Қазақ телевизия журналистикасының цифрлық дәуірдегі келбеті, ұлттық мүдде мен рухани-мәдени мазмұнды қалыптастырушы рөлін талқылау және болашақ тележурналистерге заман талабына сай білім беру мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультеті жыл басынан бері бірнеше игі шараларды атқарып үлгерді. Қашықтан оқыту формасына ыңғайланып үлгерген факультеттің сәуір айында «Хабар» телеарнасымен бірлесіп шеберлік сыныбы декадасын өткізгені белгілі.
Жобаны үйлестіруші профессор Ұ.М.Есенбекованың жетекшілігімен ұйымдастырылған декада білім алушылар мен «Хабар» тележурналистерінің көңілінен шығып, жақсы бағаланған еді. Осы тәжірибенің жалғасы ретінде Журналистика және саясаттану факультетінде профессор Ұ.М.Есенбекованың басшылығымен арнайы комиссия құрылып, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының танымал журналистерімен шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
2-10 қараша аралығында еліміздің іргелі оқу орыны Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің журналист мамандығы бойынша білім алушы студенттер мен магистранттар үшін мазмұнды іс-шара өткізілуде. Ұлттық арна мамандары болашақ журналистерді жаңа дәуір телевизиясының ішкі құрылымымен, шығармашылық процестермен таныстыруда.
Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлы алғы сөзінде студенттер, магистранттар мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының журналистеріне алғысын, тілектерін білдірді. Университет қабырғасында мықты мамандарды даярлаудың маңызы мен теориялық және практикалық сабақтарды ұштастырудың қажеттілігін де атап өтті. Онлайн форматқа қарамастан осындай бастамалардың білім алушылар үшін пайдалы болатынына сенім білдірді. Бұл жиын онлайн форматтың да тиімді болатынын және қазіргі қиындыққа қарамастан білім сапасын өсіруде барлық технологиялық мүмкіндіктерді Журналистика және саясаттану факультеті еркін әрі ұтымды пайдаланып жатқандығын ерекше қуанышпен бөлісті.
Онлайн шеберлік сыныбының алғашқы конференциясын Ұлттық телеарнаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Қайрат Мұсақұлов жүргізді. Белгілі журналист телеарнаның ақпараттық-сараптамалық қызметі туралы әңгімелеп берді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметтің қыр-сырымен болашақ мамандарды таныстырды. Сонымен қатар, жаңалықтар қызметіндегі басшылық, оған жету үшін журналистке қажет білім мен адами қасиеттердің маңызын жастарға түсіндіріп, бүгінгі мамандарға қойылатын басты талаптарға да тоқталды.
Шеберлік сыныбының келесі конференцияларында Ұлттық телеарна арқылы танылып жүрген Қымбат Досжан, Гүлназ Әлімгерей сияқты білікті тележүргізушілер өз тәжірибелерімен бөлісті. Бірнеше жыл қатарынан осы телеарнаның жаңалықтар мен мәдени-танымдық бағыттағы жобаларында тәжірибе жинаған мамандардың студенттер мен магистранттарға айтары да көп болды. Ұлттық телеарна аудиториясына тәжірибелі тележүргізушілермен қатар танылып жүрген Нартай Аралбайұлы, Ғалымжан Кеңшілік сынды жас жүргізушілер де онлайн конференцияларда журналистік қызметтің бүгінгі ерекшеліктерімен бөлісті.
Телеарнадағы қызмет тележүргізуші немесе журналист, редактор мамандармен шектеліп қалмайтыны белгілі. Бүгінгі телевизия үлкен ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі. Ондай қызмет иелеріне продюсер, режиссёр, оператор мен видеоинженер сынды мамандарды жатқызамыз. Ұлттық арнаның білікті продюсері Айгүл Мыңжасар мен тәжірибелі қоюшы-режиссер Гүлмира Мұқановалар да өздері атқаратын жұмыстармен таныстырды. Кәсіби тележурналистердің берген ақпараттары БАҚ саласында жұмыс істеуге талпынған әрбір болашақ маман үшін өте құнды деп санаймыз.
«Қазақстан»Ұлттық телеарнасының журналистері шеберлік сыныбын мазмұнды және қызықты етіп өткізуге көңіл бөліп, жастарға телевизия құпиясының әр қырынан үңілуге көмектесті. Студенттер мен магистранттар өздерінің сауалдарына толымды жауаптар алды.
Мәртебесі ұлттық деп анықталған телеарнаның беделді журналистеріне айналып, басшылық қызметтерге қол жеткізген тұлғалардың бүгінгі арман қуған студент пен магистрант қауымына беретін өнегесі де аз болмауға тиіс. Онлайн кездесулерде журналистердің кәсіби деңгейінен басқа ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі, үлгілі моральдық қасиеттердің иесі болуы да айтылды. Кемшіліктерге бой алдырмау туралы кеңестер берілді. Тәжірибелі, танымал журналистерден естіген ақыл-кеңестерді болашақ мамандар өздерінің қызметі барысында қолдана отырып, әрекет ететіндері анық. Конференцияның әрбір дәрісін жастардың зор ынтамен тыңдауы да соның дәлелі.
Онлайн конференциялар Журналистика және саясаттану факультетінің профессорлар қауымын, білім алушылар мен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының кәсіби мамандарын бір мақсатқа тоғыстырды. Шеберлік сыныбын ұйымдастыруда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы ұжымның да үлесі зор болды. Кафедра меңгерушісі Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазы бастаған профессорлар мен оқытушылар қауымы студенттер мен магистранттардың құнды білім жинап, білікті маман болуы үшін осындай кездесулерді жоспарлы түрде ұйымдастырып келеді.
Журналистика мамандығын игеріп жүрген студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін осындай шеберлік сабақтардың пайдасы өте көп. Өнеге аларлық ұстаздары бар бүгінгі білім алушылардың ұлтқа қызмет етуін, талабының биік, біліктілігі мен өресінің жоғары болғанын тілейік.