Жаман ауруға шалдыққандардың саны көбейгенімен, одан көз жұматындар... азаюда
Туризмді дамытудың қырық түрлі айла-шарғысын ойлап тапқан Амстердам қаласына жолымыз түскен еді. Соңғы төрт ғасырда тоқтаусыз дамыған Нидерландының астанасына алып барған оқиға – Онкологтардың еуропалық форумы болатын. Аты еуропалық демесек, бұл басқосу бұрын бөлек-бөлек өткізіліп келген ECCO, ESMO, ESTRO сияқты ірі форумдардың басын қосқан дүниежүзілік конгресс десек те болады. Оның ауқымын әлемнің барлық түкпірінен келген 10 мыңнан астам онколог мамандар айқындады.
Жаман ауруға шалдыққандардың саны көбейгенімен, одан көз жұматындар... азаюда
Туризмді дамытудың қырық түрлі айла-шарғысын ойлап тапқан Амстердам қаласына жолымыз түскен еді. Соңғы төрт ғасырда тоқтаусыз дамыған Нидерландының астанасына алып барған оқиға – Онкологтардың еуропалық форумы болатын. Аты еуропалық демесек, бұл басқосу бұрын бөлек-бөлек өткізіліп келген ECCO, ESMO, ESTRO сияқты ірі форумдардың басын қосқан дүниежүзілік конгресс десек те болады. Оның ауқымын әлемнің барлық түкпірінен келген 10 мыңнан астам онколог мамандар айқындады.
Атышулы Амстердам, баяғыда сүйегі қурап қалса тек суреттерінің көшірмелерімен ғана күн сайын мемлекетке орасан қаржы түсіріп отырған Ван Гог мұражайы, Рембранд шығармалары, қаланың ұңғыл-шұңғыл көшелері мен каналдары туралы баяндаудың сәті келе жатыр. Дегенмен, бізді Амстердамға бастап барған басты мәселенің жайы төмендегідей. Нақты санын кім білген, бірақ, күн сайын Қазақстанның әр өңірінен келген «Kazakhstan» деген бейждері бар өзіміздің дәрігерлермен жиі ұшырасып жүрдік. Алматы мен Астанадағы және облыстардағы онкологиялық диспансерлердің әртүрлі мамандары адамзат баласы үшін аса ауқымды жиынға ортақтасып, тәжірибе алмасып, ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне құрылған, түрлі семинарлардан тапқан жаңалықтары өз елімізді қатерлі ісікті ауыздықтауға айтарлықтай септесетіндігін тілге тиек ете жүрді.
Король де конгреске келді
Бастапқы күні бір мезетте он мыңнан астам адамды сыйдыра алатын «RAI» атты алып кешенде конгрестің ашылу салтанаты өтті. Ауқымды медициналық форумға Нидерландының королі аса мәртебелі Виллем-Александр дәл уақытында келіп, бірден басталып кетті. Жуырда ғана король тәжін киген монарх басты баяндаманы дүниежүзі мемлекеттерінің дәрігерлерімен бірге соңына дейін тапжылмай тыңдап, нидерландықтардың да бұл мәселеде мүдделі екендігін көрсетті.
АҚШ-тағы Хопкинс институтының маманы Сюзанна Топалиан «Қатерлі ісікті емдеуде иммундық жүйені мобилизациялау» дейтін тақырыпта баяндама жасап, ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне құрылған қызықты көрсеткіштерді алға тартты.
Қатерлі ісік тудыратын аурулардың жүздеген түрі жалпылама «рак» деген атауға ие болғанымен, олар да түріне қарай ерекшеленеді. Осыдан 20 жыл бұрын обырдың 20 пайызы емделмейді деп есептейтін едік, енді қатерлі ісікке шалдыққандардың 5 пайызы емге көнбейді деп ойлаймыз, деседі онколог мамандар. Бұл дегеніңіз, онкологтардың тынымсыз зерттеулері мен еңбегінің арқасында диагноз қойылғаннан кейін көп ұзамай ажал құшатындар саны айтарлықтай азайып келеді деген сөз.
Конгрестің ашылу салтанатында қатерлі ісікке шалдыққан екі әйел туралы бейнероликтер көрсетілді. Онкологиялық диагноз қойылғаннан кейін-ақ осынау өмірге құштар жандар дәрігерлермен бірігіп, дертпен күресуге көшкен. Конгресте корольдің қасында қадірлі қонақтар қатарынан орын алған оқиғаның басты кейіпкерлерінің бірі:
– Бұрын химиялық терапиядан кейін аяғымды әрең-әрең сүйретіп шығатынмын... Қазіргі таргеттік терапия – ем қабылдағаннан кейін жұмысқа баруға, балаларыма қарап, қалыпты өмір сүруге мүмкіндік берді, – дейді.
Науқастың таргеттік терапия деп отырғаны, қазір қатерлі ісіктің тікелей өзіне ем жүргізуге мүмкіндік туғызылуда. Бұл әдістің басқа ағзаларға зардабы жоқ.
Ең басты мәселе – дұрыс емдеу
Еуропада өткен форумның басты тақырыбы – дәрігер мен науқастың әріптестігі және қатерлі ісіктерді емдеудегі мультидисциплинарлық қадамдарды анықтау болды. Қысқасы, онкологиялық ауруларды бір ғана дәрігер емдей алмайтындықтан, әртүрлі медициналық мамандардың әрекетін үйлестіру қажеттігі ең көкейкесті болып тұр. Сондықтан да форумға онкологтар ғана емес, онкологиялық ауруларға шалдыққан пациенттердің қатысуы медицинаның бір қадам болса да алға жылжығанын көрсетті. Мәселен, жоғарыда аталған бейнероликтердегі науқас әйелдердің ел қатарлы серуен құрып, балаларымен әткеншек теуіп жүргені, қалыпты өмірге деген талпынысы көрсетілді. Демек, ендігі жерде асқынып кетпеген жағдайда, мұндай жаман диагноз қойылған адам өмірден түңілмейді.
.Бұл форум – шынында да ерекше. Аталмыш жиын алғаш рет осы уақытқа дейін бөлек-бөлек бас қосып келген түрлі медицина мамандарының ақылы мен тәжірибесін тоғыстырды. Конгреске хирургтер, химиятерапевтер, радиологтар мен паллиативті көмек дәрігерлері келді. Сол сияқты, бірінші рет медбикелердің рөліне үлкен назар аударылуда. Себебі, науқастарды күтіп-баптауда ауыртпалықтың басым бөлігі солардың иығына артылады, дейді Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері Диляра Қайдарова.
Қазақстандық мамандар біздер үшін дәрігерлер мен медбикелердің науқаспен және оның жақындарымен тіл табысып, дертпен күресуде мәмілелесуі аз маңызға ие емес екендігін айтады. Диляра Радиковнаның айтуынша, бізде науқастың қатерлі ісігі әбден меңдеп, әңгіме үшінші, төртінші стадияға жеткенде де науқасқа санаулы күндері қалғаны айтылмайды десек те болады. Бұл дұрыс па? Ал Еуропа елдері бұл дәстүрге бағынбайды – науқас өз денсаулығының жайын анық білуі тиіс. Және бұл дәрігерлермен бірге күндерін қанша күнге болса да ұзартуға деген ұсыныс ретінде жеткізіледі. Адам бір күн ұзақ өмір сүрсе де атқаратын міндетін атқарып, аманатын айтып кетуі тиіс. Оның үстіне қазір онкологиялық ауруларды дер кезінде анықтаған жағдайда емдеуге нақты үміт бар.
Мәселен, жоғарыда айтып отырған таргеттік препараттар түсінікті тілмен айтқанда нысананы дөп көздейді. Қатерлі ісіктің жасушаларын өз айналасында семдіруге септеседі. Айтқандай, қазіргі таңда Қазақстан таргеттік дәрі-дәрмектерді кепілдендірілген мемлекеттік медициналық көмек аясында тегін беріп отырған ТМД аясындағы бірден бір ел. Бұл білгенге үлкен табыс. Барлық мемлекет онкологиялық дертке шалдыққандарға тегін препараттар бере алмайды, – дейді Алматы онкоорталығының бас дәрігері.
Қазір Алматыда да заманауи автостейнер бар. Ол әртүрлі ісіктерді тез және сапалы тауып қана қоймай, болжамдық маркерлердің маңызын да анықтайды. Яғни, қандай да бір ісіктің бары белгілі болса оның дамуы мен құрылымын дәл анықтай алады да , бұл одан әрі қарай әрбір пациентке жеке, дәл және тиімді ем түрлерін тағайындауға мүмкіндік туғызады.
Адамдардың ғұмырын ұзартатын көрме
Онкологтардың еуропалық конгресінің маңызды бір бөлігі – алып павильондарды алып жатқан медициналық көрме болды. Көрмеге дүниежүзіндегі қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмектер, диагностикалық құралдар мен қажетті жабдықтар шығаратын фармкомпаниялар көптеп жиналды. Көрмеде бұрыннан да тиімді қолданылып келе жатқан тиімді құрал-жабдықтар да, жаңа препараттар да ұсынылды.
Биыл біз ЕССО көрмесінде қазір зерттеулер жүргізіліп жатқан жаңа препараттарға қатысты маңызды мәліметтерімізбен қатар, тіркелген дәрі-дәрмектерді де ұсындық. Бұл мәліметтер біздің қатерлі ісіктерге қарсы жаңа таргеттік дәрі-дәрмектерді шығаруды қолдап, жақтайтынымызды білдіреді деп ойлаймыз. Осыған дейін де қолданылып келе жатқан Зелбораф, Авастин, Герцептин сияқты дәрілер де науқастарға көп көмегін тигізетіні дәлелденген, деді Рош компаниясының дәрілік препараттарды жасау жөніндегі жаһандық бөлімшесінің жетекшісі және бас медициналық директоры, медицина докторы Хал Баррон мырза.
Отандық онкология саласы оң сүрлеумен келе жатыр ма?
Қалай десек те, қазақстандық онкологтардың қай жерде қалып, қай жерде озып бара жатқанын анықтап берген жаһандық форумда біздің мамандар өте көп мағлұматтардан құлағдар болып жатқанын көріп жүрдік. Талай жаңа мәліметтермен, зерттеулермен қаныққан дәрігерлеріміз отандық онкология дұрыс жолмен жүріп келе жатыр деген пайымға келді. Науқастардың ерекшелігіне байланысты жеке ем жүргізу, қолданылатын дәрі-дәрмектер мен әдістерді өздері таңдауға мүмкіндік беру, профилактика мен сақтық шаралары, пациент пен дәрігердің әріптестігіне құрылған емдеу қағидасы Қазақстанда да қолданылады.
Оған қоса мемлекет ең заманауи диагностикалық технологияларды сатып алуға аз қаражат жұмсап отырған жоқ. Ендігі кілтипан рак ауруларын асқынбай тұрғанда анықтауға тіреліп тұр. Дәрігерлердің айтуынша, бұл істе адамдардың өздері мүдделі болмайынша алға жылжу қиын. Онкологиялық қызметті дамытуға қатысты арнайы бағдарламалардың бар екендігіне және оған үкімет көп қаражат бөліп отырғандығына қарамастан, денсаулықтарын ауырмай тұрып-ақ анда-санда тегін қаралып тұруға мойындары жар бермейді. Сол сияқты, емханаларда жүргізіліп жатқан алдын ала диагностикалауға, яғни ақысыз скринингтердің мүмкіндігін пайдалана бермейді. Ал асқынған қатерлі ісікті қайтару ілуде бір кездесетін сирек оқиға.
Сонымен, конгресс төрағасы К.Велде қазіргі таңда ракпен ауыратындардың саны көбейіп (мұны ерте бастан диагностикалаумен байланыстыру керек), одан көз жұматындар қатары азайып жатқанын алға тартса да онкология жүйесін белсенді жұмыс істетудің қажеттігі артып барады. Тағы да қайталап айтуға болады. Қазір жүзден астам аурудың түрі «рак» дейтін жалпылама атауға ие. Сондықтан әлемдік онкологтармен бірге қазақстандық медиктердің де осынау орасан үлкен оқиға ортасынан табылуы жетістік. Біздің мамандар қатерлі ісікпен күресудің ең тиімді әдістерін халқымызға алып келсе, қаншама жандар жақынынан қапыда айырылып, құса күйге түспес еді.
Қатерлі ісікпен күресудің қазіргі үлгісі жұмыс істемейді
Конгрестің тек бағдарламасының өзі қалың томды құрағанын ескерсек, аясы аптадан асқан алқалы форумның әрбір тұсаукесері мен алып «RAI» кешенінің барлық бұрышында жасалынып жатқан семинарлар мен дәрістерді айтып тауысу мүмкін емес. Халыққа керегі – қазақстандық мамандар осы жиыннан керегін алып, ең озық емдеу әдістерін елге алып келсе дейік. Дегенмен, қорытынды баспасөз мәслихатында мағлұм болған жайттармен бөлісіп көрелік.
Амстердам конгресінде дүниежүзі елдерінде қатерлі ісікті емдеуде, диагностикалау мен алдын алуда орын алып отырған негізгі айырмашылықтарды шешу үшін қаржыландырудың жаңа үлгісін жасау ұсынылды.
– Соңғы жүз жылдықта ракпен күресуде көп жұмыс атқарылса да, обыр дертінің экономикасы кісі шошырлық. Қатерлі ісікпен күресуді қаржыландырудың қазіргі үлгісі жұмыс істемейді, деп есептейді Халықаралық қатерлі ісіктерден сақтандыру ғылыми-зерттеу институтының президенті, профессор Питер Бойл (Лион, Франция) мен Стратклайд университетінің Бүкіләлемдік денсаулық сақтау институтының директоры «Онкологиядағы жағдай» тақырыбына жасалған баяндамасында.
Бұл тұсаукесер баяндама осы жобадағы негізгі төрт жетекшінің, жеті аймақтық көшбасшы мен 100-ге тарта танымал медицина ғалымдарының әлемнің 50 еліндегі онкологиялық жағдайларды суреттейтін жұмыстарына құрылған.
Алаңдатарлық бұл болжамдар дамушы елдердегі тұрғындар санының көбейіп, әр мемлекеттегі қатерлі ісікті емдеуге қолжетімділіктің айырмашылығына тікелей тәуелді.
Мәселен, Үндістан, Қытай және Нигерия елдерінде демографиялық өсіммен қатар, осы елдерге батыстық өмір салтымен жұққан рак ауруларының арту тәуекелі де алып бара жатыр. Қазірдің өзінде табысы аз елдерде қатерлі ісік шақыратын ауру белгілері емдеудің балама жолдарын қарастыруға мәжбүрлеуде. Сол сияқты, дамушы елдерде науқас медицина қызметкерлерінің көмегіне дерті әбден асқынғанда жүгінетіні айтылды. Сондықтан мұндай жағдайда онкологтар қатерлі ісікті емдемейді, тек науқастың соңғы күндерін жеңілдетуге ғана жәрдемдесе алады, дейді профессор Питер Бойл.
Қысқасы, баяндама авторларының пайымдауынша, онкологиялық науқастардың құқығына онкологияның төрт тұғырын енгізу мен оны сақтау арқылы жетуге болады: яғни, болдырмауға болатын қатерлі ісіктің барлық түрінің жолын кесу, емдеуге болатын қатерлі ісіктің барлық түрін емдеу, сауығуға болатын қатерлі ісіктің барлық түрінен сауықтандыру, ауруды уақытша жеңілдету қажет болған жағдайда паллиативті емдеуді жүргізу. Жоғарыда атап өткендей, соңғы он жылдықта онкологиялық ауруларды емдеуде медицина айтарлықтай прогреске қол жеткізсе де, қатерлі ісікке шалдыққан кез келген адам ондай адамзаттың табыстарын пайдалана алмайды. Диагностикалаудағы айырмашылық, емдеу мен осы дерттің салдары табыс деңгейі жоғары елдер мен табыс деңгейі төмен елдерде кісі жылатарлық күйде.
Қатерлі ісікке шалдыққан жаман, кедей болсаң онымен ауырған одан да жаман, дейді баяндама авторлары. Кедейлер мен байлардың, жоғары білімділер мен білімі шамалы тұрғындар арасындағы шыңырау бұрынғыдан да тереңдеп барады.
Сондықтан шұғыл түбегейлі өзгерістер мен шешімдер жасау керек: әртүрлі саланы қатыстыра отырып, ірі мемлекеттік-жеке әріптестікке бару қажеттігі көрінуде. Мұндай әріптестік фармацевтикалық өндіріс пен диагностикалық және емдік технологияларды қолданып, енгізетін салалардың кең ауқымын қатыстыруда талап етуде. Қатерлі ісікке шалдыққан әрбір адамның ерекшелігіне сай ем тағайындап, күтім жасауда тиімді нәтижелерге жету үшін үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарды да араластыру қажеттігі айтылды.
Қалай десек те, Нидерланд елінде өткен басқосу адамзатты алаңдатқан көкейкесті мәселені күн тәртібіне шығарып қана қоймай, ауқымы жағынан да, ұйымдастырылу тұрғысынан болсын қатерлі ісікпен күресу ісіне үлесін қосып бақты.
Денсаулықтың қадірін жақсы білетін голландықтармен де қоштасатын күн келді. Тақырып ауыр болғандықтан да оны осы елден көрген-түйген, елең еткізген ерекше оқиғалармен өрнектей алмадық.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ – АМСТЕРДАМ – АЛМАТЫ.
Суреттерді түсірген автор.