Қазақстан құрама командасы 37-ші Балқан математика олимпиадасына (Balkan mathematical olympiad) қатысты. Румыния елі ұйымдастырған білім бәйгесі 31 қазан мен 5 қараша аралығында қашықтан өтті.
Балқан математика олимпиадасы – Еуропа елдерінің оқушыларына арналған халықаралық математикалық жарыс. Бұл жарысқа әлемнің 18 елінен 154 оқушы қатысып, бақ сынасты.
Олимпиадада Қазақстан құрама командасы 6 оқушыдан құралды. Олар – 2019 жылғы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сонымен қатар олимпиадалық резерв мүшелері. Биыл құрама команданың көрсеткен нәтижесі өте жоғары болды.
37-ші Балқан математика олимпиадасының қорытындысы бойынша Ұлттық құрама команда екі күміс және төрт қола медальды жеңіп алды. Күміс медаль иегерлері – Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 және 11-сынып оқушылары Асылбек Олжабаев және Таир Сатубалдин. Ал қола медаль иегерлері – Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Тамирлан Бектемісов, Алматы қаласы республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Батырхан Сәкенов, Алматы қаласы Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы Юрий Тен, Нұр-Сұлтан қаласы дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Сам Фетуллах.