Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көлемінің 91,2 пайызы су құбырлары арқылы жүзеге асырылуда. Халықтың 31,89 пайызы ашық су көздерінен су ішіп отыр. Қала тұрғындарының 99 пайызы, ауыл тұрғындарының 84,3 пайызы су құбыры арқылы келетін тіршілік нәрімен қамтамасыз етілген. Жұрттың 7,87 пайызы ұңғымалар мен құдықтан, 23 ауылдың халқы суды тасып ішіп отыр.
Облыс жұртшылығының ауыз су барысындағы қажеттілігін 364 су құбыры мен 259 ұңғымалар мен құдықтар өтеп тұр. Дәл қазір құбырлар мен құдықтардағы ауыз судың сапасы туралы кесімді пікір айту қиын. «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге мораторий енгізу туралы» Президенттің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына сәйкес осы жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеру тоқтатылған. Оның үстіне жалпақ әлемді жаман тұмау індеті жайлауына байланысты биыл наурыздан бастап тексеріс өткізілген жоқ.
Облыстық санитарлық-эпидемиялық департаменті әкімшілік шаралар қабылдамай, сумен жабдықтау нысандарына ай сайын мониторинг жүргізумен шектелуде. Осы мониторинг барысында жыл басынан бергі тоғыз ай ішінде микробиологиялық көрсеткіштерге 1 363 сынама жасалған. Қорытындыға сәйкес, 145 су құбырының суы қалыпты деңгейге сәйкес келмейтіні анықталған. Бұл – барлық мөлшердің 10,6 пайызы. Осы орайда Бурабай, Біржан сал, Егіндікөл, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын аудандарындағы көрсеткіш облыстық деңгейден жоғары болып отыр. Санитарлық-химиялық көрсеткіштерге байланысты су құбыры суының 1 318 сынамасы зерттелді. Жоғарыдағы біз айтқан көлемнің ішінде 230-ы талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Бүгінде 364 су құбырының 336-ы немесе 92,3 пайызы – бақылауда. Оның ішінде 4 өндірістік зертхана арқылы 37 су құбыры тексеріспен қамтылған. Ал 28 сумен жабдықтау нысаны бақылаусыз қалған. Ол жердегі халықтың қандай су ішіп отырғаны беймәлім. Ел игілігіне жаратып отырған 364 су құбырының 131-іне күнделікті қызмет көрсетуге және күтіп-ұстауға тиісті қаражаттың бөлінбеуі онсыз да қаны шығып тұрған мәселені шиеленістіре түсуде.
Енді ауылдық жерлерде ауыз судың қалыпты норма талаптарына сәйкес келмеуі себептерін талдап көрелік. Алдымен су сапасына құбырлардың және таратушы желілердің әбден тозығы жеткені себеп болып отыр. Бұл жерлерде құбырлардың жарылуы өте жиі кездеседі. Оның үстіне тазарту құрылғыларының тиімді жұмыс істемейтіні де жығылып жатқанға жұдырық болып отыр. Өңірде су құбыры желілеріне уақтылы техникалық қызмет көрсету және күтіп ұстау бойынша мамандандырылған коммуналдық кәсіпорындардың болмауы, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігі де себепші. Оның үстіне ұңғымаларды үздіксіз, ұзақ уақыт пайдалану да су сапасының нашарлауына әсер етіп жатыр. Құдықтар мен ұңғымалардың тиісті мөлшердегі тереңдігі сақтала бермейді. Су көзіне көктемгі қызыл су жүрген кезде ағын су, жер бетіне таяу үстіңгі қабаттағы жерасты сулары мен жауын-шашынның лайы қосылып кетеді. Бұл да сапаның сын көтермеуіне соқтырады. Осы орайда санитарлық-қорғау аймағы сақталмайтынын, кей жерлерде олардың қоршаулары бұзылып тасталғанын да айта кету керек.
Зерттеулер барысында 7 су құбырының санитарлық нормаларға мүлде сай келмейтіні анықталды. Нақтырақ айтатын болсақ, Егіндікөл ауданындағы Буревестник, Егіндікөл, Тоғанас ауылдары, Қорғалжын ауданындағы Қорғалжын, Садырбай, Екпінді елді мекендері, Жарқайың ауданындағы Костычево-Донское, Жақсы ауданындағы Белағаш ауылы мен Жақсы кенті.
Облыс орталығы Шағалалы және Сергеев су қоймаларынан су алады. Бұл орайдағы мәселе тіптен өткір. Көкшетау қаласы тұрғындарының тәуліктік ауыз су тұтыну мөлшері орташа есеппен 23,5-25 текше метрді құрайды. Көктемгі су тасқыны кезінде құбыр арқылы келетін суды ішу тіпті де мүмкін емес. Қалаға келетін суды тазартатын сүзгі 1986 жылы есептен шығарылып тасталуы керек еді. Бірақ әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Соншама уақыт су тазалап келген сүзгіден шыққан судың сапасы туралы не айтуға болады?! 2009 жылы басталған тазарту стансасының жұмысы қайтадан тоқтап қалған. Оны аяқтауға 1,7 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат қажет екен. Қазіргі күні облыс орталығындағы ауыз судың қауіпсіздігі эпидемиялық тұрғыдан судағы хлор құрамының ұлғаюымен қамтамасыз етіледі. Алайда құрамында хлор мөлшері шамадан тыс көп болса, халықтың денсаулығына теріс әсер етуі де әбден мүмкін.
2011 жылы «Су желілерін, тазарту құрылғыларын жаңғыртып, кеңейту арқылы тәулігіне 60 мың текше метр су өткізуге жеткізу» жобасы бойынша жаңа су тазалау қондырғысының құрылысы басталған болатын. Тапсырыс беруші – Көкшетау қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімі. Жұмысты қолға алған – «AEGISinc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша 1,623 млрд теңгенің келісімшарты жасалды. Әйтсе де 2011 жылы 538,1 млн теңге ғана игерілді. Мердігер ұйым құрылыс жұмысын бастап, цехтың, зертхананың бірлі-жарым ғимараттарын жарым-жартылай ғана көтерді. Бірақ жұмыс алға баспады. 2012 жылы қалалық сот аталған конкурс жүзеге асырылмады деген шешім шығарды. 2012-2013 жылдары қайтадан өткізілген конкурс нәтижесінде «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды. Бұл серіктестік 2013 жылы 181,24 млн теңгені игерді. Осы арада құрылыс жұмыстарының және құрылғыға қажетті техникалық жабдықтардың құны өсіп кетті де, жаңа станса салу жұмысы тоқтап қалды. Бастапқы қаржының 719,390 мың теңгесі ғана игерілді. 2014 жылы «Көкшетау қаласындағы су желілері тазарту құрылғысын тәулігіне 30 мың текше метр қуатқа жететіндей етіп жаңғырту және кеңейту» жобасына сәйкес мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Жобаның құны 2014 жылғы бағамен 2 397,7 млн теңге болып белгіленді. Бірақ бұл жобадан да нәтиже шықпады. Қазіргі күні облыс орталығындағы 343,90 шақырымды құрайтын су желілерінің 40,9 пайызы әбден ескірген. Су құбырлары жиі жарылады.
Өткен жылдың алпысыншы жылдары салынған, жалпы ұзындығы 285,6 шақырымды құрайтын Нұра топтық су құбырының жағдайы – бүгінгі таңда өте өткір мәселелердің қатарында. Бұл құбырлардың 95-98 пайызы тозып біткен. Су құбырлары желілерінің тозуына байланысты оқыс оқиғалар жиі орын алады. Мамандардың есептеуіне қарағанда, ұзындығы үш шақырымнан асатын апатты учаскелердегі құбыр желісін ішінара ауыстыру үшін 500 млн теңгеге жуық қаражат бөлінуі қажет. Облыс тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыстық әкімдікте жыл сайын қаралады. Аудан әкімдіктерге орын алып отырған кемшіліктерді жою туралы нақты тапсырмалар береді. Бірақ өкінішке орай, «баяғы жартас – бір жартас» қалпында қалып отыр.
2019 жылдың ішінде талап бұзушылықтарға байланысты жалпы көлемі 21,9 млн теңге болатын 105 әкімшілік айыппұл салынған. Шаруашылық субъектілеріне 85 ұйғарым жолданған. Алайда бұл шаралар тиісті нәтиже беріп отырған жоқ. Демек, ауыз сумен қамтудағы көптен қордаланып қалған мәнді мәселелерді шешуге кешенді шара қабылдау қажет тәрізді.
Ақмола облысы