Шын талант тұсаулап ұстауға көнбейді деген рас. Сексеннің сеңгірінен әлдеқашан асып кеткеніне қарамастан, классикалық өнердің аңызына айналған Болат Аюханов алматылықтарды «Аиданың» премьерасын тамашалауға шақырып жатыр. Осыдан жеті жыл бұрын 75 жасында сахнада билеп, балет үшін туатын нағыз біртуарлардың уақыт үстемдігіне бағынбайтынын, сыны мен сымбатының еш бұзылмайтынын бір дәлелдеген еді.
Міне, денсаулығы сыр беріп, аяғын ауырсына басып жүріп әлемдік классиканың жауһары саналатын «Аида» спектаклін дайындап, сүйікті көрерменін тағы таңғалдырып отыр. Әттең, аяғы ақсайды, әйтпесе сахнаға өзі атып шығар еді. Өзі аса құрмет тұтатын Майя Плисецкаяның да өмірінің ең соңғы күніне дейін сахнадан түспей билегенін үлгі көріп айтатыны бар-тын. Қалай айтсақ та, қазақ балетінің бағына туған Болат ағамыздың 82 жасқа келіп спектакль қойғаны сүйсіндірмей қоймайды. «Жасым туралы ешқашан ойланған емеспін. Жан дүнием 25-тегі жігіттікі сияқты билеп тұрады. Карантин кезіндегі жұмыссыздықтан жарылып кете жаздадым», дейді Аюханов ағынан жарылып. Ол үшін жұмыс – нан табудың амалы емес, өмірінің мағынасы. Екі қолы алдына сыймай, іші пысқан Аюханов үйіндегі күтушілеріне «Аида» туралы айтып, тіпті кей тұсын қимылымен көрсетіп, мауқын басыпты. Бірақ соның бәрін көрерменге жайып салғанға жетпейді ғой, шіркін. Көлденеңнен келген коронавирустың кесірінен қария біткен үйінен шыға алмай қамалып отырғанда, балеттің «вирусын» бойына жас күнінен жұқтырған Болат Ғазизұлы қалаға жан біткен күннен бастап қырыққа жуық шәкіртімен күні-түні әзірлікте жүрді. Ал бишінің репетицияны қалай жүргізетінін көзі көргендер біледі – соғыс кезіндегі тыпыр еткізбейтін әскери режім адыра қалсын. Маңдайының тері моншақтап еңбек етуді ғана білген адам еріншектік пен еркелікке жаны қас. Оғаш қимыл, орынсыз күлкі, сынық ауыз сөзге ұстаз қатаң тыйым салады. Ауада қалт-құлт етіп қалқып ұшқан қауырсын секілді үнемі түлкіқұрсақ жүретін тұтас труппа тек тәртіпке бағынады. Баяғы өзі құрған «Алматының жас балеті» араға жарты ғасыр салып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры деген жаңа атауға ие болды. Театр талантты қыз-жігіттермен толықты. Соның біразы жаңа спектакльге тартылды.
«Сырқатыңызға қарамастан, жетінші мүшеліңіздің жуан ортасына келгенде спектакль қойғаныңызға сене алар емеспіз. Нақ «Аиданы» қоюыңызға не себеп?» деп Аюхановқа алғашқы сұрағымызды қойдық.
Классикалық өнерге өтірік жүрмейді
«Аида» өткен жылдың желтоқсанында жарыққа шығуы керек еді. Белгілі себептермен кешеуілдеп жүргенде, елде карантин орнады. Содан бері әбден пісіп, иі қанған шығарма сахнаға ерекше жанрда шыққалы жатыр. Көптен бері көңілімде жүріп, пісіп-жетіліп, ақыры қоюға бел шештім. Мен өзі балеттен бұрын операмен «ауырған» адаммын. Тіпті атақты опералардың біразын жас күнімде жатқа білуші едім. Негізі, балетке опера арқылы келдім. «Қарғаның мәткесі», «Евгений Онегин», «Травиата», «Трубадур», «Аида», «Севиль шаштаразы»... Санай берсем көп. Әлі күнге дейін Мария Калласты тыңдаудан жалыққан емеспін. Классикалық музыкамен таныстырғаны үшін операның алдында қарыздармын.
Ал операдағы балет дегенді естуіңіз бар ма? Иә-иә, «Аида» қойылымына классика өнерінің қос қанаты бірге қатысады. Бұл дегеніңіз – мағына-мазмұнға толы мың сан дыбыстың патшалығы. Джузеппе Вердидің мәңгі өлмес бұл туындысын сахналауға қызықпайтын режиссер, Египет патшасы мен Амнеристің, Аида мен Радаместің рөлін армандамайтын әртіс жоқ. Себебі бұл тек махаббаттың, сезім мен адалдықтың ғана оқиғасы емес, жарқ-жұрқ еткен қызылды-жасыл бояуы қалың, сиқырлы саз бен әуен сіңірілген, тартысқа толы тартымды шығарма. Опера мен балеттің айналасында жүргендерді ынтықтырып келе жатқан әйгілі туынды біздің труппа әртістерінің орындауында қалай көрініс табатыны өзімізге де қызық көрінді. Классикалық музыка өтірік нотаны өзіне өткізбейді, қабылдай алмайды. Нотаны дөп баса алмады ма, болды, бүкіл үйлесімнің күл-талқаны шығады. «Аида» көп еңбектенуді қажет ететін күрделі қойылым. Бишілер осыны терең сезінуі тиіс. Бұрын «Аиданы» көрген болса, премьераға келетін адамдар байқар, менің «Аидам» тосын, күтпеген образда көрінеді.
Сахнадан мәдениеттің лебі есіп тұруы керек
1967 жылы «Алматының жас балетін» алғаш ұйымдастырғанымда, мақсатым академиялық классиканы айна-қатесіз қайталау емес, о баста биге арналып жазылмаған музыкаға балет қою еді. Сол мақсатымнан ешқашан айныған емеспін, әлі күнге осы бағытта жұмыс істеп келемін.
Мен не нәрсенің де кәсіби деңгейде жасалғанын қалаймын. Кейбір өнер адамдары секілді көрерменге ұнауды мақсат тұтқан емеспін. Өйткені тырыспасам да, көрерменнің мені жақсы көретінін, өнерімді жоғары бағалайтынын білемін. Әрдайым сол құрметке лайық болғым келеді. Біз көрермен үшін жұмыс істейміз, сондықтан ол күткен кәсіби деңгейдегі қойылым ұсынып, сенімінен шығу – басты міндет. Сондықтан күлдікөмеш дүние жасап, көрерменді алдамау керек. Тек «Аида» емес, барлық қойылымдардың бүге-шігесіне дейін дәлдікті, нақтылықты қадағалаймын. Сахнадан ізденістің, музыкалық биік мәдениеттің, жаңалықтың иісі аңқып, лебі есіп тұруы керек. Сол жұпар көрерменнің жүрегін толқытып, тебірентуі тиіс. Әрине, қаражат бізде аз, «Аидаға» тіпті аз бөлінді, бірақ ол да бізді тоқтата алмады. Сол аз ақшаға дұрыс дүние жасағымыз келді. Киім мен декорацияға көп қаражат керек екені белгілі, амал не, қолда барды қанағат тұттық.
«2010 жылы әлемдік мәдениетке зор үлес қосқаныңыз үшін өнер саласының «International Socrates Prize» атты халықаралық сыйлығының лауреаты атаныпсыз. Әзірге Сократ сыйлығының Қазақстандағы жалғыз иегері өзіңіз-ау» дейміз.
Маған ешкім бұйрық бере алмайды
Бұл кәсіби саладағы жоғары жетістіктердің бағасы, халықаралық дәрежеде мойындалғандықтың жарқын көрінісі шығар. Мен мақтанғанды ұнатпаймын, маңайымдағылар оны біледі. «Қыз Жібек», «Гамлет», «Кармен-сюита», «Шыңғысхан», «Болеро», «Батырлар», «Қазақ сувенирі» және басқа да қойылымдар – қазақ балетінің алтын қорына енді. Соның өтемі болар.
Театрға тек талантты, келешегінен үміт күттіретін жастарды ғана қабылдаймын. Олардың аяғы мен қолының дамылсыз қозғалыста болып дөңгелеп билегені, шыркөбелек айналғаны аз, бастысы музыканы сезінетін жүрегі болуы тиіс. Жүрегі сәуле шашып тұрмаса, көрерменге жеткізе алмайды. Маған ешқашан жоғарыдан біреу телефон шалып «менің ұлымды немесе қызымды, яки туысымды труппаңа жұмысқа ал» деп бұйрық беріп көрген емес. Себебі олар маған ондай бұйрықтың жүрмейтінін жақсы біледі. Менің бетке айтатын тік мінезім, турашылдығым көп адамға ұнамайды, оны білемін, бірақ сыпайылық пен төзімділік танытады. Оған да шүкір.
...Саналы ғұмырын би өнеріне сарп еткен саңлақ әрбір қойылымын терең ой елегінен өткізіп, әбден пісіп-жетілген соң ғана ұсынады. Жан-тәнімен сүйетін кәсібінің әрі патшасы, әрі құлы іспетті балетмейстер «көрерменнің алдында қателесуге хақым жоқ» деп санайды. Құлақтанып қалған көрермен Б.Аюхановтың жаңа қойылымын тағатсыздана күтіп жүр. Карантинде жатып аңызға айналған әртістің өткен жылдардағы жұмысын, бұрынғы қойылымдарын армансыз көрді, бірақ жан-жүрегімен сезініп, көзбен көргенге жетпейді. «Аиданың» премьерасы 26 қараша күні Алматыдағы Н.Сац атындағы балалар мен жастар театрында өтеді.
АЛМАТЫ