Дүниеге орыс болып келсем де, рухым қазақ деп білемін. Себебі көпұлтты Қазақстан елінің перзентімін. Жүзден аса ұлттың баласы бір анадан туғандай тату-тәтті өмір сүріп жатқан жердің топырағын басып, суын ішіп өстім. Бала кезден қазақ тілін жетік меңгеріп, бүгінде мемлекеттік қызметте еліміздің дамуына өз үлесімді қосып жүрген азаматтың бірімін.
Қазақстанның биік шаңырағында татулық пен бірлік, ынтымақтастық пен достық орнағаны – бәріміз үшін мақтаныш. Бұл ретте тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы зор. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті – бейбітшілік мекені. Қазақ халқы өз жеріне тағдыр айдап келген барша өзге ұлт өкілдерін сыртқа тепкен емес. Керісінше, қанына сіңген бауырмалдылығымен құшақ жайып қарсы алды. Басқа түскен қиын тағдырдың қасіретін бірге арқалады. Соның арқасында бүгінгі бейбіт күнге жеттік.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге қашанда нәтижелі істердің атқарылатыны белгілі. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Қазақстан ұлтаралық қатынас саясатында əлемдік кеңістікте əрқашан өнеге тұтатын ел болып қала береді. Қазақстандық тəжірибе, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымы сынды халықаралық құрылымдардың жоғары бағасын алды. Шынында да, бұл – əлем жұртшылығының назарын аудартқан ерен құбылыс. Ассамблея тек елдегі этностар арасындағы мәселемен шектелмей, халықаралық қатынастарға да өз үлесін қосып, бұл реттегі мәселелерді тиімді шешуге зор ықпал жасап, еліміздің халықаралық беделін көтеруге үлес қосуда. Бұл ретте Ассамблеяның ұйытқысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының еңбегі мен сарабдал саясатын атап өтпеске болмас.
Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Ана тіліне салғырт қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайды қарау деген сөз. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – әрқайсымыздың асыл парызымыз. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Тіл – адамның барлық саналы өмірінің маңызды бөлігі. Адамзат баласы өнер-білімді, мәдениеттілікті тіл арқылы үйренеді. Тіл – байланыс.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген сөздерін барша қазақстандық жадынан шығармауы керек.
Тәуелсіздіктің рухын асқақтатып тұратын тілдің мәртебесін көтерудегі ауқымды істің басы-қасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүруі үміт сыйлайды, мәселенің маңызын түсіндіреді. Тұңғыш Президентіміз «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек... Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халық өкілдерінің ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыруымыз қажет», деп атап көрсеткен болатын. Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттанғысыз екенін жан-тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» заңның жүзеге асуын ұлт болып қамтамасыз етуіміз қажет.
Мен осы уақытқа дейін атқарған қызметтерім болсын, қоғамдық ортада болсын, үнемі тек қазақ тілінде сөйлеуге және ой-пікірімді тек мемлекеттік тілде білдіруге тырысамын. Қызметтік жиналыстарды қазақ тілінде жүргізіп, қарамағымдағы әрбір әріптесімнен де осыны талап етемін.
Тілді дамыту – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Жалпы, мемлекеттік тіл саясатын толыққанды жүзеге асыру бұл бұқаралық іске айналғанда ғана көздеген мақсатқа жете аламыз деп санаймын.
Тілдің болашағы – баршамыздың қолымызда.
Вячеслав ВАВИЛИН,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі