Жаяу жүру, жаяу алыс сапарларға шығу – әрі денсаулықтың, әрі ел танып, жер танудың кепілі. «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда» демекші, жаяулата сапарға шыққан жолаушыны қарсы алып, құрмет көрсету – қонақжай халқымызға тән қасиет.
Қиырларға жаяу жол тарта сапар шегетін дәстүрді жаңғыртушы жанкешті жандардың бірі – шапшаң жүруден спорт шебері, каратэші, рухани ізденуші ақтөбелік Сәрсенбай Сәметұлы Ерқасымов. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Пір Бекет Атаның 270 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы құрметіне арнаған кезекті «Қасиетті сапар» атты жаяу экспедициясының 80%-ын жүріп өткен ол Маңғыстау өңіріне табан тіреді. Қазақ жеріндегі қасиетті жерлерді аралап дұға ету, ел мен жердің амандығы мен бүтіндігі, жарқын болашағы үшін тілек тілеу, қазақ халқының рухани танымдарын санада жаңғырту, киелі орындар мен тарихи тұлғаларды ұлықтау, бейіттеріне зиярат ету және жас ұрпаққа адам бойындағы жан мен тәннің мүмкіндігін көрсету, сондай-ақ еліміздегі рухани-мәдени туристік орындарға серпін беру, назар аударту мақсатындағы «Қасиетті сапар» шарасы Қазақстан астанасы мен төрт облысы – Нұр-Сұлтан қаласы, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау аумағын қамтитын жоба.
Әбу Насыр әл-Фараби туған жер – Түркістан облысының Шәуілдір ауданына, одан Отырар ауданындағы Арыстан баб мазарына зиярат етіп, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арқылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі Қорқыт Ата кешеніне жетіп, одан Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының Бозой кентіне, одан Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы Ескі Бейнеудегі Бекет Ата мешітіне дейін жететін сапардың жол ұзақтығы шамамен 1 500 шақырымды қамтып, 1 ай уақытқа созылады деп есептелген.
Бұған дейін Сәрсенбай 1999 жылы Пір Бекет Атаның 250 жылдығы аясында Ақтөбе облысы, Бекқұл Әулие – Тама Есет Көкіұлы – Досжан хазірет – Көк Етік Әулие – Дәуімшар батыр – Асан Қожа – Базар Қожа – Атырау облысы, Бекета Ата Ақмешіті, Құлсары қаласы – Маңғыстау облысы, Ескі Бейнеудегі және Оғыландыдағы Бекет Ата мешіттері бойынша сапарлап, 1 440 шақырым жолды жаяу бағындырған. Араға он жыл салып, яғни 2009 жылы ол пір Бекет Атаның 260 жылдығына орай Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауданы «Адай Ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешені – Қарақия ауданы Шопан Ата мешіті – Оғыландыдағы Бекет Ата мешітіне дейін 250 шақырымды жүріп өткен болатын.
Сағатына 7-8 шақырым шапшаң жүруді, каратэ спортынан ең жоғарғы көрсеткіші – қабырғамен жүгіруді меңгерген, рухани іздену нәтижесі – адамды космоинфо-энергетикалық картасын жасау арқылы тазарту жоралғысын меңгерген ол 1992-2001 жылдары жастардың дене бітімінің дұрыс жетілуі мен оларды рухани дамытуды тұтастыру мақсатында жасөспірімдердің «Ақсарбаз» рухани клубын құрды.
«Қасиетті сапар» акциясы деп аталған жаяу экспедициясының мақсатын «Жаяу сапарға шығу – еріккенің ісі емес. Сапар барысында ежелгі рухани Дала сапары қайта жаңғыртылып, елдің амандығы мен бүтіндігі рухани құндылыққа айналып, жұрт жұмылады және жергілікті қасиетті мекендерді ұлықтау насихатталады. Сонымен қатар шапшаң жаяу жүру спортын насихаттау, қазақстандық рухани туристік маршруттарды ашу мақсат етіледі», деп түсіндіретін Сәрсенбай Ерқасымов Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары аумағын жүріп өтіп, дүйсенбі күні Бейнеу ауданына аман-есен жеткен болатын. Жолаушыны Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Раббим Борашов арнайы іздеп барып, құрдасы Сәрсенбай Сәметұлымен танысып, қолдау көрсету үшін Тұрыш елді мекенінен бастап, жолда Амантұрлы батыр ескерткішіне зиярат етіп, Бейнеуге дейін велосипедпен қатар жүріп келген. Одан кейінгі маңдай тірер тұс – Ескі Бейнеудегі Пір Бекет Ата мешіті.
Ел танып, жер танып, күздің қара суығында жаяу сапарлап жүрген жолаушының рухани ізденісі тағылымды, көрген-білгені қызықты екені анық.
Маңғыстау облысы