• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қараша, 2020

Ахуал тұрақты, алайда босаңсуға болмайды

180 рет
көрсетілді

Түркістан облысында коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу үшін тұрақты негізде 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсектік орын ұйымдастырылған. Пандемияның түрлі сценарийіне байланысты төсектік орнын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Медициналық ұйымдарда орналасқан зертханалар тәулігіне COVID-19-ды анықтау үшін 5 мың тест өткізуге дайын. Облыс бойынша тәулігіне ПТР-тест жүргізетін 10 зертхана жұмыс істеуде. Өңірде пандемия басталғалы күні бүгінге дейін барлығы 240 мыңға жуық тест өткізілген.

 

Облыстық Қоғамдық ден­сау­лық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, өңірдегі медициналық мекеме­лерде өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарының саны 178-ден 332-ге дейін артып, өсім 46,4% болған. Ал оттегі стансасының саны 2 есе артып, 8-ге жетіп отыр. Сондай-ақ 80 бірлік оксигенация аппараты сатып алынды. От­тегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетіп, өсім 95%-ды құрады. Оттегі нүктелерінің саны 9,7 есеге артып, 205-тен 2005 нүктеге дейін ұлғайды. Биыл облыстық бюджет есебінен 1 компьютерлік томограф пен 3 сан­дық рентген аппараттары орна­тылды.

Сонымен қатар облыстағы медициналық ұйымдардың пульсоксиметрмен қамтамасыз етілуі 190-нан 3 879-ға дейін жетіп, 95,1%-ға артқан. Коронавирус ин­фек­циясының екінші толқы­ны­на дайындық мақсатында облыстың медициналық ұйымдары дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Екі айлық қор қалып­тас­тырылған. Облыс бойынша қазіргі таңда бір адам корона­ви­руспен стационарлық ем қа­был­дауда, ал амбулаториялық жағдайда ем қабылдаушылар – 18. Қарым-қатынаста болған 116 адам – медициналық бақылауда. Әзірге Түркістан облысындағы эпи­демиялық ахуал тұрақты, блок-бекет­тер қойылмайды.

Дегенмен өңірде жеке азамат­тар­дың той-мерекелерді атап өтуі ты­­йылар емес. Осы орайда облыстың бас санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов пандемия уақытында облыс тұр­ғын­да­рын жалпыға ортақ тәртіпті сақтауға шақырды.

«Жаңадан қабылданған қау­лы­ға сәйкес, 3 қарашадан бас­тап облыс аумағындағы мал базарлары санитариялық-дезинфекциялық ре­­жім­ді күшейтіп, 30%-дан асырмай тол­тырумен, аптаның жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Түркістан облы­сы бойынша 31 мал базары бар. Infokazakhstan сайтына мал базарлардан ашылуға 16 өтініш түсті, оның 7-уі қаралып, төртеуіне жұмыс істеуге рұқсат берілді (Қазығұрт, Ордабасы, Келес, Төлеби), 3-уі қайтарылды, 9 өтініш қаралуда», дейді облыстың бас санитарлық дәрігері.

Жалпы, індеттің таралуына қарсы күрес шараларының аясында өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-тех­никалық базасы жаңартылуда. Мысалы, жуырда облыстың шал­ғай ауылдары 12 жылжымалы медициналық кешенмен, жедел жәрдем стансасының паркі 13 реанимобильмен толықты. Облыстық жедел-жәрдем қыз­метін жыл соңына дейін 122 автокөлікпен жабдықтау көз­делген. Бұл медициналық жедел-жәрдем қызметі паркін 96%-ға жаңартуға мүмкіндік береді. Ал шалғай аудандар жылжымалы медициналық кешенмен толық қамтамасыз етіліп отыр. Көшпелі аурухана аудан орталығынан 100-200 шақырым жердегі ауылдарға барып, тұр­ғын­дарға қызмет көрсететін болады. Бұл өз кезегінде ауыл тұр­ғындарының медициналық қыз­меттерге қолжетімдігін арт­тырары анық. Заманауи медициналық кешен флю­рография, уль­тра­ды­быс­тық аппарат, зерттеулерге арналған анализаторлар, офтальмоскоп, глюкометр және тағы басқа құралдармен жабдықталған. Дәрігерлер азаматтарды то­лық тексеру­ден өткізіп, ауру­­ды дер ке­зін­­де анық­тай ала­ды. Барлық емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмектің 2-3 ай­лық қоры қам­­та­­масыз етілген.

Өңірдің қала, аудан­дарында да медициналық мекемелердің бүгінгі талапқа сай болуы, қажетті жабдық, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілуі – басты назарда. Дәрігерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне, бұл орайда еңбегінің адал бағалануына да ерекше мән берілуде. Мысалы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қо­ры» КеАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы корона­ви­рус инфекциясының алдын алуға, диагностикалауға, ем­деуге, эпидемияға қарсы іс-ша­ра­­ларға қа­тыс­қан медицина қыз­мет­кер­ле­ріне үстемеақы төлеуге 12,7 млрд теңге бөлген. Қор филиалы медициналық қыз­мет көрсету сапасын мо­ни­то­рингтеу бөлімінің бас сарап­шысы А.Ибрагимованың мәлі­ме­­тінше, биылдың наурыз-қыр­күйек айлары аралығында 9,3 млрд теңге төленген. Оның ішін­де эпидемияға қарсы іс-шара­ларға тартылған ме­ди­цина қызметкерлерінің үс­теме­ақысы 6,6 млрд теңге болып отыр. Сондай-ақ науқастарды про­визорлық және карантиндік ста­цио­нарларға емдеу­­­ге жатқызуды қаржыландыруға 1,8 млрд теңге жұмсалған. Облыс бойынша 395 мобильді бригада қызмет көрсетеді. Қор бригаданың әрбір шақыруға шыққаны үшін 5 400 теңге ақы төлейді.

Ал Түркістан қалалық ор­та­лық ауруханасының бас дә­рі­гері, медицина ғы­лым­да­ры­ның кандидаты Жанболат Ділдәбеков эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қыз­мет­кер­­лері ішінен коронавирус ин­фек­циясын жұқтырған 11 маманға, оның ішінде 8 дәрігерге мемлекеттік әл­еуметтік сақтандыру қорынан 2 млн теңге бір реттік төлемақы төленгенін айтады. Оның айтуынша, қазіргі таңда аурухана медициналық құрал-жабдық­тар­мен толық қам­тыл­ған. Түркістан қаласындағы «Яссы» шағын ауданында 200 тө­сек­тік орынды модульдік типтегі жұқ­палы аурулар ауруханасының жаңа ғимаратының құрылысы бас­тал­ды. Дәрі-дәрмектер, дезинфек­ция­лық заттар мен жеке қорғаныш киім­дерінің екі айлық қоры қойма­ға жеткізілді. Сондай-ақ қалалық әкім­­діктің қолдауымен оттегі беке­ті іске қосылды. Жалпы, аурухана өзінің кезекпен және кезектен тыс түскен науқастарына жоғары технологиялық қызметтер көрсетіп келеді.

Ауруханаларға қайы­рым­ды­лық көмек көрсету­шілер әлі де көп. Жуырда Шардара аудандық орталық ауруханасына жомарт жандардың демеушілігімен 10 оттегі концентраторы табыс­тал­ды. Игі іске ықпал болған «ICC» мақта өңдеу компания­­­сы Қазығұрт және Төлеби аудандық орталық ауруханаларына да оттегі концентраторларын тарту еткен. Коронавирус инфекция­сы­мен күресте аса қажетті дүниені қабылдап алған аудандық ауру­ха­наның бас дәрігері Нұржан Нөсе­ров демеушілерге бүкіл ұжы­мы атынан алғысын білдірді. Жалпы Шардара аудандық ауруханада оттегі концентраторларының саны 40-қа жетті.

Коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары аясында аудандық ауруханаға жақында ғана жылжымалы медициналық кешен берілген болатын. Қазіргі таңда ауру­ханада коронавирус инфекциясымен ем қабылдап жатқан науқас жоқ. Ықтимал екінші толқынға дайындық тұрғысында аурухана 200-ге жуық пульсоксиметр, 9 дана өкпені жасанды тыныстандыру аппаратымен қамтылған. 100 төсек­тік орын орталықтандырылған от­те­гі нүктесімен жасақталған. Ме­­­­ди­­циналық ұйымның қыз­мет­­­кер­лері тарапынан коро­на­ви­рус­­­қа қарсы опера­тив­ті жоспар даяр­­­­­­­­­ланды. Дезинфекциялық ері­тін­ділердің, медициналық мақ­­сат­та­ғы бұйымдардың, жеке қор­ға­ныс құралдарының және дәрі-дәрмек қоры толық жаб­дық­талған. Індетке шалдыққан нау­қас­тарға медициналық көмекті көрсету үшін 16 мобильді топ құрылған.

 

Түркістан облысы