Батыс Қазақстан облысы үшжылдық бюджетке енгізілген имидждік шараларды өткізуден бас тартты. «Нәтижесінде, біз 2020 жылы – 395,4 млн теңге, 2021 жылы – 352,9 млн теңге, 2022 жылы – 356,4 млн теңгені үнемдедік. Үнемделген 1 млрд теңгеден астам қаржы өңірдің өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсалады» дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Дотациялық өңір болып саналатын Батыс Қазақстан облысы үшін мемлекеттік инвестицияның тиімділігін арттыру – негізгі басымдықтың бірі. Өңір басшысы Ғали Есқалиевтің осы қызметке тағайындалғалы қолға алған іргелі жұмыстарының бірі осы.
– Біз бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануымыз керек. Сол үшін биылдан бастап мемлекеттік сатып алу және қызмет көрсету саласын үшжылдық қаржыландыруға көштік, – деген еді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, мұның біршама тиімді тұстары бар. Мәселен, Орал қаласында бейнебақылау жүйесін орнату үшін 2,3 млрд теңге жұмсау жоспарланған екен. Үнемдеу нәтижесінде бұл жоба облыс бюджетіне 700 млн теңгеге түсті. Мұның ішіне жүйеге үш жыл қызмет көрсету де кіреді.
Бұл жерде қаражат қана емес, уақыт та үнемделеді. Мердігерлердің жауапкершілігі артып, ұзақмерзімді және тұрақты келісімшарттарға ие болады. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлық қаупі азаяды.
Биылдың өзінде «Жастар» стадионы, Сервис және жаңа технологиялар колледжі, протездік-ортопедиялық шеберхананың апатты жағдайда тұрған ғимараты, «Ел ырысы» коммуналдық базары және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау қызметі жекеге берілген.
Сараптамаға қарағанда, Мемлекет басшысының пандемия кезінде ұсынған бизнесті қолдау шараларының нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының 12 мыңнан астам кәсіпкері 6 млрд теңгеге жуық қаражат үнемдепті.
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, жыл басынан бері 270 жұмыс орны құрылып, 2875 жұмыс орны сақталған.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 19 млрд теңгеге 217 жоба қаржыландырылды.
– Президентіміз өз Жолдауында: «Мемлекет шаруашылықты тәуір жүргізе алмайды деген қағида аксиомаға айналды» деген болатын. Сол себепті біз облыс бюджеті шығындарын оңтайландыру және кәсіпкерлерге қолдау жасау мақсатында коммуналдық нысандарды сенімгерлік басқаруға беру жұмыстарын жүргізу үстіндеміз, – дейді өңір басшысы.
Мысал үшін айта кетсек, коммуналдық «Ел ырысы» базарын алған инвестор 500 млрд теңге қаражат бөліп, базардың инфрақұрылымын реттеп жатыр. Сондай-ақ қосымша тағы 15 жұмыс орны ашылды. Осылайша жеке сектор – кәсіпкерлер өздеріне берілген мүлікті тиімді пайдаланумен қатар, одан тиісінше пайда тауып, салық төлеп, жұмыс орындарын сақтап отырғанын көрсетеді.
Ел ішінде түрлі пікір айтылғанымен, Батыс Қазақстан облысында мемлекет қаражатын үнемдеу шараларының бірқатары спорт саласын оңтайландыру түрінде көрініс тапты.
– Біз өңірдің спорт саласы қызметіне толық талдау жасадық. Сөйтіп биыл дене шынықтыру мен спорт саласы бойынша 57,5 штаттық бірлік қысқартылды. Қысқартылғандардың 30 пайызы – әкімшілік қызметкер болса, қалғаны – техникалық қызмет көрсетуші персонал. Нәтижесінде, биылдың өзінде 28 млн теңгеден астам қаржы үнемделеді. Осы үнемделген қаражат жаттықтырушылардың немесе өзге де қызметкерлердің еңбекақысын өсіруге, спорт ұйымдарының материалдық базасын нығайтуға жоспарланып отыр, – дейді Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров.
Президент өз Жолдауында: «Қаржы жетіспеушілігі жағдайында кәсіби спорт клубтарын толықтай бюджет қаражаты есебінен ұстаудың маңыздылығы жоқ» деген болатын. Батыс Қазақстан облысында «Ақжайық» футбол клубы, «Ақжайық» допты хоккей клубы және волейбол командасы секілді 3 кәсіби спорт клубы бар. Қазір аталған кәсіби клубтардың бюджетін қысқартып, үнемделген қаражатты балалар мен жасөспірімдер спортын ілгерілету, бұқаралық спортты дамыту, соның ішінде аудан спортының қажетіне жұмсау қарастырылып жатыр.