреніп қалған актердің «партизан» болудан ат-тонын алып қашатынын түсінуге болатын да сияқты. Бірақ соған қарамастан партизан киносы өмір сүруге толық құқылы, ең бастысы, оны да жан-жүрегімен сүйіп істейтін киногерлер бар. Мейлі, миллион бермесе, қара тырнағын да қимылдатқысы келмейтіндер түсірмей-ақ қойсын, алайда кәсібін қалтқысыз сүйетін, өнерге шын берілген жалаңтөс-жанашырлар қалай да табылады, міне, солар ғана көзін жұмып тұрып, ол жанрға бел буып бара алады.
«Партизан киносы» – Қазақстан кинематографиясы үшін жаңа бағыт. Әзірге өз идеясын жүзеге асыру жолында көзсіз ерлікке барып, тегін фильм түсіріп танылған режиссерлер жоқтың қасы болғанымен, ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Бұл бағыттың «кіндік әкесі» деп көпшілік режиссер Дәрежан Өмірбаевты атап жүр. Сонау жылдары Әділхан Ержанов, Асқар Ұзабаев, Арслан Акубаев, Жасұлан Пошанов, Мұрат Махан, Талғат Бектұрсынов, Денис Борисов сияқты бірқатар режиссерлер бірігіп, қазақстандық «партизан киносы» қозғалысын құрып, манифестін жазып тұрып, фильмдер түсіре бастады. Алайда Ержановтың «Қожайындар» деген фильмін шетел мақтағанымен, жергілікті шенеуніктер үлкен экраннан көрсетпек түгілі, «Қазақстанның атына кір келтірдің» деп жас режиссерді ит қосып қууға дейін барды. Мұнымен қазақ партизан киносы қозғалысының белсендісі Ә.Ержановтың тауы шағыла қоймады, бұдан кейін де бірнеше фильмі шетелдік жүлделерге ие болды, «түртуге» болмайтын тақырыптарды төңіректейтін батылдығынан болар, мұндағы өз әріптестері арасындағы беделі де жаман емес. Бұл қозғалыс өткен ғасырдың 50-60-жылдары мелодрамаларға кеңірдегінен мелдектей тойып болған Англияда, сәл кейінірек Аргентинада пайда болған екен. Ең өткір әрі тереңдеп кеткен әлеуметтік мәселелерге назар аудартуды, жалпы кинодағы қатып қалған догманы сындыруды мұрат тұтады. Бірақ болмашы ғана бюджетпен әлеуметтік әділеттілікті көрсеткен кинодағы жаңа форма батыс режиссерлерінің қолдауына ие болғанымен, «прокат» дейтін пәрмені күшті алпауыттың маңайынан жүре алмайтын «партизан киносының» қазақ топырағында өсіп-өну мүмкіндігін бірді-екілі Ержановтардың пайда болуы түпкілікті шешіп бере алмайтынын нақты жағдайдың өзі көрсетіп отыр.
Соған қарамастан жаһанды жайлап, әлемді қорқыныш құрсауында ұстап келе жатқан пандемияның Қазақстанның басына салған қасіреті, сұмдығы туралы белгілі режиссер Болат Қалымбетов жақында түсіруді бастаған «партизан фильмінде» боямасыз көрсетуді мақсат етіпті. Режиссер актерді де, фильмге қатысатын басқа мамандарды да алыстан іздеген жоқ. Өзі түсірген, өндірісі жақында ғана аяқталып, жарыққа шығуын күтіп жатқан «Мұқағали» фильміне қатысқан шығармашылық топ шып-шырғасы бұзылмай жаңа фильмнің ішінен табылыпты. «Партизан киносы идея мен достыққа құрылады» деген қағиданың растығы осы жерден көрінеді. Нағыз кино асары. Фильм сюжетін қысқаша мазмұндағанда былай. Фильм виолончельде ойнайтын Адам атты музыканттың өмірін баяндайды. Талантты адамдардың бір толқыны жақсы өмір аңсап шетелге кетіп жатқан кезде, Адам да ат басын сол дүрмекке қарай бұрған еді. Ол шетелде жүрген кезде Алматыдағы жер үйінде газ баллоны жарылып, үйі өртеніп, отбасындағы адамдардың бәрі қайтыс болады. Адам Алматыға оралады. Келсе, үйі де, жары мен балаларының сүйегі де жоқ. Қайтадан жұмысқа орналаспақ болып, өз ұясы Опера театрына келген еді, бастығы «керек кезде Отаныңды тастап кетіп қалғансың» деп қабылдамайды. Екеуінің арасында түсінбестік туып, ақыры Адам есікті тарс жауып кетуге мәжбүр болады. Дәл осы кезде індет басталып, жаман тұмау елді жайлап, далада қаңғып қалған Адам зейнеткер Надежда Ивановнаның үйін паналайды. Зейнетақысы аз кейуананың да тұрмысы жетісіп тұрған жоқ, пәтерақы, азық-түлік алуға қиналған соң Адам қолындағы аспабын сатуға мәжбүр болады...
«Әрі қарай әңгімелеп берсем, түк те қызығы болмай қалады. Аз уақыт күтсе, көрермен өзі де жаңа фильммен қауышады» дейді Б.Қалымбетов. Режиссердің аңдатпасына қарағанда, жалпы сюжеті адам тағдырына құрылған фильм «коронавирус кезінде өнер адамдары қалай өмір сүрді?» деген мәселені көрсетуге арналған.
Тақырып өте өзекті. Әсіресе дәл қазір. Қоғам басына түскен ауыртпалыққа немқұрайды қарай алмаған режиссер өз азаматтық көзқарасын білдірмек. Бүгінгі режиссерлерімізге жетпей жатқаны да осы қасиет – азаматтық үнін естірту. Сақа киногерлер айтып жүргендей, «партизан киносы» деген студенттердің, киноға алғаш қадам басқан жас режиссерлердің өзін дәлелдеуге арналған бағыты ма, әлде Қалымбетов, Өмірбаев сияқты қалыптасқан режиссерлерді де қызықтыратын жанр ма, жаңа бағыттың әрі қарайғы тағдыры қалай айқындалатыны белгісіз. Белгілісі, кім шындықты айтуды парызы санаса, «партизан кино» да қолына шырағданын ұстап, шындық іздеп, жер бауырлап алға қарай жылжи береді.
АЛМАТЫ