Батыс Қазақстан облысында құрылыс қарқыны жыл санап артып келеді. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 17 көппәтерлі тұрғын үй, ауылдық елді мекендерде 139 тұрғын үй және 20 ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысанын салу көзделген.
– Биылдың өзінде 2 977 пәтер өз иесін табады. Бағдарлама шеңберінде тұрғын үй құрылысына – 21,1 млрд теңге, инфрақұрылымдарға – 3,4 млрд теңге бөлінген, – дейді Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұркен Молдашев.
Өңірде жалға берілетін тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Биылдың өзінде бұған 5,5 млрд теңге бөлініп, бұл қаржыға жалпы саны 738 пәтерлік 4 биік үй, ауылда жалпы саны 234 пәтерлік 99 тұрғын үй салынып жатыр. Осылайша, барлығы 972 пәтер салу көзделген.
Республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаражатқа Ақсай қаласынан және Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Жәнібек аудандарынан халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1,324 млрд теңгеге 470 пәтер, көпбалалы отбасылар үшін 2,1 млрд теңгеге 370 пәтер салынып жатыр. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен де осы мақсатқа 2,1 млрд теңге бөлінген. Айта кетейік, бір ғана Қаратөбе ауылында 67 үйдің құрылысы жүруде.
Кейбір аудандар жергілікті бюджет есебінен де қаржы көзін тапқан. Мәселен, Жаңақала ауданы бюджетінен 21,3 млн теңге бөліп, 3 қабатты тұрғын үй құрылысын бастаса, Бөкей ордасы ауданы бюджетінен бөлінген 50,0 млн теңгеге екіпәтерлік 4 үй салынбақ.
Орал қаласы мен Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Теректі аудандарында 20 ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысанын салу үшін 3,4 млрд теңге бөлінді. Оның 17 нысаны республика бюджеті есебінен көтерілмек.
– 2020 жылға арналған тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 484,9 мың шаршы метрді құрайды. Соның 120,1 мың шаршыметрі мемлекеттік бюджет есебінен салынады. Оның ішінде 39,1 мың шаршы метр тұрғын үй жалға берілсе, 81,05 мың шаршы метр несиелік жолмен иесін табады, – дейді Нұркен Еділұлы.
Осылайша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 8 көппәтерлі тұрғын үй (1 377 пәтер) және ауылдық елді мекендерде 93 тұрғын үй (233 пәтер), барлығы 1 610 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін жалпы саны 963 пәтерлік 6 үй, Теректі ауданына қарасты Тоқпай ауылында 120 пәтерлік 20 үй бар.
Сонымен қатар алдағы жылы құрылыс қарқыны қалай болатыны да маңызды.
– 2021 жылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін республика бюджетінен 2,7 млрд теңге бөлінуі қазірдің өзінде шешілді. Аталған қаражатқа Орал мен Ақсай қаласында көппәтерлі қос үйдің, Қазталов, Жаңақала, Жәнібек аудандарында кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін 26 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде 16 үйдің құрылысы басталмақ. Оның ішінде Тасқала, Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау аудандарында 3 қабатты 10 үй, Бәйтерек, Ақжайық аудандарында екі қабатты үйлер, Қаратөбе ауданында 4 пәтерлі 3 үй салу жоспарда тұр, – дейді Н.Молдашев.
2021 жылға арналған ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандары құрылысына да республикалық бюджет есебінен алдын ала 3,99 млрд теңге қолдау тауыпты. Аталған қаражатқа Орал қаласы, Бөрлі, Тасқала, Бөкей ордасы, Жаңақала, Шыңғырлау, Қазталов, Ақжайық, Теректі аудандарында 23 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 19 жоба бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым жер учаскелеріне жеткізіледі.
Сондай-ақ құрылысы биыл басталған көппәтерлі 7 тұрғын үй және Теректі ауданы Тоқпай ауылындағы 20 кредиттік үй 2021 жылы өз иелерін күтеді.