• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Қараша, 2020

Авиаиндустрияның шығыны шаш етектен

286 рет
көрсетілді

Еліміздегі ең ірі әуе компаниясы Air Astana биылғы 9 айдағы табысы мен шығындары туралы қысқаша қорытынды жасаған болатын. Құрылғанына 18 жылдан астам уақыт өткен компания биыл алғаш рет шығынға ұшырапты. Бұл туралы Forbes.kz хабарлады.

Отандық компаниялардың халі қалай?

Жылдың алғашқы жартысында компания табыс табудың орнына, ондаған миллиард теңге шығын шекті. Оның себебі түсінікті, 22 наурыздан бастап мамыр айына дейін ел аумағындағы және ха­лықаралық әуе рейстерінің бар­лы­ғы ­тоқтатылған болатын. Екі айға жуық уа­қыт бойы компания шетелдегі азаматтары­мызды әкелу, жүк тасымалы сынды аз-кем жұмысты місе тұтуға мәж­бүр болды.

Мамыр айы туғаннан кейін де әуе рейстері түгел қалпына келе қойған жоқ. Алдымен ел аумағындағы ірі қалалардың арасындағы бағыттар ғана біртіндеп ашыла бастады. Халықаралық бағыттардың кейбіреуі жаз мезгілінде ғана ішінара ашылды. Әдетте жаз айлары жолаушылар тасы­малы қызатын маусым екені мәлім. Forbes.kz хабарлағандай, Air Astana бұр­н­ағ­ы жылдары да алғашқы тоқсанда шығын көргенімен, жаз айларынан қара күзге дейін жолаушылар ағыны күшейіп, нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша үнемі пайдаға шығатын. Алайда биыл бәрі басқаша болды. 9 айда компанияның таза шығыны 35,96 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін айтар болсақ, былтыр 9 айда компания 9,09 млрд теңге табыс тапқан болатын.

Сарапшылардың пайымдауынша, жыл соңына дейін жағдай оңалады деуге негіз жоқ. Біріншіден, күн салқындаған кезде ел халқы аз ұшатыны бұған дейінгі тә­жірибелерден белгілі. Екіншіден, ко­ро­на­вирустың екінші толқыны күшей­ге­ніне байланысты әуе компаниялары халықаралық рейстерді қысқартуға мәж­бүр болып жатыр. Ел аумағындағы әуе рейс­теріне шектеу қойылмағанымен, жолау­шылар КОВИД тестінен өткені туралы анықтама алуға міндеттелуде. Бұл да өз кезегінде жолаушылардың ұшақпен қаты­науға деген ынтасының төмендеуіне әсер етеді.

Еліміздегі өзге де әуе компа­ния­ла­ры­ның қаржылай жағдайы мәз емес. Айта­лық, тасымал көлемі бойынша елі­міз­де екінші орын алатын SCAT-тың көктемдегі «өлі кезеңдегі» шығыны 5,6 млрд теңгеден асып түсті.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының активтерді басқару жөніндегі директоры Алмасадам Сәтқалиевтің хабарлауынша, қорға қарасты Qazaq Air-дің биылғы алты айдағы шығыны 10 млрд теңгеден асып түскен.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, биыл наурыз-маусым айлары аралығында халықаралық рейстердің 99 пайызы орындалған жоқ. Отандық әуе компанияларының жолаушылар тасымалдау қарқыны екі еседен артық төмендеді. Бұл жағдай жаз маусымында болғаны әуе тасымалдаушылары үшін екі есе соққы болғанын айта кету керек. Нә­тижесінде, қазақстандық компания­лар барлығы 300 млрд теңгеге жуық қар­жы­лай шығынға ұшырады.

Жағдайдың күрделенуіне байланысты Үкімет оларды қолдау шараларын қол­ға алуға мәжбүр болды. Сөйтіп, қазақ­стан­дық авиакомпаниялар қосымша құн салы­ғы­нан босатылды.

 

Үлкен бестіктің жағдайы нашарлады

Жалпы, биылғы жыл жаһандық авиа­ин­дустрия үшін үлкен соққы бол­ға­ны анық. Халық тарапынан ұшақ­пен қа­ты­науға деген сұраныстың тө­мен­де­уі­нен шеккен шығындарын айт­па­ған­да, пандемияға байланысты әлемдік экономикадағы өсімнің төмендегені олардың акцияларының құлдырауына әкеліп соқтырды.

Airport Industry Review журналының хабар­лауынша, былтыр кіріс көлемі бойын­ша америкалық Delta Airlines (47 млрд доллар), American Airlines (45,7 млрд доллар), United Airlines (43,2 млрд доллар), германиялық Lufthansa (40,7 млрд доллар) және франциялық Air France-KLM (30,45 млрд доллар) сынды компаниялар үздік бестікке кірген боларын. Delta Airlines-тің акциялары NYSE-те жыл басынан бері 45 пайызға арзандапты. Бұл ком­панияның флоты мыңнан астам ұшақ­­тан жасақталған, қазір соның жартысы қаң­та­рылып тұр.

American Airlines-тің акциялары 58 пайызға арзандады, жыл басынан бергі шы­ғыны 3 млрд доллардан асады. United Airlines-тің шығыны 1,8 млрд доллар. Компания қазан айынан бастап, қызмет­кер­лерін жұмыстан босата бастады.

Әуе көліктері халықаралық қауым­дас­тығының IATA болжамы бойынша, әуе тасымалына деген жалпы жаһандық сұра­ныс тек 2024 жылы ғана қалпына келеді. Коро­навирустың АҚШ-та тез таралып жат­қаны, оған қоса дамушы елдердегі эпи­де­миялық ахуалдың әлі де күрделі күйін­де сақталуы авиаиндустрияға ауыр соғып тұр.

IATA бас директоры Александр де Жюньяк осыған байланысты:

– Біз күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз, жағдайдың қашан оңа­ла­тынына дәл болжам жасау қиын. Сол себеп­ті әр мемлекеттің үкіметтерін осы салаға жасалған қаржылай қолдау пакеттерін сақтауға, өзге де қаржы­лай қолдау тетіктерін қарастыруға шақы­рамыз. Күрделі жағдайдан әуе компа­ния­ларының жабылып қалмай, аман шығ­уы үшін үкіметтердің қолдауы өте керек, – деді.

Сарапшылар былтырғы көр­сет­кіш­те­р­мен салыстырғанда, биылғы әуе тасы­малының ауқымы бейнелі түрде айт­қанда ойыншық болып қалды деп санай­ды. Жыл басынан бері дүние жүзі бойынша жолаушылар ағыны 95 пайызға дейін құлдырағаны осыны көрсетеді. Азаматтық авиация соңғы жүз жылда дәл мұндай құлдырауды бастан өткеріп көрмеген.

Күні кеше коронавирусқа қарсы вак­ци­­­на­ның табылғаны туралы ақ­парат­тан кейін экономиканың көптеген ма­ңызды сек­торларына бірден қан жү­гі­ріп, ірі ком­паниялардың акциялары қарқынды түрде қымбаттай бастағаны мәлім. Әуе ком­панияларының жағдайы басқаша. Сарапшылар авиаиндустрияға тигізген пан­демияның әсері әлі біраз уақытқа дейін созылатынын, жолаушылар ағыны қалпына келгеннен кейін де бірнеше жыл бойы жалғасатынын айтып отыр.