Өзбекстанда Түркі Кеңесі ынтымақтастығы шеңберінде Өзбекстан мен Қазақстан арасында екі елдің кеден органдары мен Халықаралық тасымалдаушылар қауымдастығының (ХТҚ) серіктестігімен «eTIR» қанатқақты жобасын іске қосылу салтанаты өтті.
Іс-шараға Түркі Кеңесінің кеден органдарының, көлік министрліктерінің, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстанның халықаралық тасымалдаушылары қауымдастығының және ХТҚ-нің өкілдері қатысты.
«eTIR» жүк тасымалдау жүйесін цифрландыруға бағытталған және жүктерді шекарада кедендік бақылау рәсімдерін өтпей, тасымалдауға мүмкіндік береді.
Түркі Кеңесі бас хатшысының орынбасары Мирвохид Азимов рәсімде сөз сөйлеу барысында «eTIR»-дің кеден органдарының да, жүк тасымалдаушылардың да жұмысын айтарлықтай оңтайландыруға, пайдалану шығындарын қысқартуға, тасымалдауды жеделдетуге және нақты уақыт режімінде жұмыс жасайтын сенімді халықаралық деректер қорының арқасында оны одан әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік беретін халықаралық жүк тасымалдарындағы маңыздылығын атап өтті.
Бас хатшының орынбасары М.Азимов 2020 жылғы 10 сәуірде өткен Түркі Кеңесінің кезектен тыс саммитінде мүше мемлекеттердің басшылары пандемия кезінде азық-түлік қауіпсіздігін және негізгі тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында көліктік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі басым міндеттерді айқындағанын және тараптар арасындағы байланыссыз сыртқы сауда жүйелерін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Осы орайда Өзбекстан мен Қазақстан арасында «eTIR» қанатқақты жобасын іске қосуды табысты ынтымақтастықтың және мемлекет басшылары қойған басты міндеттерді тәжірибеде жүзеге асырудың айқын мысалы ретінде қарастырған жөн.
Осыған қоса «eTIR» қанатқақты жобасына қатысушылар шеңберін ұйымның басқа мүше мемлекеттерін және бақылаушы мемлекеттерін тарту арқылы кеңейту қажеттігі айтылды.
Қатысушылар сондай-ақ осындай бастамалардың маңыздылығын атап өтті және Түркі Кеңесі шеңберінде тиімді әрі тұрақты көлік тетіктерін құру жолында кездесетін кедергілерді жоюға бағытталған елеулі жобалар мен бағдарламаларды іске асыруда ынтымақтастыққа дайын екендерін білдірді.