Жуырда Парламент отырысында 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-і халық саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейтіні, қолданыстағы әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңға сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға халқының саны 10 мың адамнан кем түспейтін елді мекендер жататыны айтылды.
Ауыл болашағын айқындайтын үш өлшем бар
Қолданыстағы заңнамада аудандық ауқымдағы қаланың мәртебесін ауылға өзгерту жөніндегі құқықтық тетік көзделмегендіктен, бұл заңға аудандық маңызы бар қалаларды қайта құру жөніндегі құзыретті айқындауға бағытталған түзетулерді енгізу қажеттігі туындап отыр. Қала мәртебесінің ауылға өзгеруі жергілікті тұрғындарға ауылды елді мекендердің тұрғындары үшін қарастырылған мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын алуға мүмкіндік беру үшін ғана қабылданған шешім.
Үкіметтің ендігі байламы – ауылды «болашағы бар елді мекендер» тізіміне енгізген кезде сол жердің демографиялық ахуалына, тұрғын санына басымдық беру керек деген тұжырымға тіреліп тұр. Қатып қалған әдістемеге емес, қажет болса кез келген ұсынысты қаперге алуға ниеттеніп отырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов не себепті ауылдағы демографиялық ахуалға басымдық берілуін Парламентте түсіндіріп берді. Үкіметтің экономикалық блогының мұндай шешімге келуіне ауыл халқының саны көбейсе экономикалық белсенділік те артады деген үкілі үміт себеп болғанға ұқсайды.
– Бұған дейін балы да жоғары, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары да бар ауылдан тұрғындардың көптеп көшіп кеткені талай мысал болды. Ондай ауылдарға көп қаржы жұмсаудың қажеті қанша? Сондықтан ең басты көрсеткіш – демография, – дейді министр.
Осы ретте «болашағы бар-жоғын анықтайтын әдістеме өзгеруі мүмкін бе?» деген сауалға министрдің жауабы дайын болып шықты: Министрлік шығарған бұйрыққа сәйкес, ауылдың болашағын анықтау тиісті өлшемдерге негізделген. Демография үшін 50 балл берілген, инфрақұрылымға 20 балл, ал экономикалық өлшем бар-жоғы 20 балды құрайды.
Мұндай әдіс ауылдың экономикалық әлеуеті мен еңбек идеологиясын дамытуға елеулі ықпал ете ала ма? Көп көңіліндегі осы күдіктің сарыжамбастанып кеткеніне талай уақыттың жүзі болды Тек 2012-2019 жылдар аралығында елімізде 500-ге жуық ауыл жабылыпты. Сарапшылар 2000 жылдардан бергі уақытта ауылды дамыту мен болашағы жоқ ауылды жоюға қатысты қабылданған құжаттардың ара салмағы теңесіп қалғанын айтады. Жаңа құжат айналымға енген сайын көпшілік осыған дейінгі құжаттарда айтылған ұсыныстардың нәтижесін, болашағы жоқ деп танылған ауылдардағы көші-қонның барысы туралы білгісі келеді.
Ұлттық экономика министрлігінің ұстанымы бойынша қарасақ, даму болашағы бар елді мекендердің қатарына 2761 ауыл кірмей қалыпты. Бұл ауылдарда 1 миллионға жуық адам тұрады. Енді осы ауыл тұрғындарының тағдыры не болмақ? Бұл сауалға министр Р.Дәленов республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы басымдық берілген және ірі қалалардың іргесінде жатқан ауылдарды дамытуға жұмсалатынын, артылған ақшаны әкімдік өзге ауылдарға бөлетінін айтты. Артылған ақша берілетін ауылдар санатына тұрғын саны 300-400 адамнан аспайтын ауылдар кіреді.
Ұлттық экономика министрлігі жүргізген талдау әрбір бесінші ауылда (21% немесе 1 361 елді мекен) мектеп мен балабақшаға, ал әрбір үшінші ауылда (33% немесе 2 073 ауыл) – аурухана, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен медпунктке жөндеу жүргізу қажет екенін көрсеткен. 2 мыңнан астам ауылды (36%) сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, 30 мың шақырым жолды жөндеу қажет. Демек Үкімет бұл жолы да икемге көнетін ауылдарды алға сүйреп, қалғандарын болашақтағы жарқын күндердің еншісіне аманаттап қоюға шешім қабылдаған сияқты.
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Таңбалау тоқсаныншы жылдары басталған
1990 жылдардың соңында Үкімет ауылдарды іріктеп, «болашағы бар ауыл», «болашағы орташа ауыл» және «болашағы жоқ ауыл» деген топтарға бөлген болатын. Сол кезде Қазақстанда 7 мыңдай ауылдың 3 мыңы «болашағы бар ауыл» санатына жатқызылса, 2 мыңында «жағдайды дұрыстауға болады» деген шешім шығарылып, қалған 1 мың 500 ауылға «болашағы жоқ» деген таңба басылды.
1997 жылдың көктемінде бірнеше облыс жабылып, көптеген аудан таратылған тұста Шығыс Қазақстан мен Алматы облысының Қытай Халық Республикасымен арадағы шекара бойына орналасқан аудандардың біразы ықшамдауға ілігіп кетті. Аудан мәртебесінен айырылып, басқа ауданның құрамындағы елді мекендер санатына қосылған өңірдегі ауылдардың тұрғындары жыл сайын азайып, қалаға көшіп кетті. Сол кезде сарапшылар «Болашағы жоқ ауылдарды» орталық аймақтарға көшіруді тиянақты қолға алғанның өзінде жеті жыл уақыт керек екенін, жұмыс жүйелі жүрмесе, көшіру он жылдан асып кетуі мүмкін екенін, ал Үкімет оларды 2020 жылға дейін көшіріп бітіруге ниеттеніп отырғанын айтқан. Межеленген 2020 жыл да аяқталуға жақын. Бірақ Үкіметтің ықыласынан кенде қалған ауылдарға қатысты түйін тарқатылмағанын, сарыжамбастанып 2020 жылға жеткенін көріп отырмыз.
Қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Айтаханов біз сөз етіп отырған мәселе жалпыәлемдік проблема екенін айтады. Тіпті КСРО-ны біраз уақыт мұнай құтқарғаны тарихтан белгілі. Мұнай мен газды шетелге сатудан түскен ақшаға бидай, ет, көкөніс консервілері мен ет сатып алды. Бірақ ақыр соңында әлемнің жартысына жуығына үстемдік етіп отырған алып мемлекет бәрібір күйреп тынды.
Оның пікірінше, өзін тамақпен қамтамасыз ете алмайтын елдің болашағы жоқ. АҚШ пен Канада, Аустралия секілді дамыған ірі мемлекеттерде де Қазақстандағыдай өзекті проблемалар жетерлік. Олардың қатарына еңбектің жер бөлінісіне икемделіп, тозығы жеткен өндіріс пен аграрлы аудандардың қайта құрылуын, ірі қалалар мен өндірістік агломерациялардың шектен тыс өсуін, қала мен ауыл арасындағы көші-қонды реттеуді, инфрақұрылым жүйелерін жетілдіруді, әлеуметтік-экономикалық жүйелерді жаңартуды, облыстардағы экологиялық ахуалдың жақсаруын жатқызуға болады.
Әлемдік тәжірибенің жақсысы мен жаманын сұрыптап алу керек. Себебі дамудың баршаға ортақ әмбебап үлгісі жоқ болғанмен, өзара ұқсас ұстанымдары болуы әбден мүмкін. Көршіміз Ресейдегі муниципалды кеңестер ең алдымен елде демократияның бар екенін көрсету үшін ғана құрылған, бірақ іс жүзінде оларда биліктің нақты тетіктері жоқ. Халықаралық тәжірибеге келетін болсақ, ауылдық елді мекендерді дамытуға деген көзқарас әр елде әртүрлі.
КСРО тәжірибесін зерделесек, 1960-1970 жылдары мемлекеттік бағдарламалардың бірінде болашағы жоқ елді мекендерге қаржы бөлуді тоқтату туралы мәселе ашық көтеріліпті. Бұл ұстаным мемлекеттік бағдарламаларда да қарастырылған. Кейін ел халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуде қиындықтар туған соң ғана ауылды сақтап қалуға барынша басымдық беріліп, бағдарламаларда елді мекендерге қатысты «болашағы жоқ» деген сипаттама алынып тастап, бұл сөзді айтуға тыйым салынған. Орталықтан шалғай аймақтарда тұратын ауылдың балалары үшін мектеп-интернаттар ашылып, көшпелі дүкендер ұйымдастырылып, он үй болса да ауылды сақтап қалуға басымдық берілгені осыған байланысты.
– Үкіметтің тізіміне ілінген болашағы жоқ ауылдардың тең жартысы Солтүстік облыстарда, қара топырақты аймақтарда орналасқан. Мал өсірсе де, егін салса да қолайлы жерлер. Сондықтан болашағы жоқ деген шешімнің соңын қуып жүре бермей, оларға жағдай жасап, балаларына мектеп-интернаттар салып берейік. Мал басын көбейтемін, егін саламын дегендерге қаржылай көмектессек, көшіп кеткен ел қайта оралады. Бұған жұмсалатын қаржы ауылды көшіруден әлденеше есе арзанға түседі. Екіншіден, ауылды сақтап қаламыз. Бізге де күндердің күнінде «болашағы жоқ ауыл» деген көзқарастан бас тартуға тура келеді. Көзін тапсақ, біз оларды азық-түлік белдеуіне айналдыра аламыз, – деп сөзін түйіндеді Қуаныш Айтаханов.
Ол қарашаңыраққа кие деп қарайтын қазақ ауылдары әлемдік стандарттарды қабылдай бермейтінін, ауылды да жер бетінен жойылудан сақтап қалатын фактор қазақтың қарашаңыраққа деген ықыласы екенін айтады. Қарашаңырақтың қазығы қадаулы тұрған ауылдан қазақ безіп кетпейді. Дамыған мемлекеттерде ауыл тұрғындарының бас-басында қоршалған фермасы, ат-көлігі мен техникасы бар. Біздің ауылдарды осындай деңгейге жеткізуге мүмкіндік беретін факторлар жетеді.
Демографиялық карта керек
Сарапшылар осы мәселеге қатысты «ондыққа дөп түскен» қаулылар мен шешімдердің болғанын айтады. 2014 жылдың наурыз айында Үкіметтің № 248 қаулысы шықты. Одан беріде талай рет өзгерістер енгізіліп, толықтырылса да күні бүгінге дейін осы құжат өзектілігін жоймапты. Алдымен демографиялық карта жасау, қандастарды сол карта бойынша қоныстандыру, болашағы жоқ ауыл мәселесінің түйінін демографиялық карта арқылы шешу деген ойлар Үкімет қабырғасында сол кезде айтылды.
Үкіметтің 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасын әзірлеп, тығыз орналасқан оңтүстік өңірдегі тұрғындарды солтүстік өңірге қоныстандыру туралы бағдарламасына да 2014 жылы қабылданған қаулы себеп болды. Бағдарлама нәтижесінде Түркістан және Алматы облысынан 7 мың адам солтүстіктегі халық саны аз ауылдарға көшірілді. Жаңа мекенге көшкендердің басым бөлігі Түркістан мен Алматы облысынан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2050 жылы солтүстік облыстарда адам саны 1 миллионға азайып, оңтүстік аймақтарда 5 миллионға көбейетінін айтып отыр. Демек бұл мәселе жыл өткен сайын қордалана береді. Ауылға қатысты проблеманы болашағы жоқ деп тану үшін тым ақылды болудың қажеті жоқ.
Ауылдың болашағы әкімнің іскерлігіне байланысты. Бұл – әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың пікірі. Саясаттанушы Әзімбай Ғали облыс, аудан әкімдерінің іскерлігін ауылының ахуалы мен халқының жұмыспен қамтылуына қарап бағалау жүйесін енгізетін кез келді. Бізге ауыл мен қалаға қатысты теңгермелі саясат ұстану керек. Себебі соңғы 25 жылда еліміздің оңтүстік облыстары – Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында жойылатын ауылдардың қатарына еніп қалған елді мекендер өте аз. Бұған халықтың тығыз қоныстанғаны емес, осында тұратын халықтың жер өңдеп, егін салуға икемділігі себеп. Көрші Өзбекстанның Түркістан облысында жемісті ұзағырақ сақтауға мүмкіндік беретін логистикалық орталықтар салуға ниет танытуы осы өңірдің тұрғындарына оң болып тұр. Өзбектің аяғы жетпеген жерге қияры мен қызанағы жететінін бәріміз көріп жүрміз. Алдағы уақытта көтерме бағамен өткізуге, сатуға мүмкіндік беретін логистикалық орталықтарды көптеп ашу ауылды сақтап қалуға әсер ететіні мемлекеттік деңгейде мойындалды.
Жалпы, ішкі көші-қон үдерістерін реттеу мақсатында елімізде «Ішкі көші-қон туралы» заң қабылдау қажеттігі жайында медиа қауымдастық та, қоғамдық институт өкілдері де дабыл қаққан болатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ішкі көші-қон туралы заң жобасы дайындалып, парламентке келгенде, қоғам одан біраз үміт күткені де рас. Бірақ болашағы жоқ ауылдардың қордаланып қалған мәселесі сол күйінде тұр.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали қазір жойылуға немесе болашағы жоқ деп табылған елді мекендерді жасанды түрде қолдан сақтап қалуға болмайтынын айтады. Себебі біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауылды әлсіретіп, мүмкіндігін ыдыратып алдық. Бірақ мүмкіндігіміз жетпейді деп тұрғындары азайып кеткен ауылды өз түйткілімен бетпе-бет қалдыруға болмайды. Жойылуға жататын елді мекендер дәл қазір шаруашылық жағынан пайда алып келуі, тіпті қазір болашағы жоқ деген елді мекендер күні ертең шағын қалаларға айналып шығуы әбден мүмкін.
Урбанизацияның көрінісі
– Ауылда адам санының азайғаны – урбанизацияның салдары. Қазақтың жері кең. Барлық аймақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мүмкін емес. Адамдардың жақсы өмір сүруі үшін жайлы жерлерге ұмтылуы заңды. Солай екен деп иесіз қалған ауылды биліктің назарынан тыс қалдыруға болмайды. Қалталы азаматтардың сол жерлерді игеруіне мүмкіндік берейік, мал басын көбейтіп, бау-бақша өсірсін. Қазақтың санасына ел иесіз емес, жер иесіз емес дегенді орнықтыра беру керек. Соңғы 150 жылда урбанизация әлемдік процеске айналды. Қазақстанда да қалалықтардың саны артқанмен, ауылдар түбегейлі жойыла қоймайды, – дейді Әзімбай Ғали.
Саясаттанушы қазақтың қалаға жабыла көшу үрдісінің тоқтайтын кезеңіне жақындап қалғанымызды айтады. Қазіргі қазақ үшін қала – қыстау болса, ауыл жайлауға айналды. Бір баласына – Алматы, екінші баласына Нұр-Сұлтаннан үй алып беріп, өзі ауылда қарашаңырақты күзетіп отырған қазақтардың қатары көбейіп келеді. Демек ауылды сақтап қалатын мүмкіндік – қарашаңырақты күзетіп отырған қазақта.
Экономист Серік Оңалбайұлы посткеңестік кеңістікте өзін-өзі басқаруға көп көңіл бөлу керектігін, АҚШ-та елді мекендердің халқы қалай өмір сүруді өздері шешетінін айтады. Осыған байланысты, көбінесе бір штаттың өзінде графтықтардың экономикалық жағдайы да әртүрлі болуы мүмкін.
– Англияда жергілікті басқару құрылымы өте күрделі. Бұл елдің әкімшілік-аумақтық құрылымына тарихи алғышарттардың әсері зор. Біріккен Корольдікте 350-ден астам жергілікті кеңес жұмыс істейді. Ел үкіметі кеңестің бәрін біріктіру немесе санын азайту орынды екенін түсінеді. Бірақ тұрғындар өздерінің тарихи құрылымдарына әбден үйренген және өзгерісті қаламайды. Бұл елде халықтың қалауын орындау, көзқарасын ескеру мемлекет қызметінің негізі болып табылады, –дейді Серік Оңалбайұлы.
Қазақстанға қайта оралсақ, ауылдық елді мекендерді дамыту Қазақстан үшін өте маңызды екені сөзсіз. Алайда бұл мәселеде Үкіметтің әр саладағы іс-әрекеттерінде қайшылықтар бар. Бұл ауылдық жерлерді дамыту реформаларында нақты сындарлы жоспардың жоқтығын айқын көрсетеді.
– Үкіметтің жоспары экономикалық тұрғыдан алғанда ақылға қонымды көрінетінін тағы бір айтып өткім келеді. Алайда озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, бұл мәселеде тұрғындардың ұмтылысы мен олардың қалауы басымдыққа ие, ал экономикалық аспектілер екінші орынға қойылған. Және бұл өте қисынды, – деп сөзін түйіндеді Серік Оңалбайұлы.
Шынында да, ең алдымен мемлекетті тиімді басқару – халықтың қалауы мен ұмтылысының арасындағы тепе-теңдіктің сақталуына байланысты. Сол себепті елді мекендердің де өзін-өзі басқару құзіретін кеңейткен артықтық етпейді. Үкімет мұны енді түсіне бастағандай.
АЛМАТЫ