Валентин ЕРШОВ,
Ресей Сот төрелігі академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы:
– Экономикалық, саяси берік бағыттарын белгілей алған Қазақстан Республикасы сот жүйесінде де маңызды және нәтижелі шешімдер қабылдай білді. Қазақстандық сот жүйесінің ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды бірінші сатыға қоя отырып, бірегей әрі жоғары біліктілік деңгейде жұмыс істеп келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Мұны елдегі азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан кешенді іс-шаралардан да байқауға болады.
Валентин ЕРШОВ,
Ресей Сот төрелігі академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы:
– Экономикалық, саяси берік бағыттарын белгілей алған Қазақстан Республикасы сот жүйесінде де маңызды және нәтижелі шешімдер қабылдай білді. Қазақстандық сот жүйесінің ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды бірінші сатыға қоя отырып, бірегей әрі жоғары біліктілік деңгейде жұмыс істеп келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Мұны елдегі азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан кешенді іс-шаралардан да байқауға болады.
Біздің елде судьяларды даярлау, оқыту дейтін мәселелерге ерекше мән беріледі. Ресейде сот жүйесінде жұмыс істейтін мамандар, атап айтқанда, судьяларды оқыту ерте бастан қолға алынған. Білім саласында арнайы мамандандырылған оқу орындары – колледж, ЖОО, аспирантура, докторантура іске қосылған. Осының нәтижесінде Қазақстан және Ресей Жоғарғы Соттары ортақ келісімге келіп, екі ел судьяларының біліктілігін арттыруды оң жолға қойған едік. Қазіргі таңда бұл келісімшарт аясында атқарылып жатқан іс-шаралар өз нәтижесін көрсетіп отыр. Бірлескен білім алу кезінде Қазақстан судьялары жоғары кәсіби дайындықтарын көрсете білді.
Ал кең көлемде, осымен алтыншы рет ұйымдастырылып отырған құрылтай осындай игілікті бастамалардың туындауына жол ашатын құқықтық аренаға айналды. Бұл жерде сот жүйесіне қатысты соны шешімдер қабылдап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол. Қазақстан мен Ресей секілді екі елдің байланысын нығайтуда да съездің алар орны ерекше.
Василий ОНОПЕНКО,
Украина Жоғарғы сотының экс-төрағасы, Судьялар одағының төрағасы, Жоғарғы соттың судьясы:
– Республикалық судьялар съезі сот билігінің іргетасын одан әрі бекемдетіп, абыройын көтеруде, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау жолында маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда кез келген ұлттық және халықаралық сот жүйесі уақыт талабына қарай өзгертулерді, толықтырулар мен жетілдірулерді талап етеді. Осыған орай, алтыншы рет өткізіліп отырған съезд сот-құқықтық жүйенің кем тұстарын көрсетіп, қол жеткізген жетістіктеріне тиісті баға бере білді деп толық сеніммен айтуға болады. Съезд, сондай-ақ, осы сала мамандарының ашық пікір алмасып, озық тәжірибелерімен бөлісетін алаңына да айналды. Құқықтық реформа жүргізіп, оның механизмін жасауда, инновациясын іске қосуда өзге елдердің сот жүйесіндегі оң нәтижелермен танысу, салыстыру, сараптаудың маңыздылығы өте зор. Мысалы, Украинаның судьяларын Қазақстандағы сотқа дейінгі бітімгершілік процесі, екі жақтың наразылығын асқындырмай келісімге келтіріп отырған «Медиация туралы» Заңның қолданылуы қызықтырып отыр. Сот жүйесін қоғамға ашық, жариялы түрде көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығы да байқалады.
Ақжан ЕШТАЙ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы:
– Шалғай жатқан елді мекендермен салыстырғанда, қала, облыс орталықтарындағы судьялардың жүктемесі өте көп. Әсіресе, еліміздегі ірі мегаполистер – Алматы мен Астана қалалары және облыстарында орналасқан іргелі соттарда қаралатын істер қыруар. Айына 100-ден астам іс қарайтын судья кейде конвейер секілді жұмыс істеп кетеді. Қоғам дамуына байланысты заңнамалар жиі өзгеріске ұшырайтыны тағы бар. Нормативтік-құқықтық заңнамалардың барлығын зерделеп, сүзгіден өткізу, өзі төрелік жасайтын істі сараптау үшін де судьяға уақыт керек.
Алтыншы съезде Мемлекет басшысы осы мәселені қалтарыста қалдырған жоқ, судьялар штатын көбейту, сот хатшыларының санын арттыру жөнінде нақты шешім шығарылды. Қоғамда «судьялар тек істерді қараумен шектеледі» деген пікір қалыптасып қалған. Алайда, бұл ауқымды істердің бір бөлігі ғана. Сот процесін ұйымдастыру, істі сотқа дейінгі қарауға дайындық, істі сотта қараудың мәселесі – міне, сот ісін жүргізудің осындай сан түрлі сатыларынан сапалы өту үшін де уақыт кетеді.
Егер судьяның көмекшісі деген лауазым енгізілетін болса, осы жұмыстар біраз жеңілдер еді. Судья тек істерді қараумен ғана шұғылданса, бұл, біріншіден, процестің сапасын арттырады, екіншіден, істі сотта қарау мерзімі біршама қысқарады. Осыдан 2-3 жыл бұрын Жапонияның Токио қаласындағы бір сот процесіне қатысқан едік. Сонда байқағанымыз, судья қандай іс қарайтынын сот залына келгенде бір-ақ біледі екен. Сотта істі қарау сатысына дейінгі дайындық жұмыстарының барлығын судьяның көмекшілері атқарады. Жапондықтардың пікірінше, бұл тәсіл судьялардың қарайтын іс жөнінде алдын ала пікір қалыптастыруына да жол бермейтін көрінеді.
Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,
журналист.