Таяуда парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының екінші отырысы өтті. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қатысқан отырыста клуб мүшелері «Жаңа замандағы цифрлы сын-қатерлер және ұлттық бағдар» тақырыбы бойынша өзекті мәселелерді талқылады.
– Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының жұмысы белсенді жанданып келеді. Көптеген жас азаматтар осы бастамаға қызығушылық танытып, оның жұмысына қатысуға ниет білдіруде. Біз Сенат ұйымдастыратын түрлі бағыттағы іс-шараларға клуб мүшелерін жұмылдыруға баса мән береміз. Қазірдің өзінде ұтымды ұсыныстар мен тың идеялар келіп жатыр, – деген Мәулен Әшімбаев отырыстың тақырыбына қатысты ой бөлісті.
Сенат Төрағасы айтқандай, сапалы интернетсіз цифрлы технологияны дамыту мүмкін емес. Сондықтан сенаторлар өткен аптадағы палата отырысында Салық кодексін жетілдіруге арналған заң жобасына жаңа нормалар енгізді. Ол түзетулер байланыс операторларына радиожиілікті қолданғаны үшін төлейтін төлемнің 90 пайызын ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге жұмсауға мүмкіндік береді.
– Қазіргі таңда байланыс операторлары радиожиілікті қолданғаны үшін жыл сайын 17 млрд теңге көлемінде қаржы төлейді. Сенаторлар осы төлемнің 90 пайызын олардың өздеріне қалдыруды ұсынып отыр. Бірақ операторлар бұл қаражатты ең алдымен ауылдық жерлерді кең жолақты, сапалы интернетпен қамтамасыз етуге жұмсау керек. Бұл – Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы аясында өңірлердегі интернет инфрақұрылымын дамытуға арналған шара, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы Қазақстан халқын, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындарын қолжетімді интернетпен және сапалы байланыспен қамтамасыз ету арқылы цифрлы теңсіздікті жоюдың маңызы зор екенін де тілге тиек етті.
Өз кезегінде министр Бағдат Мусин осы маңызды мәселеге ерекше назар аударып, оны оңтайлы шешуге атсалысып жатқаны үшін Сенат депутаттарына алғысын білдірді және ведомство алдында тұрған нақты сын-қатерлерге тоқталып өтті.
– Цифрландырудың екі жағы бар. Біріншісі ашықтық болса, екіншісі – ақпарат қауіпсіздігі. Халыққа дер кезінде көмек көрсету үшін барлық мәліметті бір жүйеге жинау – біздің міндетіміз. Мысалы, төтенше жағдай кезінде төлемдерді төлеуге қатысты мәселелер мәліметтердің болмауынан емес, олардың әртүрлі деректер базасында сақталуынан туындады. Сондықтан біз цифрландыру арқылы халыққа алдын ала көмек көрсететін жүйе құруды көздеп отырмыз. Біз азаматтар 4 баласы бар екенін өздері келіп айтқанын күтіп отырмауымыз керек. Қайта олардың мәртебесі өзгеріп, көпбалалы ата-ана атанғанын алдын ала білуіміз қажет. Сол кезде жәрдемақы алу, балабақшаға орналасу мәселелерін шешу жеңілдей түседі. Инфрақұрылымға қатысты нақты түйткілдер бар. Сондықтан өңірлерде интернетті дамыту мақсатымен операторларды ынталандыру бағытында қолдау көрсеткені үшін сенаторларға алғысымызды білдіреміз, – деді Б.Мусин.
Министр Facebook-тегі жеке парақшасында да оқырмандарына отырыста қарастырылған мәселелер туралы хабарлады.
– Цифрландыру бағдарламасы аясында болашақта қай бағытта жұмыс жасайтынымыз туралы өз ойыммен және жоспарларымен бөлістім. Қазіргі жастар инновацияға көбірек қызығушылық танытады. Әлбетте, сапасыз интернет пен байланыс арқылы жаңа шешімдерді енгізу қиын болатыны түсінікті. Депутаттар жуырда ғана Салық кодексін жетілдіру туралы заң жобасына жаңа норма енгізгені туралы жаңалықпен бөлісті. Бұл байланыс операторларына радиожиіліктерді пайдаланғаны үшін өз шығындарының 90 пайызын ауылдық жерлерде сапалы байланыс пен интернет ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заманауи қоғам мен бизнеске ақпараттық қауіпсіздіктің Data және ықпалы туралы әңгімелестік. Қазір дерек – алтыннан да қымбат. Дерек бизнеске сервисті жақсартуға және клиентпен делдалсыз сөйлесуге мүмкіндік береді деуге болады. Дерек мемлекетке қатысты халықтың сұраныстарына жан-жақты жауап беруге көмектеседі. Мысал ретінде айтар болсам, жақында біз мерзімі өткен құжаттар туралы азаматтарды хабардар ету сервисін іске қостық. Енді eGov клиенті айыппұл төлемейді, өйткені біз оны алдын ала ескертеміз. Көптеген қызықты жобаларды халыққа көмек көрсету және қолдау ретінде іске асыруға болады. Әрине, олар жоспарда бар. Біз халық үшін көптеген процестерді барынша жеңілдету үшін үлкен деректермен жұмыс істеу бағытында одан әрі қызмет ететін боламыз, – деп жазды министр.
Жас сарапшылар клубының құрамында әр саланың мамандары бар екені белгілі. Белгілі IT маман Тимур Бектұр отырыста министрлікке өзінің атынан жасалған ұсыныстары туралы айтты.
– Ұсыныстарым мен талқылауға шығарған кейбір ойларыма қысқаша ғана тоқталсам, біріншіден, облыстарда Цифрлы басқармалар ашылып жатқанымен, «әр молда өз білгенін» оқып жатыр. Солардың жұмысын министрлік тікелей бақыламаса да, ұсыныс бере алатындай, жанама қатыса алатындай механизмді іске қоссақ деймін. Екіншіден, облыстарда азды-көпті ІТ-ге қатысты, цифрландыруға қатысты бюджет бар. Бірақ тағы да оған министрліктің түк қатысы жоқ. Армиясы жоқ генерал сияқты, өңірлерге түк ықпалы жоқ министрлік республика көлемінде қалай цифрландыру жүргізе алады?! – деді ол.
Тимур Бектұр айтқан тағы бір мәселе мемлекеттік қызметтегі ІТ мамандардың жалақысын көтеруге қатысты. Оның айтуынша, жақында Маңғыстау облысының Цифрлы басқармасын басқару туралы ұсыныстан бас тартыпты. Бас тартуының басты болмаса да негізгі себептерінің бірі – еңбекақысының өте аздығы. Басшылық қызметтен айлыққа бола бас тартып жатқан адамдар бар екенін ескерсек, қатардағы ІТ мамандарының жалақысы да аз екені түсінікті. Аз еңбекақыға қандай сауатты маман, білікті ІТ-шник барады?!
– Барлық деңгейдегі басқармаларда, әсіресе облыстардағы басқармаларда ІТ архитектураны біріздендіру керек. «Ол ақпарат базада жоқ» деген сөзді жиі естіп жүрсіздер. Немесе өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүрген «өлі» адамдарды жаңалықтардан көреміз. Мұның барлығы – жүйесіздіктен, кезінде әркім өз білгенінше әртүрлі ақпараттық жүйелерді қондыра бергеннен туындап отыр. Айталық, Денсаулық сақтау министрлігінде 50-ден астам бағдарламалық жүйе қондырылған екен, – деді IT маман.
Отырысқа қатысқан жас сарапшылар да осы мәселеге қатысты өз пікірлерін білдіріп, цифрландырудың негізгі қырларына тоқталды. Клуб мүшелері ашық үкіметті дамыту және цифрлы білім беру мәселелері бойынша, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында цифрлы технологияны қолдану преспективаларына қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Министр Бағдат Мусин барлық ұсынысты мұқият талқылауға дайын екенін және оларды алдағы жұмыс барысында ескеретінін айтты.