С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне қой саууға арналған жылжымалы кешен табысталды. Орталық Азия аймағында алғаш рет Қазақстанда пайдаланылатын технологияны Түркияның ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі қайтарымсыз негізде беріп отыр.
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, шырын өндірісі және суды басқару саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (TIKA) алдағы уақытта білім-ғылым саласы бойынша ынтымақтастық орнатпақ. Осыған дейін агенттіктің қолдауымен Халықаралық мал шаруашылығын зерттеу және оқыту орталығымен (Анкара, Лаллахан) әріптестік байланыс жасалған-ды. Оның аясында докторант Ақнұр Молдашева тамақ өнімдерін қайта өңдеу технологиясы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіп, жас маман қой сүтінен алынатын өнімдер бойынша түрлі зерттеулер жүргізіп, таза өнім алудың жаңалығын үйреніп келді.
«Жобаға сәйкес, қой сүтінен алынатын өнімдерге арналған технологияны және әзірленген өнімдерге қажетті нормативтік-техникалық құжаттаманы дайындау көзделген. Ашыған сүт өнімдерін, жұмсақ ірімшікті және ұлттық өнім құртты әзірлеу мен өндіруге бағытталған жұмыстар пысықталады», деді университет өкілдері.
Университеттің басқарма төрағасы Қайрат Айтуғановтың айтуынша, бірлескен ғылыми жобаның келешекте маман даярлау жолында пайдасы көп. Алдағы уақытта аталған кешен шаруашылықтарда өндіріске енгізіліп, қойдың сүтін университет зертханаларында сараптамадан өткізумен қатар өнім ретінде шығарылады.
Халықаралық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы бұл жобаға қызығушылық танытып, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі құрал-жабдықтарды оқу орнына ақысыз түрде беру жөнінде шешім қабылдады. Бұл жабдықты құрастыратын түрік компаниясы тренинг өткізіп, жылжымалы жүйемен жұмыс істеуді және алынатын өнімдер технологиясы бойынша кеңестер берді.