Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов аймақта коронавирус індетінің таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысын өткізді.
Кеңес барысында Қостанай, Лисаков, Арқалық, Рудный және Қостанай, Қарабалық, Жітіқара аудандарының әкімдері әр аудандағы эпидемиялық ахуал туралы есеп берді. Сонымен қатар облыста жүзеге асырылып жатқан індетке қарсы күрес шаралары мен карантин режімін сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы туралы сөз болды.
Жиын барысында облыс әкімі алдағы бейсенбіден бастап Қостанай облысымен шектесіп жатқан іргелес облыстардан кіретін көлік жолдарына санитарлық бекет қойылатынын мәлімдеді.
– Штаб мүшелері айтқан ұсыныстарды ескере отырып, 12 қарашада сағат 00.00-ден бастап көршілес облыстардың шекарасында облыстың периметрі бойынша санитарлық бекеттер орнату туралы шешім қабылданды, сондай-ақ мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі, – деді А.Мұхамбетов.
Аймақ басшысы жедел штаб өкілдеріне облыс тұрғындары мен кәсіпкерлерге карантин талаптарын сақтаудың мән-маңызы туралы әлеуметтік желілер арқылы белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Індетке қарсы күрес штабының мәліметінше, 9 қараша күні облыста COVID-19 жұқтырған 63 адам анықталған. Қостанайда – 36, Рудныйда – 16, Жітіқарада 5 науқас тіркелді.
Қостанай облысы