Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2000 жылы Еуропада ала допқа арбалған жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырап, естіген жұрттың таңдайын қақтырған әлемдегі ең даулы трансфердің бірі орын алды. Бұл – ғасырлар тоғысында футболсүйер қауымды талантымен таңғалдырған португалиялық футболшы Луиш Фигудың «Барселонадан» каталониялықтардың бітіспес қарсыласы «Реал» клубына ауысуы еді.
Трансферге дейін
2016 жылы Берлиндегі зәулім ғимараттың бірінде Фигу және Карлес Пуйольдің қатысуымен кеңейтілген баспасөз мәслихаты өтіп жатқан-ды. Сұрақ кезегі жиында отырған әйел журналиске келіп, ол каталон тілінде сауал қоя бастады. Бірінші болып сөз алған Фигу әлгі журналиске қарап: «Мен әдетте каталониялық журналистердің сұрағына жауап бермеймін. Бірақ сізге бұлай істей алмаймын, өйткені сіз сұлу екенсіз», деп жауап қатады.
Берлиндегі шағын диалогтың артында үлкен тарих жасырылған еді. Бұл уақытта Луиштің «Реал» клубына ауысқанына – 16 жыл, карьерасын аяқтағанына 7 жыл болған. Бірақ ол Каталония баспасөзі жанкүйерлер мен өзінің арасында дау туғызғанын ешқашан ұмытпайды. Десе де Фигудың өзі жанкүйерлердің мұншалықты наразылығына лайық емеспін және бұған БАҚ өкілдері кінәлі деп санайды.
Күмән мен күдікке толы даулы трансфердің жүзеге асқанына 20 жыл өтсе де, әліге дейін түрлі пікірлер айтылып жүр. Осы істің басы-қасында болған Фигудың жақын досы Паулу Футренің айтуынша, футболшы бұл трансферге үзілді-кесілді қарсы болған. Мұның бәрі Флорентино Перестің ұйымдастырған құйтырқы әрекеті деп есептейді. Сол уақытта Перес «Реал» президенттігіне сайлауға түсіп жатса да, оның президент атану мүмкіндігі өте төмен еді. Өйткені «Реалға» ұзақ (30 жыл) үзілістен кейін екі мәрте Чемпиондар лигасының кубогын алып берген Лоренсо Санс кезең-кезеңімен клубты дамытып, жанкүйерлердің сеніміне, қолдауына ие болып жатқан-ды. Бірақ күтпеген жерден Перес пайда болып, егер «Реалға» президенттікке сайлансам, командаға Фигуды алып келемін деп уәде береді. Алайда бұған сену қиын еді. Бұл қазіргі уақытпен салыстырғанда «Ливерпуль» президенттігінен үміткер адамның Кевин Де Брюйнені («Манчестер Сити») алып келемін дегенімен бірдей. Иә, бұған ешкім сене қоймайды.
Бірақ Перес трансферге ерте қамданған екен. Фигуды «Реалға» әкелемін деп жалғанға жар салудан бұрын ол футболшының өзімен де, агентімен де сөйлесіп, мәселені алдын ала келісіп қойған. Екеуара келісім былай болған: Егер Перес жеңіске жететін болса, футболшы «Реалға» ауысады және жылына 6 млн еуро көлемінде жалақы алады (Фигудың «Барселонадағы» жалақысынан 6 есе көп). Сайлауда жеңілетін болса, онда Фигу «Барселонада» қалып, Перес оған қосымша 2 млн еуро сыйақы төлейді. Ал егер Перес сайлауда жеңіске жетіп, бірақ Фигу «Реалға» ауысудан бас тартса, онда португалиялық футболшы 35 млн еуро көлемінде Переске өтемақы төлеуі керек болады.
– Бұл жайттан мүлде бейхабар «Реал» жанкүйерлері Переске сенбесе де, «президенттіктен үміткер ретінде айтқанын орындап, жігіттік сөзінде тұра ма екен?» деген оймен бәрі оны қолдағанды жөн көреді. Сайлауға үш күн қалғанда Фигу жағдайдың дұрыс бағытта өрбіп жатпағанын түсіне бастайды, – деді досы Паулу Футре. – Оған және оның қыздарына өлім қаупі төнді. Луиш өзінің агенті Жозе Вейгке «Реалға» бармайтынын бірнеше рет қайталап айтса да, келісімшарттың соңғы тармағында көрсетілген 35 млн еуро айыппұл туралы мүлде ойлаған жоқ.
Десе де «Барселона» басшылығының «Реалға» жоғарыдағы 35 млн еуро өтемақыны төлеп, португалиялық футболшыны өздерінде сақтап қалуға толық мүмкіндігі бар еді. Алайда сайлауда жеңіске жеткен Джоан Гаспар «Реалға» аталған соманы төлеуге үзілді-кесілді қарсы болды. Сөйтіп, португалиялық футболшы өз еркінен тыс, бірақ келісім бойынша Каталониядан Мадридке қоныс аударуға мәжбүр болды.
Трансферден кейін
2000 жылдың 21 қазанында «Камп Ноу» трибуналарындағы жанкүйерлер әдеттегіден көбірек ашуға булықты. Өйткені Фигу Каталонияға «Реалдың» капитаны ретінде келді. Ал осыдан небәрі алты ай бұрын, яғни 26 ақпандағы «Эль Классикода» ол «Барселона» капитаны болып алаңға шыққан-ды. Фигу «Реал» ойыншысы ретінде бірінші рет Каталонияға келгенде «Барселона» жанкүйерлері оған: «Сендей сатқын кез келген жазаға лайық, қалайша ұялмай жер басып жүрсің», деген сыңайдағы реніштерін ғана айтып шығарып салды. Қызықтың көкесі екі жылдан кейін болды. 2000 жылдан кейінгі екі «Эль Классикоға» Фигу жарақатына байланысты қатыса алмады. Арада екі жыл өтсе де «Барселона» жанкүйерлерінің оған деген өкпе-реніші әлі басылмаған еді. Сондай-ақ наразы екенін білдіру мақсатында жергілікті жанкүйерлер екі жыл бойы Фигуға «тосынсый» дайындаумен болды.
Матч алдында жанкүйерлердің Фигуге қарата айтылған сөздері мен ысқырықтан құлақ тұнатын. Тіпті, сол ойыннан кейін «Реалдың» сол уақыттағы қорғаушысы Иван Кампо дәрігерлерге құлағының ауыратыны туралы шағымданған. «Мен өмірімде мұндай шуды ешқашан естіген емеспін. Бірақ жанкүйерлерді де түсінуге болады. Кеше ғана клубтан кетпеймін деп уәде берген футболшы бүгін басты қарсыласының жейдесінде бұрынғы командасына қарсы ойнап жатыр. Мұндай жағдай әрине жанкүйерлердің ашуын туғызады», дейді ол.
Ойын әдеттегідей өте тартысты басталды. Бұл кездесуде Луишті қорғау тасқамал қорғаушы Карлес Пуйольге жүктелді. Ойындағы қарбалас сәттің бірінде Фигу Филипп Кокудың аяғын абайсызда теуіп жіберіп, төреші тарапынан сары қағазбен жазаланды. Ойындағы алғашқы бұрыштама добын орындау үшін алаңның шетіне келген Фигуге жанкүйерлер екі жыл бойы дайындаған «сыйлықтарының» ішіндегі ең негізгісі – шошқаның қуырылған басын лақтырып жіберді. Төреші Альфонсо Перес Бурруль дереу ойынды тоқтатып, «Реал» ойыншыларын өзімен бірге алаңның қауіпсіз аймағына алып кетеді. Ал Карлес Пуйоль болса, «Барселона» фанаттарын сабырға шақырып, нәтижесінде ойын 12 минуттан кейін қайта жалғасты.
Фигуге қарата атылған шошқаның басы әлі күнге дейін «Барселона» клубының музейінде сақтаулы тұр. Бұл – футбол тарихында «Алтын доп» жүлдесін иеленген әйгілі футболшыға атылған ең экзотикалық бұйым. Бірақ ең қауіптісі емес. Фигуға шошқа басынан бөлек, түрлі бұйымдар да лақтырылған. Атап айтар болсақ, олардың арасында тиын, телефон, әжетхана қағазы, виски бөтелкесі және пышақ та бар. Абырой болғанда оған бөтелке де, пышақ та тимеген.
Даулы трансферден алты ай өткен соң Фигу «Алтын доп» иегері атанады. Себебі көктемдегі Еурокубок ойындарында ол ерекше өнерімен мамандардың көзіне түсіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына ие болған-ды. Турнирдің сол жылғы ширек финалының алғашқы ойынында «Барселона» Лондонда «Челсиден» 3:1 есебімен жеңілді. Каталонияда өткен қарымта матчта Фигудың голы мен екі нәтижелі пасы үлкен рөл ойнап, «Барселона» екі ойын қорытындысы бойынша 6:4 нәтижесімен жартылай финалға шыққан еді. Ал Еуропа чемпионатында ол Португалия құрамасында алты ойын өткізіп, 8 гол Фигудың тікелей қатысуымен соғылған-ды. Сонымен бірге ол «Реал» клубына тез бой үйретіп, күзде де бабын жоғалтпай, өзі де гол соғып, әріптестерінің де гол соғуына мүмкіндік жасап берген болатын.
Жалпы Фигу «Реал» клубында өткізген Ла Лиганың алғашқы маусымында және Чемпиондар лигасында 27 мәрте әріптестеріне нәтижелі пас асырған. Бұл таңғажайып нәтиже еді. Сауалдамаларда ол Зиданды артқа тастап, 35 жылдан кейін «Алтын доп» иеленген португалиялық футболшы атанды.
Фигудың кейінгі карьерасы сол трансфердің дұрыс болғанын дәлелдесе керек-ті. Өйткені «Реалда» да, «Барселонада» да бес маусым ішінде бірдей ойын өткізген. Мәселен, «Барселонада» ойнаған бес жылда 248 матч өткізсе, «Реал» жейдесінде 245 мәрте жасыл алаңға шыққан. Сондай-ақ клубтық жүлде саны бойынша да нәтиже ұқсас. Екі клубта да 7 кубок иеленген. Дегенмен «Реалдағы» жүлденің бәсі жоғарылау. Өйткені жеті жүлденің екеуі – Испания чемпиондығы, біреуі – Чемпиондар лигасының «қос құлақты» кубогы.
Ал жеке нәтижелеріне тоқталар болсақ, Фигу «Барселонаға» қарағанда «Реалда» тәуір ойын көрсеткен. Мәселен, гол саны бойынша «Барселонада» – 45, «Реалда» – 56 гол. Нәтижелі пас бойынша көрсеткіш – 75:46, «Реал» пайдасына. Әрине Фигудың Мадридте баламасы жоқ жобаның бір бөлігі болғанын ұмытпау керек. «Галактикос» құрамында тек жұлдыз футболшылар ойнаса да, әрбірі өз «менін» жеңіп, бір команда болып жұмыла доп тепті.
2000 жылы Фигуды 60 млн еуроға сатып алған Перес, жыл сайын командаға бір супержұлдыз ойыншы қосып отырды. 2001 жылдың жазында «Реалға» Зидан («Ювентус»), 2002 жылы Роналдо («Интер»), 2003 жылы Бекхэм («Манчестер Юнайтед») келді. Фигу жаңадан келген футболшыларға қарағанда жасы егде болса да (28 жас), ол сол құраманың негізгі футболшысы болып қала берді. Бірақ Фигу «Галактикостың» ең жарқын жұлдызы емес еді. Десе де командадағы өте пайдалы футболшының бірі болғаны жасырын емес. Себебі ол 32 жасында да Чемпиондар лигасының 8 ойынында 9 голдың соғылуына мүмкіндік жасады және өзі де маңызды голдар соққанын айта кетейік. «Барселона» жанкүйерлерінің «қаһарына» ұшыраса да, «Реалдағы» бес жылы үшін Фигу бұл трансферге өкінбеген болуы керек.
«Реалдағы» келісімшарты мерзіміне жеткен соң кейіпкеріміз Италияға қоныс аударып, 2005-2009 жылдары Миланның «Интер» командасында тағы төрт маусым доп тепті.