• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 06 Қараша, 2020

Қостанай облысында санитарлық режімді күшейтуді тапсырды

195 рет
көрсетілді

COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды, деп хабарлайды Egemen.kz

Вице-премьер өңірдегі эпидемиялық ахуал жөнінде кеңес өткізіп, жергілікті мемлекеттік органдар басшылығының аймақта қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады.

Ералы Тоғжанов биылғы қараша айынан бастап өңірде COVID-19 фактілерінің едәуір өсуі тіркелгенін атап өтті. Қостанай қаласында, Жітіқара, Қарабалық аудандарында эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Вице-премьер өңірдегі эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысының нашарлығын атап өтіп, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынымдарының сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Премьер-Министрдің орынбасары облыстың кейбір қалалары мен аудандарында ПТР тестілеудің болмауын ескере отырып, бұл қызметтің облыс тұрғындары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуді шұғыл шешуді тапсырды.

Кеше ведомствоаралық комиссияның келісімі бойынша облыс әкімдігі ағымдағы жылдың 9 қарашасынан бастап санитарлық режімді қатаңдату жөнінде бірқатар шараны қабылдады. Сонымен қатар, ведомствоаралық комиссия облыс әкімдігіне қосымша шектеу шараларын қабылдауды, соның ішінде Қостанай – Қарағанды, Қостанай – Алматы бағыттары бойынша темір жол тасымалдарын аптасына 7 реттен 3 ретке дейін қысқартуды және облыс ішінде жолаушылар темір жол құрамдарын тоқтатуға тыйым салуды (облыс әкімдігі айқындайтын орындарды қоспағанда) тапсырды.

Сондай-ақ, өңір басшылығына карантин режімін сақтау бойынша мониторинг топтарының қызметін күшейту, сондай-ақ тұрғындар арасында карантин режімін мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары медициналық нысандарда, атап айтқанда облыстық ауруханада, медициналық маска өндіретін кәсіпорында және дәрі-дәрмек қоймаларында болып, өңірдің коронавирус инфекциясының ықтимал толқынына дайындығын тексерді. Өңірдегі эпидемиялық жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында.

 

Қостанай облысы