Түркістан облысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасы аясында көптеген игі іс атқарылуда. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асырылып жатқан аймақтық бағдарлама көмекке аса мұқтаж жандарға демеу болып жатыр.
Жоба аясында облыстық бюджет, демеушілер және қайырымдылық қорлары арқылы кедей отбасының әрбір мүшесіне медициналық, жұмысқа орналасу, азық-түлік пен тұрмыстық заттар әперу және өзге де мәселелер бойынша тұрақты көмек көрсетіп, олардың еңсе тіктеуіне жағдай жасау көзделген. Мысалы, Түлкібас ауданында жергілікті әкімдіктің ұйытқы болуымен 21 отбасы баспанаға қол жеткізіп отыр.
Соның ішінде 6 отбасыға демеушілір есебінен тұрғын үй берілсе, 15 отбасы мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болды. Сондай-ақ 9 отбасының тұрғын үйі демеушілер есебінен жөндеуден өтті. Биыл 9 қарашаға дейін «Қамқорлық» жобасына қатысушы 93 отбасыға 215 млн теңгеден аса қаржыға түрлі көмектер көрсетілген. Атап айтқанда, «Феррум Констракшн» ЖШС, «Грамад» гипермаркеті, «Мадина» макарон фабрикасының демеушілігімен әзірленген азық-түлік себеттері «Мейірім» еріктілер тобымен үлестірілді. Бұған қоса бекітілген мамандар тарапынан азық-түлік себеттері, киім-кешек, материалдық ақшалай көмек және көмір, отын үйме-үй таратылып берілді.
Қайырымды іс жасауды азаматтық парызы санаған Жетісай ауданының тұрғындары алты бірдей отбасыға баспана сыйлады. ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай, «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында баспана тауқыметін тартып жүрген 6 отбасыға барлық жағдайы жасалған жаңа үйлердің кілті табыс етілді. Баспаналардың жалпы құны 90 млн теңгені құраған.
«Халық арасында «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген керемет сөз бар. Осы орайда әрқашанда халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көмек беріп келген елдің анасы атанған Жамал апамызға және оның ісін жалғастырып жүрген ұлы, белгілі кәсіпкер Бахараддин Аблазимовке елдің атынан алғысымды айтамын. Ауданда қайырымдылық арқылы баспана сыйлаудың жарқын үлгісін Жамал апамыз көрсетіп, көпке үлгі бола білді. Бұл ретте жергілікті тұрғындардың ерекше белсенділігін айта кеткеніміз абзал. Әрбір баспананы салу барысында еріктілер тобының және жомарт жандардың еңбегі ерекше. Олар іргетастың қаланған сәтінен тұрғын үй салынып біткенше істің басы-қасында жүрді. Қайырымдылық жасау арқылы ауданның әрбір азаматы өзінің қолында бар дүниесімен бөлісіп, мұқтаж азаматтардың баспаналы болуына өз үлестерін қосуда. Алдағы уақытта да осындай баспана салу үшін жер телімдерін тегін бере отырып, мұқтаж жандарға қажетті жағдайды жасаймыз», деді аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев үйлерді пайдалануға беру рәсімінде.
Өз кезегінде баспана тауқыметін 16 жылдан бері тартып келе жатқан жалғызбасты көпбалалы ана Жәудір Төреханова жаңа қоныстанушылар атынан қайырымды жандарға алғыс айтты.
Баспанамен қамтамасыз ету мұқтаж отбасылардың алаңсыз еңбек етіп, тұрмысын түзеуге ықпалын тигізері анық. Сондай-ақ тұрғындардың табысын молайтуға мемлекеттік қолдаулар арқылы ерекше мүмкіндік жасалуда. Бір ғана мысал, Арыс қаласының тұрғыны, 5 баланың анасы Мереке Самарханқызы мемлекеттік қолдау арқылы өз кәсібін ашқан. Ол биыл «Бизнес-Бастау» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін оқып, «Еңбек» бағдарламасымен 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Бүгінде ол – табысты кәсіпкер. Аймақта тапсырысқа тәттілер, мерекелік торттар дайындайды. Іскер ана болашақта ауқымды цех ашуды жоспарлап отыр.
Жалпы, Арыс қаласы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны биыл 4 мыңға жуықтаған. Оның 2 250-і – жеке кәсіпкер, 994-і – шаруа қожалықтар, 619-ы – заңды тұлғалар. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім және ұсынылған қызметтер көлемі 21 млрд 632,1 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда едәуір артқан.
Шардарада өз тігін цехын ашқан Құрбанкүл Ерманова да қайтарымсыз грантқа ие болып, құны 555 600 теңгелік сертификат алған. «Қолымнан тігін тігу ісі келген соң осы салада өз бизнес жоспарымды сәтті қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болдым. Шағын кәсіппен айналысам деп жүрген азаматтарға беріліп жатқан мұндай қолдауға шексіз алғысымды білдіремін», дейді жас кәсіпкер.
Жалпы, Шардара ауданында «Еңбек» бағдарламасы аясында 130 азамат қайтарымсыз грантқа ие болған.
Түркістан облысы