Қазақстандық кәсіпкерлер несиенің қымбаттығына жиі шағымданады. Ал Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендете алмаудың себебі ретінде өндірістің жоқтығын алға тартып, бизнестің өзін кінәлайды. Бірақ базалық мөлшерлеменің жоғарылығынан несие қымбаттап, соның салдарынан өндірістің аяғы тұсалуда.
Бизнесті қаржыландыру
Өндірістің оңалмауынан инфляция күшейіп, айналып келіп қайтадан базалық мөлшерлемені өсіріп отыр. Экономиканы осы тұйық шеңберден алып шығуға міндетті Үкіметтің ұзақ мерзімді стратегиялық жоспары жоқ. Қолдан бар келетіні – азық-түлік бағасын бақылау.
Бұл шеңберден шығу үшін не Ұлттық банк макроэкономикалық тәуекелге барып базалық мөлшерлемені түсіруі, не банктер бизнеске несиені арзандатып беріп шығынға батуы керек. Я болмаса бизнес жаңа қаржы көздерін табуға тиіс. Осының ішінде ең оңайы және тиімдісі – бизнеске ақша тауып беру.
Зерттеу институттары мен жекелеген сарапшылардың болжамына сүйенсек, коронадағдарыстың кері әсерінен Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің орташа есеппен үштен бірі банкротқа ұшырайды. Десе де, басқа-басқа шағын және орта бизнес банкрот болғаны үшін экономика тоқырайды деуге келмес. Бүгін банкрот болған шағын және орта бизнес күні ертең оңай қалпына келетіні белгілі. Қазір болмаса да, ертең нарықтағы бос орынды басқалар толтырады. Мәселе шағын және орта бизнестің қалпына келер-келмесінде емес, айналымдағы ақшаны қайдан алатынында және халықтың сатып алу қабілетінің қаншалықты қалпына келетінінде жатыр.
«Банктер шағын және орта бизнеске несие бермейді», «Банк несиесі тым қымбат». Бұл – кәсіпкерлердің тарапынан бизнесті ашуға және оны айналдыруға қатысты ең көп айтылатын шағымдар. Рас, банктер шағын және орта бизнеске оңайлықпен ақша бере қоймайды. Оның объективті себептері бар. Біріншіден, жалпы банк атаулы шағын және орта бизнеске ақша салуға тым сақ қарайды. Бұл біздің елге ғана тән емес. Өйткені шағын және орта бизнес ұзақ мерзімді өлшемде тым тұрақсыз.
Шағын және орта бизнестің басты ерекшелігі де осы. Жыл өтпей банкрот болуы да қалыпты құбылыс. Сондықтан банктер ірі, әсіресе белгілі бір деңгейде кепілдігі бар жобаларға қаражат салады немесе жеке тұлғаларға тұтынушылық, тауарлық, ипотекалық, авто несиелер ұсынады. Айналып келгенде, осының өзі бизнесті қаржыландыру емес пе? Сондықтан шағын және орта бизнес әу бастан, табиғатынан жеке тұлғалардың қаражатына сүйенеді.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылғы қыркүйекте заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген несиелер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,1% болған. Былтырғы қыркүйекте көрсеткіш 11,7% болған еді. Есесіне жеке тұлғаларға берілген несиелер бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі былтырғы 18,4%-дан биыл қыркүйекте 17,3%-ға түсті. Бизнеске берілетін несиенің қымбаттауын дағдарыспен байланыстыруға болады. Ал жеке тұлғалар үшін пайыздың төмендеуі ең алдымен осы нарықтың банктер үшін маңыздылығы. Банктердің несие портфелінде жеке тұлғалардың үлесі алдағы уақытта әлі де өсе түсетіні болжануда. Шағын және орта бизнеске сенбейтін банктер бұл нарықты жеке тұлғалар арқылы игеріп отыр. Олар үшін экономикалық тұрғыда ең ақылды әдіс те осы. Қарыз алып, қайтара алмай қалуы мүмкін бизнеске қарағанда, олардың өнімін несиеге алатын қарапайым халықты қаржыландырған әлдеқайда тиімді.
Бизнесті қаржыландыруды банктерден үйренген абзал
Қазақстанда шағын және орта бизнестің жалғыз инвесторы – мемлекет. Мұнайдың қымбат кезінен қалыптасқан дәстүр квазимемлекеттік саладан бастап жеке кәсіпкерлердің өзін бюджетке масыл етіп қойған. Заманның тыныш кезінде Ұлттық қордың миллиардтарымен әзер жүрген шағын және орта бизнес қазір тіпті қиын жағдайда қалды. Жалғыз үміт мемлекетте. Ал мемлекет бұрынғы көмегінен ары аса алмайды. Тиісінше бизнестің «табысы» азаяды. Табиғатынан тым қарапайым шағын және орта бизнеске былайғы инвесторлар да қаражат сала қоймайды. Тәуекелі өте жоғары болмаса да, бәсекелестік күшті.
Жалпы, мемлекет бизнесті қаржыландыруды банктерден үйренуі қажет. Жыл сайын бюджеттен салалық, өңірлік және басқа да мақсаттарға миллиардтаған теңге бөлінетіні мәлім. Осы қаражаттың экономикаға қаншалықты жұмыс істеп жатқанын ешкім есептемейді. Мемлекеттің салған инвестициясы көркейген бизнеске айналды ма, әлде кәсіпкерлер тарапынан «игеріліп» кетті ме, оның да есебі шамалы. Мемлекеттің бизнесті осылайша қолдауы нарықтық экономикада нонсенс саналады. Қанша жерден популистік пікір болса да, сол қаражатты бюджет қызметкерлеріне жалақы ретінде берсе, экономикаға сол тиімді болар еді. Неге десеңіз, бюджет қызметкерлерінің жалақысы бәрібір шағын және орта бизнеске барып түседі. Орта таптың табысы «жастықтың астында жиналатын» ақша емес, сайып келгенде айналып бизнеске табыс болып түседі. Ал бұл дегеніңіз қазіргідей өндірілмейтін тауар үшін емес, өндірілген тауар үшін төлеген ақы болады.
Реформа бір ғана салада жасалмайды
Айлықты жаппай көбейту инфляцияға төте жол. Былтыр Президент Қ.Тоқаевтың әлеуметтік бастамалары іске қосылып, атап айтқанда жалақы мен жәрдемақы көбейіп, қосымша әлеуметтік төлемдер пайда болғанда бірінші күнделікті тұтыну тауарларының күрт қымбаттап кеткені есімізде. Жалақыны көбейту оңай, ол инфляцияны күшейтіп, тиісінше халықтың сатып алу қабілеті сол қалпы қалады дейтін орынды пікір айтылуы мүмкін. Сөз басында инфляция, несиенің қымбаттығы, өндірістің жоқтығы секілді бизнес пен Ұлттық банктің проблемаларын тізгенде бұл мәселелерді тек Үкімет пен Ұлттық банктің үндескен саясаты, ортақ стратегиясы арқылы ғана еңсеруге болатынын айттық. Сондықтан, макроэкономикалық тұрақтылық пен шағын және орта бизнестің көркеюі экономикалық реформаның басы десек, онда жекелеген ведомстволарды ғана міндеттемей, барлық мемлекеттік аппаратты жұмылдыру керек. Жалақыны көбейткеннен кейін инфляция күшеймеуі үшін протекционистік саясат қажет. Еуразиялық одақтың ішінде мұндай бастама қаншалықты өтетіні белгісіз, алайда жалғыз жол – импортқа салықты көбейту. Тауарын Қазақстанға таситын экспорттаушыларға кедендік баж салығын төлегеннен гөрі, олардың өндірісті Қазақстанға көшіріп әкелуіне ықпал еткені тиімді.
Транзиттік экономикадағы проблеманың шешімі нарықтың бетіне қалқып шығып көрініп тұратыны рас болса керек. Ұлттық банк пен кәсіпкерлердің базалық мөлшерлемеге қатысты дауларының бір шешімі осылайша Салық кодексінде жатыр. Импорт қымбаттаса отандық кәсіпкерлер өндірісті күшейтпесе де, шетелдік компаниялардың өндірісті ішке алып келуіне алғышарт болады. Бұл ішкі өндірісті арттырып, тиісінше инфляцияны төмендетер еді, ал инфляцияның төмендеуі – базалық мөлшерлемені түсірудің жалғыз жолы. Ол төмендетілсе, кәсіпкерлер де арзан қаражатқа қол жеткізеді. Бастапқыдағы жалақының көбеюі кейін созылмалы дертке айналмай, кәсіпкерлер үшін нарықта балама қаржы көздері де қалыптасады.
Түйіндей келгенде, мұның барлығы күрделі мәселенің оңай шешімі секілді көрінеді. Экономикалық реформаның тым күрделі көрінетін себебі – әр орган өзінің қысқа мерзімді міндеттерін орындауды ғана ойлайды. Ұлттық банктің биылғы міндеті инфляцияны 8%-дан асырмау болса, Үкіметтің бір міндеті – жыл сайын белгілі бір мөлшердегі қаражатты кәсіпкерлерге тарату. Ұзақ мерзімді ортақ стратегиялық жоспар қарастырылса, әр орган өз көрсеткішін ғана жақсартуды ойламас еді.