Орал қаласының тұрғындары өткен жылдан бастап су тапшылығын сезіне бастады. Бұған облыс орталығында халық саны артуы және соңғы кезде Жайық өзенінің деңгейі төмендеуі де себеп болған.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің айтуынша, күні бүгін Орал қаласына тәулігіне 52 мың текше метр су беріледі. Бұл қалалықтарға күз бен қыста, ерте көктемде толығымен жетеді. Бірақ жаз басталысымен су тұтыну мөлшері өсіп, халық судан тапшылық көреді. Мәселен, биыл жазда суға деген қажеттілік тәулігіне 68-70 мың текше метрге дейін жетіпті.
– Орал қаласын жаз мезгілінде ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша бірнеше кеңес өткіздік. Осы салада болған кемшіліктерді алдағы уақытта қайталамау, келешекте тұрғындарды ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету қажет. Келер жылы халық судан тапшылық көрмеуі үшін қазірден бастап қамдану керек, – деген еді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев мемлекеттік мекемелер мен тиісті кәсіпорын басшыларымен өткізген арнайы отырыста.
Әдетте оралдықтар үш өзеннің – Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің қоршауында жатырмыз деп мақтаныш етеді. Бірақ жаз кезінде ауызсу уақытпен беріліп, карантин кезінде үйге қамалған халық қатты қиналды. Тұтынушылардың суды ысырапсыз пайдалануын қадағалау үшін «Батыс су арнасы» мекемесінің жанынан «Су бақылау бөлімі» құрылды. «Батыс су арнасы» ЖШС директоры Қайырғали Имашевтың айтуынша, жаз бойы бақылаушылар Орал қаласында 218 заңды тұлғаның, 2 008 жеке тұлғаның суды қалай пайдаланып жатқанын тексеріп шыққан. Атап айтқанда, автокөлік жуатын 70 орын, 37 сауна, 84 қоғамдық тамақтану орны, 27 кәсіпорын тексерілген.
– Осы тексерулер нәтижесінде, суды ысырап етіп, тиімсіз пайдаланған 76 оқиға анықталды. Тиісті шаралардан кейін бүгінде олардың 47-сі талапқа сай жөнделді, – дейді Қ.Имашев.
Бақылаушылар, әсіресе, жеке секторда су шығыны көп екенін айтады. Су бақылау бөлімі Орал қаласын шартты түрде 5 ауданға бөліп, тексеру жұмыстарына кіріскен. Бірақ бұл оңай емес, өйткені қалада жеке абономенттердің саны 18,5 мыңға таяу. Соның ішінде 7 380 абономент шоғырланған ең үлкен аудан – Зачаганск кентінде жеке сектордың 27 пайызы ғана тексеруден өтіпті. Суы ысырап болып жатқан 57 жеке құдық иесіне ескерту жасалып, оның 22-сінде кемшілік жойылған.
– Орал қаласы қазір ауызсуды екі көзден – Жайық өзеніндегі су тазалағыш қондырғыдан және Трекин ауылы маңындағы жерасты су көзінен алып отыр. Жайықтағы қондырғы 1963 жылы іске қосылған, тәулігіне 30 мың текшеметр су алатын қуаты бар. Ал Трекин ауылындағы жерасты су көзі қондырғысы – 1973 жылдан бері қолданыста. Ол жерден тәулігіне 22 мың текшеметр су алып жатырмыз, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары М.Мүлкәй.
Көріп отырғанымыздай, жаз кезінде тәулігіне 70 мың текшеметрге дейін сұранысы бар Орал қаласын сумен қамтуға екі қондырғының қуаты жетпей жатыр. Бұдан шығатын жол қайсы?
– Жерасты су көзіне қосымша 6 скважина орнату керек. Мұны 2021 жылдың алғашқы жартысынан қалдырмай жасауымыз қажет. Сонда біз жерасты көздерінен алынатын су мөлшерін тәулігіне 35-37 мың текшеметрге жеткізе аламыз, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Бұған қосымша «Орал» жерасты су көзінің №2АЭ, №3Э алаңдарынан да қосымша сусорғы қондырғысын орнату жөнінде «ЖайыкГидроГеология» мекемесімен келіссөз жүріп жатыр екен. Бұл да тәулігіне 2-3 мың текшеметр су өндіруге көмектеспек.
Сондай-ақ қазір су беруі нашарлаған 16 скважинаны қайта бұрғылау да су мөлшерін қосымша 20 мың шаршы метрге көбейтеді дейді мамандар. Қазір бұл жұмыстың техникалық құжаты дайындалып, жыл соңына дейін мердігер компаниямен келісімшарт жасалмақ екен.
– Түрлі апат кезінде судың далаға ағып кетуін болдырмау үшін негізгі магистралды желілер бойына 20 датчик орнату туралы шешім қабылданды. Қазірдің өзінде біз 5 датчикті орнаттық. Жыл соңына дейін тағы 10 датчик, келер жылдың маусым айына дейін қалған 5 датчик орнатылады, – дейді М.Мүлкәй.
Осы күндері Тасқала топтық су құбыры мекемесін Орал қаласының коммуналдық меншігіне өткізу процесі жүріп жатыр. Бұл да қаланың құрамындағы Зачаганск, Деркөл кенттерін сумен үздіксіз қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек. Сондай-ақ Серебряков жерасты су көзінен тәулігіне 6-7 мың текшеметр су алуға болатын 5 скважина бұрғылау туралы да шешім бар. Бұл жоба мақұлданса, 2021 жылдың бюджетіне 25 млн теңге қосылуы тиіс.
– Суды заңсыз пайдалану, ысырапқа жол бермеу үшін біз 2021 жылдың маусым-шілде айларына дейін кезең-кезеңімен Орал қаласының барлық аумағын, жеке секторды аралап, тұрғындармен кездесуді жоспарлап отырмыз, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары.
Өйткені халқымыз айтқандай, «судың да сұрауы бар». Жоғарыдағы шаралар кешенді түрде жүзеге асса, 2021 жылы Орал тұрғындары биылғыдай судан тапшылық көрмеуі тиіс.
Осы орайда облыс халқын сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсақ.
Облыста 428 ауыл бар, соның 226-сы орталықтандырылған ауызсумен жабдықталған. Бұл өңірдегі барлық елді мекеннің 52,8%-ын құрайды. Ал жалпы облыс тұрғындарының 87,7%-ы, яғни 282,3 мың адам таза сумен қамтылған.
Халықты таза сумен қамту көрсеткіші соңғы жылдары тез көтеріліп келеді. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде ұзындығы 292,188 км су құбыры тартылып, 25 ауылды сумен жабдықтау үшін 5,8 млрд теңге бөлінді. Осылайша, 17 нысанның бір бөлігі жаңадан салынып, бір бөлігі жаңартылды.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 210,3 шақырым болатын 11 жоба бойынша жұмыс аяқталды. Бұл 17 ауылда су мәселесі шешілді деген сөз. Жыл соңына дейін ұзындығы 81,888 км су құбыры тартылып, тағы 8 ауыл сумен қамтылады.
Сондай-ақ 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 1,8 млрд теңге бөлініп, 5 мыңнан аса халқы бар 7 ауылды қамтитын 7 сумен жабдықтау нысаны жаңартылуда.
Осылайша, жыл қорытындысында 27 мың адамды қамтитын 32 ауылда су құбыры жетеді. Ұзындығы 372,259 шақырым желі бойында халықты таза сумен қамтамасыз ететін 24 нысан пайдалануға берілмек. Мәселен, Ақжайық ауданында – Кеңсуат, Жамбыл, Битілеу, Базартөбе, Қызылжар, Қадырқұл ауылдары; Теректі ауданында – Богдановка, Приречное ауылдары; Сырым ауданында – Қосарал, Жетікөл, Тоғанас, Аңқаты, Құспанкөл, Тасқұдық; Қазталов ауданында – Қарасу; Бәйтерек ауданында – Володарское, Асан, Үлкен шаған, Колесов, Октябрьское; Тасқала ауданында – Тасқала, Мереке, Қалмақ ауылдары; Бөкейорда ауданында – Шоңай мен Мұратсай; Жәнібек ауданында – Тегісшіл, Шыңғырлау ауданында – Алмаз, Ақтау, Ардақ; Бөрлі ауданында – Ақбұлақ; Жаңақала ауданында – Қырқопа мен Қызылоба таза сулы болады.
Бүгінде облыс құрылысшылары 2021 жылы республикалық бюджетке сумен жабдықтау және реконструкциялау нысандары бойынша 5,5 млрд теңгеге 18 жобаны іске асыруға бюджеттік өтінім ұсынып отыр. Бұл жобалар іске асса, батысқазақстандық ауылдардың 57%-ы немесе 289,3 мың адам орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етіледі. Бұл дегеніңіз – облыс тұрғындарының 90 пайызға жуығы сапалы ауызсуға қол жеткізеді деген сөз.
Қазірдің өзінде 15 нысанның құрылысы мен қайта жаңартылуы мақұлданып, 3,9 млрд теңге нақты бөлінетін болды.