Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Nur Otan партиясы «Бірлік» қалалық филиалының бастамасымен кездесу өтті. Іс-шараға кітапхана директоры Әмірхан Рахымжанов, қалалық Nur Otan партиясының «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов және елордалық №17 мектептің директоры қатысты.
– Елбасы кітапханасы білім беру мен мәдени бағыттағы міндеттерді жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізіп отыр. Мекеменің музей, архив, кітапхана қорын ұштастырған жаңа ғимарат қазіргі жастарға рухани, патриоттық тәрбие беруде, құндылықтар жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда. Елбасының «Еліңді сүйе білсең, жан аямай қызмет ете білсең, елің де сені алақанға салып аялай біледі» дегеніндей, ұрпақты елін сүюге тәрбиелеу жолында барша мүмкіндіктерімізді пайдаланып келеміз, – деді мекеме басшысы Ә.Рахымжанов. Сонымен қатар кітапхана пандемия кезеңінде онлайн форматта белсенді жұмыс істеп жатқанын да атап өтті.
Еркін форматта өткен басқосуға қатысушылар заманауи білім беру мәселелерін, қазіргі жағдайдағы қосымша білім берудің маңызын және ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Іс-шара барысында білім беру мекемелерінің басшыларына мектеп кітапханаларының қорын толықтыру үшін кітаптар табыс етілді. Олардың ішінде: «Біздің Президент», «Тұңғыш», «Астана – тәуелсіз Қазақстанның символы», «Тарихи таңдау» т.б. басылымдар бар. Туындылардың денін Елбасы Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор М.Б.Қасымбеков жетекшілігімен Елбасы кітапханасының авторлық ұжымы жарыққа шығарған.
«Елордалық мектептер біздің басты серіктестеріміз болды және солай болып қала береді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерге көпжылдық жемісті ынтымақтастық үшін алғысымды білдіремін және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін» деген тілек білдірді ұйымдастырушы тарап өкілдері.
Жиын барысында қонақтар атынан сөз алған №17 мектеп-гимназиясының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Рәмзия Өмірбаева: «Елбасы кітапханасының музейі – тарихқа терең бойлайтын орын. Менің ойымша, әрбір азамат өз елінің тарихын білуге міндетті. Көптеген адамдар жастарды тәрбиелеу жолын қарастыруда. Жастарға мораль оқудың қажеті жоқ, оларға қалай дұрыс өмір сүру керектігін көрсету қажет. Осындай ұлы жолмен жүру: қарапайым жұмысшыдан Президенттікке дейін көтеріліп, Елбасы болу – осындай өмірдің, күрестің, жасампаздықтың жарқын дәлелі. Мұндағы әрбір фотосурет пен жәдігер – Елбасының өмірі мен көпқырлы қызметінің тарих арқылы көрсетілген, жаңа тәуелсіз мемлекетті құрып қана қоймай, оны бүкіл әлемге танымал елге айналдырған Қазақстан тарихы. Маған бұл жер өте ұнады, оқушыларымызды міндетті түрде осында әкелемін. Елбасы кітапханасына мектеп кітапханаларының кітап қорын толықтыру мақсатында осындай маңызды әрі қажетті бастамасы үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Біз барлық оқушыларды жаңа басылымдармен таныстыруға күш саламыз. Тек оқушыларды ғана емес, олардың ата-аналарын да құнды қазыналармен таныстыратын боламыз», деп ой бөлісті.