Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғын үй, мектептер мен балабақшалар құрылыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл соңына дейін ауданы 27 371 ш.м. болатын "Нұрлы дала" ТК-да 8 үй тапсырылады. Алатау ауданында ауданы 43 620 ш.м. 22 үйден тұратын "Мәдениет" ТК салынуда. 16 үй жыл соңына дейін пайдалануға берілсе, қалғаны келесі жылға жоспарланған. Кешенді түрде бой көтеріп келе жатқан ықшамаудандарда әлеуметтік мақсаттағы нысандарға мән берілуде.
Жалпы, 2020 жылы 2 396 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, оның ішінде коммерциялық - 1 591 мың шаршы метр немесе 17 420 пәтер, мемлекеттік бюджет есебінен - 290 мың шаршы метр немесе 5 206 пәтер, жеке тұрғын үй құрылысы - 510 мың шаршы метр немесе 2062 үй, жатақханалар - 4,6 мың шаршы метр. Бұдан өзге, Алматы әкімі мектеп құрылыстарының қарқынын тексерді. Өйткені, қала тұрғындары көтеретін өзекті мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Әуезов ауданының Жетісу-2 ықшамауданындағы №117 мектептің жанынан 900 орынды қосалқы нысан салынуда. Ал, Наурызбай ауданындағы №186 мектеп жанынан 513 оқушы орынды нысан салынуда әрі 120 орынды балабақша бой көтеруде. "Жалпы келесі оқу жылының басында мектептерге жапсарлас салынатын 8 818 орынды 17 қосымша құрылыс нысанын тапсыруды жоспарлап отырмыз. 2021 жылдың соңына дейін Алатау, Наурызбай, Түрксіб аудандарында 12 600 орынға арналған 8 мектеп ашылады", - деп жазды Б. Сағынтаев. Сонымен қатар, қала әкімі Қалқаман ықшамаудандағы құрылыс алаңында болды, мұнда №7 қалалық аурухананың 48 төсек-орындық қабылдау бөлімінің жаңа корпусы салынуда. Алмалы ауданындағы Сән және дизайн колледжінің жанынан салынған 80 орындық қосалқы нысанның құрылысы аяқталды. "Салынып жатқан барлық нысандардағы жұмыстың сапасын бақылауға алуды және оларды мерзімінде пайдалануға беруді тапсырдым. Аулалардың, кіре беріс жолдардың абаттандырылуы және заманауи құрылғылардың жеткізілуі басты назарда болуы тиіс", - деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.