Коронавирусқа байланысты жарияланған карантин кезінде Батыс Қазақстан облысында 77 мың азамат 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алған.
Биыл елімізде енгізілген жалпы карантинді жағдайға байланысты уақытша табыссыз қалған 77 мыңнан аса батысқазақстандық азамат мемлекет тарапынан көрсетілген әлеуметтік көмекке ие болды. Ал Елбасының бастамасымен «Біргеміз» қоры өңірдегі 29 мыңнан аса адамға 1,4 млрд теңге көлемінде бір жолғы қаржылай көмек көрсеткен.
Сондай-ақ 4,7 мың отбасы жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден аса атаулы әлеуметтік көмек алған екен. «Биылдан бастап 5 мыңға жуық балаға 277,3 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілді» дейді өңір басшысы Ғ.Есқалиев.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында жұмыссыздық деңгейі – 5% көлемінде. Жыл басынан бері өткен 10 ай ішінде өңірде 16 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылған.
2020 жылы жұмыссыздықты төмендету және облыс халқын жұмыспен қамту мақсатында жасақталған кешенді жоспарға сәйкес 18 мыңға жуық адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған екен.