Вивьен Вествуд пен Валентино, сонымен қатар Джон Ноймайер, Ролан Пети, Пьер Лакотт, Владимир Малахов, Йорма Эло, Луиза Спинателли, Сандра Вудолл сынды әйгілі дизайнерлермен, хореографтармен, суретшілермен жұмыс істеген белгілі суретші Стефани Бауэрле «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында сахналанған «Дала үні» балетіне костюмдер әзірлеуде. Айта кету керек, белгілі композитор Тілес Қажығалиевтің музыкасы негізінде хореограф Патрик де Бананың қойылымымен Тәуелсіздік тойы қарсаңында ұсынылатын «Дала үні» ұлттық балеті Қазақстанның мәдени өмірі үшін елеулі оқиға болмақ. Қоюшы-дирижері – Абзал Мұхитдин, либретто авторы – танымал қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, хореографиялық либретто адаптациясының авторы – Жан Франсуа Вазель. Төменде спектакльдің суретшісі Стефани Бауэрле осы оқиғаға орай ойларын ортаға салып, премьераға дайындық туралы айтып берді.
– Кез келген сахналық қойылым үшін костюмдердің сапасы айтарлықтай рөл атқаратыны мәлім. Әңгімемізді әуелі осы тұрғыдан бастасақ, «Дала үні» балеті несімен ерекшеленеді? Костюмдер негізінен қандай матадан тігіледі, қандай түстерге басымдық беріледі, ол үшін суретшіге қандай талаптар қойылады?
– Бірінші және екінші актілердегі костюмдер бір-бірін қайталамайды, ал спектакльдің бірінші бөлімінде олар Қазақстанның табиғатымен, жерімен үйлесімді өріледі, бұны бір жағынан, жаңа фольклорлық стиль деп айтуға болады. Мұнда табиғаттың мейлінше көп түсі пайдаланылған. Тігін цехының шеберлері костюмдерге аспан, көк шалғын, өзен-көлдер мен қар басқан тау шыңдары бейнеленген суреттерді салатын болады. Демек біздің мақсатымыз – жер бетіндегі адамзат баласына ортақ құндылықтарды дәріптеу ғана емес, сонымен қатар осында туып-өскен, шұрайлы мекенде ғасырлар бойы жасап келе жатқан байырғы халықтың қатпарлы тағдырын қапысыз көрсету. Меніңше, бұл жерде Ұлы дала рухын жеткізетін маңызды сәт айқын сезіледі.
Екінші акт қазіргі заманға, Нұр-Сұлтан қаласына арналған, осыған байланысты кейіпкерлердің киімдерінен жарқын, алтын реңкті, күміс, көк және көгілдір түстерді көптеп кездестіруге болады. Жалпы алғанда, қалада алтындай жарқ-жұрқ еткен айшықты түстер басымырақ, мұнда шыны терезелер, жарқыраған айналар өте көп. Бұл бөлімді қаланың өзі сияқты аса жасампаз рухта, күн шұғыласындай шуақты һәм жарқын қалыпта көрсеткіміз келеді. Қойылымда жұмысшы кейіпкерлер де бар, олардың костюмдері өте тығыз қаралау материалдан тігілген. Балет әртістерінің киімі де ерекше – мұнтаздай ақ парақ түрінде жасалған, демек бұл – оларға жаңа қала идеясының эскиздерін түсіруге болады деген нышанның белгісі. Балеттің екі бөлігі де бір-бірімен тығыз байланыста болады. Оларды ата-бабаларымен әрдайым рухани байланыс біріктіріп тұрады.
– Спектакль идеясына сәйкес костюмдер ұлттық ою-өрнектерге бай болуға тиіс сияқты. Ал сіз мұны қаншалықты пайдалана алдыңыз?
– Мұндай ауқымды жобалармен жұмыс істегенде мен әуелі таныстығымды сол жердің халқы туралы ақпарат жинаудан бастаймын. Осы елдегі халықтың тарихын, мәдениетін егжей-тегжейлі зерделеймін. Қазақстанда да оюдың түр-түрі бар екен, бұл мені шынымен таңғалдырды. Осыншама мол байлыққа ие қазақ халқы туралы деректер іздестіргенімде, дәл осы оюларға нақты сипаттама табу маған қиынға соқты, себебі барлық мағлұмат тек туристерге бағытталып әзірленген. Соған қарамастан мен жай адамның көзіне іліге бермейтін дүниені көрсетіп, ерекше әрі байырғы ою-өрнектерді жеткізгім келді. Нақыштардың киіз үйлерде, аттылы адамның киімінде, ат әбзелдерінде қандай болатынын бақылай бастадым. Осыған ұқсастырып сурет салдым да, «Астана Операдағы» кәсіби мамандармен кеңестім. Олар менің жұмысымды мақұлдады. Ою-өрнектердің нақты бір түрлері тек ерлердің киімдерінде кездессе, ал кейбірі тек әйелдердің киім-кешектеріне ғана тән болып келетінін аңғардым. Және осы айырмашылықты нысанаға ала отырып, жаңа үлгіні әзірлеуде тігін цехының шеберлері көп көмектесті. Қолы гүл шеберлер өзімді қызықтырған Қазақстанның даму тарихымен, сонымен бірге кішігірім болғанымен, маңызы зор дүниелермен таныстырды. Мәселен, костюмдегі белгілі бір элементтің қандай жағдайда қолданылатыны жайында ақпаратпен бөлісті. Біз бірігіп қызықты дизайн ойластырдық. Қазақстан халқының түп-тамырын терең пайымдап, өткен ғасырлардың тарихына терең бойлауға тырыстық.
Егер сіз Еуропада тұратын адам болсаңыз әрі бұл мәдениеттің түбіне бұрын шұқшия бойлап көрмеген жан болсаңыз, онда мұндағы халықтың даму тарихынан хабар беретін осынау ғажайып ою-бедерлердің айырмашылығын, өзгешелігін алғашқыда оңай байқай қоймайтыныңыз анық. Уақыттың түрлі кезеңінде сан-сапат мәдениеттің белгілі бір ықпалы болғаны әр оюдың өзгеше таңбалануынан айқын көрініс табады. О баста маған олардың бәрі біріне-бірі ұқсас болып көрінген. Алайда тарихты терең зерделегеннен кейін, «Астана Опера» театрындағы әріптестерімнің көмегі нәтижесінде меніңше, барлық бөлшекке жеке мән беріліп, әр нақышты костюмдерге орнымен қолдана білдік деп ойлаймын.
– Қойылымның дайындығы пандемияға дейін басталып кеткенін естіп-біліп жатырмыз. Яғни басты кейіпкерлерге арналған костюмдердің қандай үлгіде болатындығын алдын ала ойластырып, ортақ шешім қабылдауға уақыт жеткілікті болған сияқты. Осы аралықта костюмдердің алғашқы нұсқасына тағы қандай басқа толықтырулар енгізілді, мүмкін кейбіреуін түбімен қайта өзгертуге тура келген шығар?
– Мұндай құбылыс театр тәжірибесінде пандемиясыз да өте көп кездеседі. Шығарманың тұжырымдамасы бір жарым жыл бұрын талқылана бастады. Біз алдымен нені қалайтынымызды анықтап алдық, сосын нақты қалай жүзеге асырудың жолын қарастырдық, одан кейін айтарлықтай бір маңызды өзгеріс енгізе қойған жоқпыз. Бұдан басқа, спектакльдің уақыты біршама ұзартылды және алғашқы отыз минутында декорацияларға ғана емес, костюмдерге де әсер ететін ерекше атмосфера жасау қажет болды. Қазір бізде костюмдерді өлшеу жұмыстары жүруде, оның барысында кейбір заттар өзгертілуі мүмкін әрине, бірақ біз негізінен әрбір бөлшектің оқиғамен үндесіп, үйлесімді шығуына мән береміз. Ең маңыздысы – костюмнің әртіске шақ келуі. Әрбір солист пен кордебалет әртістерінің өздеріне құйып қойғандай сәнді, мінсіз сахналық киімде болғанын қалаймыз.
– Осы киім үлгілерінің қайсысы өзіңізге ерекше әсер қалдырды?
– Маған бірнеше костюм ұнады. Сүйікті киім үлгісінің бірі – ескі стильдегілер, неге десеңіз, мен Қазақстан туралы өте көп ізденіп оқыдым. Осы білгендерімді, санаға түйгендерімді костюмдер арқылы жеткізе білу жауапкершілігі мені көп нәрсеге қанықтырды. Мен қазақ арулары мен аналары, ер-азаматтары киетін ұлттық киімдердің ерекшеліктерін қазір кәдімгідей жақсы ажырата аламын, танымдық-тағылымдық тұрғыда бұл жобаның маған тигізген пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе тігін шеберлерінің іс-әрекет үстіндегі жанкешті бейнесін бақылау қатты ұнайды, олар өздерінің жұмысын бар ынта-шынтасымен сүйіп істейтін жандар, түпкі идеяға барынша жұмылып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысады, әр киім үлгісін жақсарта түсу мақсатындағы тың ойларын ұсынады. Бұдан басқа, таза ақ қағаз сипатындағы костюмдер ұнайды, олар ашық түсімен жан баурайды. Мұны бір мезетте басқа бір үлгіге айналдырып үлгеру – едәуір қиындық туғызғаны рас. Алайда бәрі ойыңдағыдай орындала бастағанда, бұлар ұмытылады.
– Қазақстандық труппамен қоян-қолтық жұмыс істеу сізге несімен ұнады?
– Мен көпғасырлық тарихы бар көптеген көне театрмен жұмыс істедім. Ал мына труппада өндірдей жастар өнер көрсетеді әрі театрдың өзі де Еуропадағы басқа театрлармен салыстырғанда тым жас. Сондықтан мұнда келмес бұрын алдымда не күтіп тұрғанын онша біле қойған жоқпын, ал бірақ театрға бас сұққан бойда бұл жердің мәдениеті жоғары деңгейде екенін түйсіндім.
Барған жерлеріңде кейде алдыңнан тың дүниелер кездесіп қалып жатады. Оның бәрін өкінішке қарай, шетінен інжу-маржан деп айту қиын. Алайда жүре келе, уақыт өте бастағанда белгілі бір биікті бағындырарына іштей сенім артасың. Кейде тіпті тамашалаған дүниеңнің кем-кетігін ішіңе жұтып кете баруға мәжбүрсің. Мұндайда компанияға әлі көп нәрсені үйренуге тура келеді деген ойға тірелесің. Бірақ осы айтылған нәрселердің «Астана Опера» театрына еш қатысы жоқ. Мұндағы цех керемет жұмыс істейді, өз істерін жетік меңгерген шеберлер көп. Мен мынадай жас театрдан осыншалық жоғары сапаны көріп таңғалдым. Екінші құндылығы – бұл жердегі ашық-жарқын, кең пейілді әрі қайырымды жандар ұнады. Жүзінен мейірім нұры төгілген тігінші әріптестерім маған қалада қандай орындарды тамашалауға болатынын түсіндіріп, тіпті қайдан, қандай ас ішу керектігіне дейін кеңес береді. Қарапайым адами қарым-қатынастың қағидалары сақталғаны қандай ғажап. Жалғыз-ақ қиындық – Қазақстанға келу үшін ұзақ жол жүруге тура келеді, бірақ бұл жердің ғажайып құндылықтары соған тұрарлық-ақ.
– Бұл балетті міндетті түрде көру керек екен. Осы ойды бір ауыз сөзбен қалай түйіндеген болар едіңіз?
– Алтын уақытын қиып, «Дала үні» балетін тамашалауға келген адамның қанжығасы қазынаға майланып қайтатыны хақ. Себебі бұл қойылым – өткен шақ, қазіргі сәт пен болашақ туралы. Туған еліңіздің осы бір ұштасқан үш тамырын театрдан тамашалап, музыка мен пластиканың, дәуір мен бояудың алуан сырлы ғажайып сәтіне куә боласыз дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»