Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Жастар конгресінің атсалысуымен, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі жастарды онлайн-форматта байланыстыра отырып, «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» атты жастарға білім беру жобасын іске қосты.
Жастарды жаңашылдыққа бейімдеп, олардың өзін өзі дамытуына жағдай жасауды мақсат еткен жобаның ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Қазақстан Жастар конгрессінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов қатысты.
Дариға Назарбаева эпидемияның аяқталып, қалыпты өмірге қайта оралатынымызға сенім білдіре отырып, пандемия кезінде жақынынан айрылғандарға көңіл айтты. Осындай ауыр кезеңде тынбай еңбек еткен волонтерлердің жұмысын ерекше атап өтті.
«Қазақстан Жастар конгресінің белсенділеріне, волонтерлерге қиын кезеңде адамдарға адал ниетпен қол ұшын беріп, көмек көрсеткені үшін алғыс айтамын. Елбасының бастамасы Biz Birgemiz жобасын сәтті іске асыру үшін көп жұмыс атқарылды. Мыңдаған мекен жайға азық-түлік, санитарлық құралдар жеткізілді. Осы кезеңде еліміздің барлық тұрғынының бірлігін, бір екенімізді сезіну маңызды болды. Жеке компаниялар да атсалысты. Жоба аясында 850 мың адамға көмек көрсетілді. Қазақ елі жомарт адамдарға бай. Олардың мәрттігі үшін зор ризашылығымызды білдіреміз», деді ол.
Сонымен бірге пандемияны тез арада аяқтала қояды деп ойламайтынын, ондай жағдайда әлі ұзақ уақыт әрекет етуге дайын болуымыз керектігін атап өтті. «Ал бұл – қолдауды қажет ететін адамдарға барынша көмек көрсетуді жалғастыру керек деген сөз. Өзіміз бен жақындарымыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарауымыз керек. Онымен қоса үздік тәжірибені қолдап, насихаттау қажет», деді Д.Назарбаева.
«Бағдарламаның атауында көрсетілгендей, қазіргі жастардың алдында жаңа міндеттер тұр. Елбасы Нұр-Сұлтан қаласында жасыл белдеу салу туралы бастама көтерді. Қазір
15 мың гектар жерде 11,5 млн ағаш өсіп тұр. Астананың климаты өзгерді, қала тұрғындары ормандарда демала алады. Бұрын мекендемеген құстар келді, жануарлар көбейді. Мұндай белдеулер басқа да аймақтарға қажет. Осы жобаны біздің ұзақмерзімді міндетімізге айналдырсақ деймін. Конгреске қарасты «Жасыл ел» ұйымы бар. Жастардың осы салада тәжірибесі мол. Сонымен бірге Үкімет пен әкімдіктердің көмегінен үміттенеміз», деді Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры.
Одан бөлек Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл жастарын қолдау бағдарламасы «Мың бала» жобасына тоқталып өтті. Дариға Назарбаева конгресс жастарын ауыл балаларына көмек көрсетуге, оларға тәлімгер болуға шақырды. Сонымен қатар тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында іске асырылатын жобаларды талқылауды ұсынды.
«Жастар үшін қоғамға, яғни елімізге қалтқысыз қызмет етуден маңызды іс болуы мүмкін бе? Осы қызмет арқылы сіздер тәжірибе жинақтайсыздар, құрмет пен беделге ие боласыздар және өмірде көп жетістіктерге жетесіздер. Мен сіздерге шын жүректен осыны тілеймін. Осындай өмірлік ұстаным жаңа ұрпаққа, жаңа адамдарға кез келген дағдарысты жеңуге және ұлттық егемендігімiзді нығайтуға күш-қуат береді деп сенемін», деп түйіндеді сөзін Дариға Назарбаева.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева: «Коронавирустық пандемия біздің жоспарларымызға бірқатар түзету енгізді. Сонымен бірге онлайн режімінде тиімді жұмыс істей алатынымызды және жұмыс жасауымыз керегін көрсетті. Эпидемия адамдардың ойлау қабілетін, өмірге деген көзқарасын өзгертіп, барлығымыз да өз жұмысымызда және күнделікті өмірде үлкен жауапкершілікті сезінетін болдық», деп атап өтті.
Министр бүгін ел жастары үшін маңызды шараның басталғалы тұрғанын айта келе, Елбасының «Біздің мақсатымыз – жастарға жаңа әлемде өмір сүруді үйрету» деген сөзін еске салды. Тәуелсіздік алғалы елімізде жаңа да жасампаз жастардың қалыптасқанын айтты. «Бұл жоба жастарға білім берумен қатар, құнды пікірлері мен керемет идеяларын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр», деді А.Балаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында бір айдың ішінде жас қазақстандықтар өз білімін арттырып, білікті жаттықтырушылардан, сарапшылардан және өзге де шақырылатын қонақтардан көшбасшылық және өмірлік қарым-қабілетті үйренуге мүмкіндік алады.
Жоба барысында жастардың өзекті мәселелері бойынша әлеуметтік диалогты жандандыру және әлеуметтік серіктестік тетіктерін әзірлеу үшін, орталық мемлекеттік органдар басшылығының қатысуымен пікірталастар жоспарланған.
Жобаның жұмысы бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар – азаматтық белсенділік, волонтерлер, ақпараттық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі және жеке даму.
Сабақтар онлайн-форматта жүзеге асырылатындықтан оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың қатысуға толық мүмкіндігі бар.