Жуырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві және Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің бірлесе отырып ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру: Ашық қоғамға – ашық архивтер» тақырыбындағы онлайн дөңгелек үстел өтті. Аталған шара Қазақстан Президенті Архивінің Батыс Қазақстан облысындағы күндері аясында ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві өңірлік архивтермен серіктестік қарым-қатынас орнату мәселесіне үнемі жіті көңіл бөліп келеді. 2017 жылдан бастап жергілікті жерлердегі архив мекемелерімен бірлескен ғылыми-зерттеулерді жүргізу, тарихи-құжаттық көрмелерді дайындау, дөңгелек үстелдерді ұйымдастыру, тәжірибе алмасу және тағы басқа жобаларды жүзеге асыруды қамтитын «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің өңірлердегі күндері» шаралар кешені өткізілуде. Мұндай шаралардың ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарын әйгілеп, насихаттауға және архившілердің кәсіби мәселелерді бірлесе отырып шешуіне де бағытталған. Өткен жылдарда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің күндері Нұр-Сұлтан қаласында, Жамбыл, Түркістан, Атырау, Павлодар облыстарында өткізілген.
Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің күндері Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Шараны ашу барысында Президент Архивінің директоры Жәмила Әбдіқадырова отандық архив саласының алдында тұрған өзекті міндеттерге және оның даму келешегіне тоқталды. «Қазіргі уақытта архив саласы кадрлық әлеуетті сақтап қалу және күшейту бойынша тиісті шараларды қабылдауды қажет етеді. Еліміздегі архив саласында білікті мамандар жетіспей отырғанын да жақсы білеміз. Бұған қоса қазір архив саласында жаңа бағыттар қалыптасуда, заманауи технологияларды қолдану қолға алынып, жұмыс әдістері жетілдірілуде. Бұл өз кезегінде кәсіби дайындық пен біліктілікті арттырудың жаңа жоғары деңгейде жүзеге асырылуын қажет етеді», деп атап өтті.
Жәмила Әбдіқадырова өз сөзінде сонымен қатар биыл Жеңістің 75 жылдығына орай архив қызметкерлері тарапынан дайындалып, баспадан шыққан «Рассекреченная война: «Особые папки» ЦК КП (б) Казахстана. 1941-1945 гг.» құжаттық жинағы туралы да айтып өтті. Шараға арнайы дайындалған тарихи-құжаттық көрмеде де жоғарыда аталған Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің «ерекше папкаларының» құжаттары көпшілік назарына ұсынылды.
Шараның ашылуында Батыс Қазақстан облысының Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Абат Ашық және Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің директоры Айжан Савгабаева да сөз сөйледі. Ғалым-зерттеушілер Бақтылы Боранбаева мен Айболат Құрымбаев аталған тақырып аясында өз баяндамаларын ұсынды.
Шараның бағдарламасына сәйкес Қазақстан Президенті Архивінің бас сарапшысы Ақжан Исаева қатысушыларға «Ұлы Отан соғысының тарихы бойынша аса құнды құжаттар: Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің топтамасынан» тақырыбындағы тарихи-құжаттық көрмені таныстырды.
Бағдарламада сонымен қатар «Мемлекеттік архивтер жұмысының негізгі бағыттары: нормативтік-әдістемелік база және тәжірибе» атты архив ісі бойынша семинар жоспарланған еді. Аталған семинар барысында Президент Архивінің қызметкерлері Жәнібек Зейнелов, Гаухар Бекішева мен Ақжан Исаева батысқазақстандық әріптестермен архив ісінің өзекті мәселелері, ведомстволық архивтермен жұмыс, архив құжаттарын есепке алу, сақтау және оларды пайдалану бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Мұхаммед Жылгелдинов,
Президент Архивінің құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының басшысы