• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Қараша, 2020

Қазақы әдеп

1490 рет
көрсетілді

Платон данышпан: «Игіліктің төрт түрі бар», – деген екен. Олар: жүректілік, данышпандық, естілік және әдептілік. Осы қағиданың біз бүгін тек біреуіне ғана, яғни әдептілік жайына тоқталғымыз келіп отыр. Оған себеп, кейінгі кезде жақсы мен жаманның аражігін ажыратпай, мәселенің ақ-қарасын білмей тұрып, біреуді сырттай сыдырта сөге сөйлеу, сынап-мінеу, нәпсінің азғыруына еріп, жалған, лепірме, бос сөзге ерік беру секілді халықтық қалыбымыз бен қазақы әдебімізбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат құбылыстар тым белең алып барады.

Тіпті әлеуметтік желіде бір мәселе төңі­регінде ойлары бір жерден шықпай қалып жатқан жандардың өзара дауласып, жан­жалдасып, бет жыртысардай бір-бірін ғайбат сөздермен балағаттап жатуын қалыпты жағ­дайдай қабақсыз қабылдай беретін болдық. Мұндайда ұлы Абайдың: «Осы күнде, хайуан­нан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де бі­леміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре­тамырымызды адырайтып кетеміз», деген сөзі еске түседі.

Адамдардың сыртынан жала жабу, даттау, өсек-аяң, жағымсыз ғайбат сөз айту қазақы ортада қай кезде де өте ауыр күнә болып саналған. Содан келіп үлкеннің кіші алдындағы, кішінің үлкен алдындағы әдеп сақтау үлгілерінің ұмы­тылып, жан дүниеміздің мұншалық азып-тозып кетуіне не себеп деген сұрақ туады. Оның әрине түрлі себебі болуы мүмкін. Бірақ соның ішінде әсіресе әдептің әліппесі саналатын халықтық төл жауһарлардан алшақтап кетіп қалғандығымыздан көп опық жеп отырған сияқтымыз. Өзге тілде мультфильм, сериал тамашалап, көбіне интернеттің өнімімен сусындап жатқан ұрпақтың бойынан болашақта не күтуге болады?! Ол үшін әдептілікке үн­дейтін туындыларды оқулықтарға енгізу, құн­дылықтарымызды заманауи құралдар арқылы насихаттау тәрізді мәселелерді тезірек қолға алмасақ болмайын деп тұр.

Халқымыз тәрбиесіз дағды да қалыптас­пайды деп есептеген. Мысалы, баланы ал­ғаш­­қы күннен бастап-ақ ізгілікті істерге ба­ғыттап, тәрбиелесе, сол істер біртіндеп дағ­дыға айнала бастайтынын бағамдаған. Сол сияқты тәрбиемен қол жеткен қайырымды іс-әрекеттерді, мінез-құлықты дағды арқылы тұрақты қалыпқа айналдырып отырмайын­ша, адам жаны ізгілікті бола алмайтыны белгілі. Бойымыздағы мінез-құлық пен іс-әрекетіміздің кейде қазақы әдеппен қабыспай қалып жатуы – халқымыздың сондай құнарлы шүйгін тамырынан қол үзіп қалғандығымыздың сал­дары демеске лаж жоқ. Ғалымдар мысалы, Жапонияда «Өнегелік туралы кеңес» жұ­мыс істейтінін тілге тиек етеді. Бұл ұйым теле­арналардың жұмысын бақылаумен айналысатын көрінеді. Телеарна балалар көретін уақытта олардың тәрбиесіне кері әсерін тигі­зетін фильм немесе бір арнайы хабар тарататын болса, бұл арнаға көп мөлшерде айыппұл салынады дейді. Тіпті олар ұялы телефонға дейін сондай қырағы бақылау орната бастапты. Мобильдік сайттарды мұқият зерттеу бары­сында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, пор­нографиялық мазмұны бар ерекше ре­сурс­тар тобы айқындалған. Осы кемшілікті бол­дырмас үшін балалар мен жасөспірімдерді қор­ғау мақсатында Жапонияның байланыс ми­нистрлігі, әлгіндей қажетсіз ақпараттардың тү­суін тежеп, телефонды құрықтау жүйесін жа­сауды қолға алған. Ал бізде болашақты ойлап жатқан ешкім жоқ тәрізді. Интернет емген сана­ның қандай қоқысқа толып жатқаны бір Құ­дайға ғана аян. Осы бағытта тәрбиеленген ой-са­наның «жемісі» кейде әлеуметтік желі­ден көрініс тауып қалып жататыны тағы рас.

«Бірде Бөлтіріктен қасындағы жас өнер­паздар сұрапты дейді: – «Ақ ата, тәнің мен жаның бірдей сау болсын деген сөзіңіздің мәнісі не?» деп.

Сонда Бөлтірік айтқан екен: – Тәні саудың бәрінің жаны сау бола бермейді. Тән мен жанның саулығы бірдей болуы – кісі бойын­да сирек кездесетін байлық. Кісінің жанын аздыратын дерттің түрі көп: күншілдік деген бар, содан сақтан, кекшілдік деген бар, содан сақтан, астамшылдық деген бар, одан алыс жүр, сараңдық деген бар, одан қалыс жүр, қараулық деген бар, одан таза бол, бәлеқорлық деген бар, одан ада бол, ынсапсыздық деген бар, одан ада бол. Жаның осы жеті жаманнан аман болсын», деген екен.

Әңгімені түйіндей келе айтпағымыз, адам әдебімен әдемі көрінеді. Әдептілік, сыпа­йылық, ізеттілік деген сөздердің түп-тамыры – ортақ. Қазақ деген қасиетті атауға ие ұлттың тек өзіне ғана тән болмысы, дү­ние­танымы барын ескерсек, қазір рухани құндылықтарға оралатын кез, былайша айтқанда, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық мәдениеті мен әдет-әдебін қайта қалпына келтіріп, алға оздыратын уақыт.