Коронавирус індеті елімізде алғаш күшейе бастағанда дәрі-дәрмек тапшылығы қатты сезілді. Ал қазір індеттің ықтимал екінші толқынының қаупі төніп тұрған шақта осындай қателіктерге қайтадан ұрынбас үшін өңірлерде тұрақтандыру қорлары ұйымдастырылды. Соның аясында сұранысқа ие дәрілік препараттарды сатып алу үшін көтерме дистрибьюторларға қайтарымды негізде қаражат бөлінді.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары жөнінде кеңінен мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған мақсатқа өңірлерге 17,9 млрд теңге бөлінді.
«Қазіргі кезде дәріханаларда халықтың дәрілік заттарға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар жеткілікті. Мониторингтік топтар 1 640-тан аса дәріхананы тексеріп, шекті бағадан асырылып, сатылған дәрілік заттардың 199 атауын анықтаған. Аталған кезеңде 174 млн теңге сомасында шекті бағаның артуының 876 фактісі, 39,4 млн теңге сомасында дәрілік заттарды заңсыз өткізудің 347 фактісі анықталды. Сондай-ақ 1 223 әкімшілік хаттама толтырылып, 213 млн-нан аса айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 10 млн-нан аса дәрлік зат алынды, деді Н.Асылбеков.
Сонымен қатар ведомствоаралық комиссияның тапсырмасымен індеттің жаңа толқынына дайындық мақсатында бірыңғай дистрибьютор бірқатар шаралар қабылдады. Бұл туралы «СК – Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев жан-жақты мәлімет берді.
«Біріншіден, барлық медициналық ұйымдарда айлық қорды қалыптастыру қолға алынды. Бүгінде бірыңғай дистрибьютор 20 млрд теңгеден аса сомаға 91 дәрілік зат көлемін жеткізді. Ол тез қалпына келтіріліп отырады. Екіншіден, пневмония мен КВИ бар науқастарды антибиотиктермен және дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмекпен тегін амбулаторлық қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Шамамен 2 млрд теңге сомасына 1 млн-ға жуық адамды қамту жоспарланған. Үшіншіден, «қауіпсіздік жастығы» деп аталатын екі айлық дәрі-дәрмектер қоры құрылды. Стационарларда айына 60 мың пациент болады деген болжаммен коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің 44 атауы сатып алынады, – деді Е.Есқалиев.
Оның айтуынша, әзірге 44 атаудан дәрі-дәрмектің 39 түрі сатып алынды. Гуманитарлық көмек шеңберінде қажетті дәрі-дәрмекті жеткізу мәселесі қосымша пысықталуда. Төмендемейтін қор көлемі бекітілген кестеге сәйкес бірыңғай дистрибьютордың 4 хабына дәрілік заттарға пайыздық арақатынаста қажеттілік фактісі бойынша жеткізіледі. Төмендемейтін қор Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы негізінде медициналық ұйымдардың өтінімдерінен тыс қалыптастырылған және нақты өңірде нақты позициялар бойынша аурудың өршуі жағдайында пайдаланылады. Пайдаланылатын көлем жедел түрде қосымша сатып алумен толықтырылады. Осы циклды толықтыру үшін екі ай уақыт жеткілікті.