• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қаржы 23 Қараша, 2020

Дәстүрлі қызметті ығыстырған цифрлы банкинг

480 рет
көрсетілді

Бұл «Кеме келсе, қайық судан шығады» деген ел аузындағы ескі де есті сөзді тағы еске түсіріп тұр. Интернет-банкинг нарығы онлайн төлемдер саласы сияқты жыл сайын өсіп келеді. Сонымен қатар банк өкілдері бір транзакцияға арналған орташа чектің үздіксіз өсімін, 2-3 жылда интернет пен мобильді банкинг күнделікті банктік қызметтен цифрлы кеңсеге көшуі әбден мүмкін екенін, азаматтарға барлық операцияны секунд сайын бақылауға мүмкіндік беретін орынға айналатынын айтып жатыр.

Үкімет осы сегментті дамытуға мүдделі

Қаржы секторы мен цифр­лы технологиялар интеграциясы IT инфрақұрылымды және цифр­лы шешімдерді пайдалану мүмкіндігімен тығыз байла­нысты. Әлемдік қаржы техно­ло­гиясының инновациялық тұр­ғыдан жаңғыруы ғарыштық жыл­дамдықпен жүріп, интернетте толыққанды өкілдіктерін ашып, интернет-банкингті іске қосуда. Сарапшылар, тіпті алдағы бірер жылда интернет-банкингтердің өзі IT-компанияларға айналуы мүмкін екенін батыл болжай бастады. Кейінгі деректер бо­йынша мобильді банкинг бүкіл клиенттер базасының шамамен 90 пайызына қызмет етеді. Бұл жүйелерде шамамен 10 миллион пайдаланушы тіркелген. Олардың 30 пайызы операцияларды тұрақты түрде жүргізеді екен. Сарапшылар да Қазақстан банктерінің электронды сауда нарығындағы мүмкіндігі жоғары екенін айтады.

Бүгінгі таңда банктер арасындағы күрес клиент емес, тиімді технология үшін таласқа айналып, технологиялық көш­бас­шылыққа ұмтылу басталды. Басқаша айтқанда, дәстүрлі банк­тік қызмет түрінен смартфондар негізінде клиенттерге қашықтан қызмет көрсетіп, ақы төлеу мәдениеті мен әдетін өзгертіп жатыр.

Жуырда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы бірігіп өткізген жиында классикалық банкинг қызметі ішкі нарық үшін тиімді болмай қалғаны ашық айтылды. Жаңа тұжырым қаржы нарығындағы ынтымақтастықты арттырады, нарықта жаңа өнімдерді шығаруды, fintech құзыреттерінің қол­же­тімділігін арттырады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбіл­қасымова ұсынған деректерге сенсек, дәстүрлі бизнес модельдері бар қар­жы ұйымдарының кірісі финтех ком­паниялар мен ірі технологиялық компа­ниялар сияқты нарықтың жаңа ойын­шы­ларымен салыстырғанда 30 па­йызға дейін төмендеп кеткен. Сон­дай-ақ М.Әбілқасымова биылғы желтоқсаннан бастап Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы аясында шетелдік банк­тер мен сақтандыру ұйымдары елде өз филиалдарын ашуға құқылы болатынын еске салды. 2025 жылға қарай ЕАЭО елдерінің қатысушылары бір-бірінің нарықтарына кіруін қамтамасыз ететін ортақ қаржы нарығын қалыптастыру жоспарлануда.

 

Етек-жеңімізді жиюға – 5 жыл

Осыған байланысты банк секторының дәстүрлі моделі өзгеретіні, енді бұрынғы дәстүрлі жолмен жүре алмайтынымыз белгілі болып қалды. McKinsey & Company сарапшылары қазақстандық нарықта клиенттердің тәжірибесін жақсарту бағытында біраз тірліктердің басы қайырылғанын айтып жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше онлайн-сауда алаңы, транзакциялық банк және несиелік өнімді біріктіретін экожүйелер бар. Тағы бір жаһандық тенденция – клиенттер өнімге жақсы жағдай іздеуді жөн көреді, ал технологиялық жетістік олар үшін бұл процесті жеңілдетеді: клиенттер бір банкте ипотека ала алады, басқа банкте депозиттер сақтай алады, үшінші банкте төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыра алады.

Сарапшылар клиенттердің жеке қажеті үшін қызметтерді үлкен деректерге сүйене отырып пакеттей алатын банктердің артықшылығы бар екенін талайдан бері айтып келеді.

– Экономиканың басым салаларында, ең алдымен агроөнеркәсіптік кешенде, шағын және орта бизнесті шағын несиелендіруде микроқаржыландыруды кеңейту үшін жағдайлар жасалады, – деп атап өтті М.Әбілқасымова.

Қаржы нарығы секторларының – банк­тік, сақтандыру, бағалы қағаздар нары­ғының тиімділігі қарапайым цифр­лы көрсеткіштермен бағаланып келді. Мысалы, активтердің өсуі мен ІЖӨ-нің өсуіне қатысты. Бұл тәсілдің енді өз­ге­ретінін түсінуіміз керек. Біз өзгеріс­терді нарықтың көлемін өлшеу үшін қолданылатын координаттар жүйесін де жетілдіруден бастауымыз керек деп отыр қаржы нарығының мамандары.

Кәсіпкерлікті қаржыландырудың мемлекеттік ресурстарға тәуелділігі туралы осыған дейін де жазғанбыз. Енді бұл олқылықтың орны толатын сияқ­ты. Құжаттың жаңа редакциясында экономиканың қаржыландыруындағы банктердің рөлін қалпына келтіру жеке басымдылық ретінде қабылданыпты. Несие­лендіруді қамтамасыз ету үшін банктердің андеррайтерлік рәсім­дері жетіл­дірілетін көрінеді. Бұл өзгеріс­тер пру­денциалдық реттеу кезінде экономиканы несиелендірудегі кедер­гілерді жоюдан басталады.

– Экономиканы қаржыландыруды кеңейту мақсатында банктік қаржы­лан­дырудың факторинг, лизинг сияқты бала­малы құралдарын дамыту үшін нор­мативтік жағдайлар жасалады. Жет­кізілген тауарлар мен қызметтер үшін төлемнің бір бөлігін ала отырып, кәсіп­орындар өз қызметінің үздіксіздігін сақ­тай алады және лизинг ШОБ-тың ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол­же­тім­ділігін жеңілдетеді, шығындар­ды азай­­та­ды және ұзақ уақыт бойы қым­бат ин­вес­тициялардың қаржы­лық ауырт­па­лығын бөледі, – деп атап өтті М.Әбілқасымова.

Сонымен агенттік төрағасы айтып өткендей, кәсіпорындардың ашықты­ғын арттыру бойынша жұмыс жалғаса береді.

– Ашықтыққа қойылатын талап­тар­дың жоғарылауы несие берушілер мен инвес­торлардың ұйым қызметі туралы хабардарлығын арттырады. Осы мақсаттар үшін корпоративті бас­қарудың және ақпараттың ашылуы­ның минималды стандарттары кәсіп­орын басшылығы мен акционерлерінің жауапкершілігін арттыра отырып белгі­ленеді, – дейді ол.

Қашықтан жұмыс жүйесі мен басқа да цифрлы мүмкіндіктер туралы бұрын да талай айтылған болатын. Енді жаңа редакцияда жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу басымдықтар­дың біріне айналды. Қаржыгер Әнуар Үш­баев банктердің барлығы бірдей клиент­теріне онлайн-банкинг және қашықтан қызмет көрсетуді ұсына алмай отыр­ғаны инфрақұрылымдық қиындықтарға байланысты екенін айтады. Бірақ соған қарамастан, аз ғана уақыт ішінде танымал болған банкинг жобалар бар. Мұндай жобалардың саны жыл са­йын артып келеді. Қазақстанда Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілерінің қол­данушылары өте көп. Осыған дейін онлайн-сауда желілері ұсынған сауда ассортименті жоғары сапасымен ерекшелене алмады. Қазір Facebook Моnstr Masterclass жобасы арқылы әлем­дегі атақты компаниялардың өнімдерін сау­даға шығару мүмкіндігі бар. Оларға әлем­нің кез келген қаласынан онлайн логис­тикалық нүкте ашу да, интернет банкинг ашу да қиын емес.

– Әлемде IT қызмет көрсететін ком­паниялар мен банктер арасындағы қаржылық қызмет саласындағы бәсе­келестік тақырыбы өте өткір болып санал­ды. Қазақстан бұл факторды тек «сынап көру» деңгейінде қарастырып келді. Себебі Қазақстан нарығында бұл сегментте банктерден өзге ойыншылар жоқ. Қолданыста жүрген заңдар дәстүрлі қаржы институттарына ғана басымдық береді. Ресейде банктерден басқа электронды ақшаны банктік шот ашпай-ақ электронды ақша мен ақша аударымдарының операторы ретінде жұмыс істеуге лицензиясы бар несиелік мекемелер бере алады. Демек, шешім қабылдауды тездетпесек, олар дәстүрлі банктерді ығыстырып шығуы әбден мүмкін, – дейді Ә.Үшбаев.

 

Басқалар ұйықтап жатқан жоқ

Әлемдік IT компаниялардың қосым­ша табыс көзін іздеу үшін төлемдер нарығына назар аударғанына талай уа­қыт болды. 2011 жылы Google Wallet қыз­меті іске қосылды, Apple Apple Pay-ды ұсынды, eBay 2002 жылы сатып алған PayPal электронды төлем платформасын іске қосты. Ресейлік «Сбербанк­тің» басшысы Герман Греф осыдан бір­неше жыл бұрын акционерлердің жыл­дық жиналысында сөйлеген кезде басты бәсе­келестер ретінде басқа банк­тік құ­ры­­лымдарды емес, Интернет-ресурс­тар­ды атаған болатын.

– Қазақстаннан тысқары жерлерде Facebook, Google, Apple IT-шешімдерді қол­­­данып, қаржы қызметтері нары­ғына шығып, дәстүрлі банктердің бәсе­ке­лес­теріне айналады. Бұл процесс дәс­түрлі банктердің интернет бан­кинг­терге айналуын тездетеді, – дейді Ә.Үшбаев.

М.Әбілқасымова айтқандай, жаңа редакциядағы екі негізгі бастама –дерек­терді бақылау (SupTech) және цифр­лық сәйкестік (RegTech). Бұл бағыт­та бақыланатын субъектілердің реттеу­шіге есеп беруінің көлемі және тиісті шығындар азаяды.

Сарапшылар алдын ала болжаған­дай, цифрлы реттеуші ішкі нарықта өзара байланысты жүзеге асыру үшін жұ­мыс істейді. Бұл фактор төлем инфра­құры­лымына және жедел төлем жүйесіне, ашық платформалық технологияларды (Open API және Open Banking) және қаржы нарықтарын енгізуді, қашық­тан сәйкестендіруді және алаяқтық пен киберқатерлерге қарсы тетіктерді дамытуды жылдамдатады екен.

Осы жиынға қатысқан Қазақстан қар­жыгерлері қауымдастығының төр­ағасы Елена Бахмутова қаржы нары­ғындағы стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыру үшін болашақ даму тенден­циясын анықтайтын бизнес модельдеріндегі өзгерістерге және клиенттердің үміттеріне сүйену қажет деп атап өтті. Экономиканың барлық салаларында, соның ішінде телекоммуникация мен сауданы қоса алғанда, онлайн-қызметтерді барынша ыңғайлы әрі тез ұсыну басты басымдыққа ие болды, клиенттер қаржы секторынан осындай тәсілді күтеді. Әр клиент үшін ескі сегменттелген нарықтық құрылым негізінде жасалмайтын жеке күрделі қаржылық шешімдерді дайындау қажет.

– Қаржы нарығына қатысушылардың трансформациясы нәтижесінде қаржы институттарының іскери моделі мен тәуекел бейіні түбегейлі өзгеруде. Бұл нарықты реттеуде көрініс табуы керек, – деді Е.Бахмутова. Ол сондай-ақ қаржы институттарының жаңа моделіне көшу үшін негізгі кедергілерді жою қажет екенін де айтып өтті. S&P мәліметтері бойынша банктер үшін салалық және елдік тәуекел деңгейіне сәйкес, Қазақ­стан 10 топта 9-орынға ие.

Агенттік талдаушылары негізгі теріс факторлар ретінде банктік реттеу мен қадағалаудың әлсіздігі, экономикадағы жоғары несиелік тәуекелді айтып отыр. Бұған 2008 жылғы дағдарыстан кейінгі қалыпқа келтіру кезеңінің тым созылып кетуі себеп болыпты. Одан бөлек сарапшылар бұрынғы кеңес елдері, оның ішінде Қазақстан банктері де 2008 жылдардағы дағдарыстың себеп-салдарын толыққанды зерттемей жатып, 2020 жылғы пандемиялық дағдарыс құрсауында қалғанын айтады. Осыған байланысты сарапшы Ә.Үшбаев қазіргі экономикалық дағдарыстың ықпалы әлі талай уақыт­қа дейін сезілетінін, Үкімет немесе Президент жанынан экономикалық дағдарыстың себеп-салдарын зерттейтін ресми орталықтың қажет екенін айт­қан болатын. Біздің кемшілігіміз – осы күнге дейінгі экономикалық-қаржылық дағда­рыстардың сабақтарынан нәтиже шығара алмауымызбен байланысты.

 

Тұрақты өсімі бар компаниялар көп емес

 Отандық банкирлер­дің іскер клиенттер үшін өзара бәсеке­лесуі қиынға соғады. Көптеген банк нарықта ұқсас өнімдерді ұсынады, тариф­тер бірдей, ал барлық ЕДБ бір мем­лекеттік бағдар­ла­малар бойынша жұмыс істейді. Бірақ несиелік ұйымдардың бір бөлігі клиент үшін күресте өздері­нің жеке экожүйелерін – ШОБ үшін қар­жы­лық және қаржылық емес қызмет­­терін дамыта отырып, цифрлы кеңістікке ауыса­ды. Отандық банктер экожүйе­лер­ді бірнеше бағытта құруда: ашық банкинг және маркетинг, сонымен қа­тар бизнеске қаржылық емес қызметтердің бірқатар түрін ұсынады. Kaspi өзінің сауда платформасын 2014 жылы алғаш рет ұсынып, «банк-дүкен» саласында ең алыс қозғалды. Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің көпшілігі қосымша электронды қызметтерді 2019 жылы ғана белсенді түрде дамыта бастады.

– Қаржы институты, ең алдымен, жасанды интеллекті барынша пайдалануы керек. Бұл шығындарды мини­мизациялауға, дербестендірілген қыз­меттер секторын және үлкен деректерді тал­дауға негізделген өнім желісін ке­ңей­туге мүмкіндік береді, – деді Е.Бахмутова.

Қауымдастық төрағасы айтқандай, бізге дайын қаржылық өнімдерден тұтынушылардың жеке қалауын қанағат­тандыруға және әртүрлі цифрлы арналар арқылы қызметтерді үздіксіз ұсынуға көшу қажет. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, пандемия кезінде ғаламтордағы және мобильді банктік қосымшаларды пайдалану бүкіл әлемде 20%-дан 50%-ға дейін өсті, ал бүкіл әлем бойынша клиенттердің 15%-дан 45%-ға дейін банкке келуді азайтуды жоспарлап отыр.

– Пандемия қаржы секторында қалыптасып келе жатқан тенденция­лардың катализаторына айналды, қар­жы секторында цифрлану үдей түсті, сондықтан біз осы сәтті өткізіп алмай, әлемдік трендке енуіміз керек. Қаржы нарығының жаңа идеалды модельге қаншалықты жақын екенін бағалау үшін жаңартылған орта мерзімді эталондар қажет,– деген Е.Бахмутова ішкі индикатор қаржы нарығы секторларын реттеу мен қаржы ұйымдарының операциялық тәуелсіздігінен біртіндеп бас тартуға алып келгенін ескертті.

Қаржылық қамтуды қаржылық қыз­мет­терді экономиканың нақты секторына және халықтың өміріне ену арқылы бағалау керек. Цифрлы көрсеткіштер жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы санына қарыз алушылардың саны, ашық қаржы нарығына инвестицияларды тарту үлесі, ерікті сақтандыру көлемі болуы мүмкін екенін айтқан ол коммерциялық мекемелер тарапынан да, нарықта үстем жағдайды иемденетін мемлекеттік ұйымдар тарапынан да бәсекелестік байқалса, сапалы өзгерістер болуы мүмкін екенін де жиналғандардың қаперіне салып өтті.

Жоғары технологиялық платформа­лармен ынтымақтастық сектордың нормативтік арбитраж жағдайында дамуын жеделдететін көрінеді. Иннова­цияларды енгізу үшін қолайлы жағдай жасау – ішкі қаржы нарығын құрудың қажетті моделі және сонымен бірге біздің қаржылық институттарымыздың әлемдік даму тенденцияларына еніп, жетістіктерге жету мүмкіндігі.

 

АЛМАТЫ