Бүгінде Шу ауданы барлық сала бойынша өркендеп келеді. Тұрғындардың көтерген өзекті мәселелері дер кезінде шешімін табуда. Ең бастысы – Мемлекет тарапынан қолдау бар. Осы орайда, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Шу ауданына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz
Белбасар ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы 400 орындық орта мектеп жақында ғана "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Нысанның құрылысына 116 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Іргетасы 1969 жылы қаланған. Ал, 6 мыңға тарта түтіні бар Д.Қонаев ауылындағы Төле би атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмысына 450 миллион теңге шамасында қаржы қаралыпты. Сол сияқты, аудан орталығы Төле би ауылындағы спорт кешені "Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша бой көтерген. Оның құрылысына 300 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, мекеме 40 маманды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, Шу аудандық ауруханасында екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры қалыптасқан.
Мұнда 7 оттегі қондырғысы жеткізіліп, компьютерлік томография тұрғындарға қызмет етуде. Ал, 1989 жылы салынған Шу қалалық ауруханасына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық-жобалық құжаттары әзірленуде екен. Аталған нысанда жақында жеткізілген 1 оттегі аппаратын қосқанда, қазір 4 құрылғы жұмыс істеп тұр. Жаңадан алынған КТ қондырғысы арқылы осы уақытқа дейін 300-ден астам талдау жасалған. Карантин режімі кезінде 8 мобильді топ ел ішінде жұмыс істеген. Мұнда екі айлық медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек қоры бар.
Сондай-ақ Алға ауылында жаңа мектеп салынуда. Ауылдағы Амангелді атындағы 300 орындық мектептің құрылысына мемлекет қазынасынан 845 миллион теңге шамасында қаражат қаралған. Білім ошағын жиһаздармен толтыруға демеушілер айтарлықтай үлес қосқан. Енді екінші тоқсанда оқушылар жаңа мектепте оқитын болады. Енді мұғалімдер ата-аналармен бірлесе жұмыс істеп, Шу қаласына қатынап оқитын 150 алғалық оқушыны осы мектепке қайтару керектігі сөз болды. Оның үстіне, кезекке тіркелген 150 тұрғынға ауылдан жер телімдері беріліпті.
Жамбыл облысы