Ел ішінде екі қолға бір күрек табыла бермейді, жұмыс жоқ деген жауап кейде жатыпішер жалқаудың жалтарма сылтауындай көрінетіні бар. Көңілі қалаған істі өрістетіп, ел кәдесіне жаратып отырған ісмер азаматтардың тіршілігі былайғы жұртқа үлгі болса несі айып?!
Дарқан даланың даналығын ұғып, атадан балаға мирас болып қалған өнерді өрістету тіршіліктің талғажауы ғана емес, ел қадірлейтін еселі еңбек санатында. 2013 жылы дөңгелек, қазақы үстел жасауды бастаған. Он саусағынан өнер тамып, әулетімен қол өнеріне ыңғайы болып тұрса да, тыңға соқпақ салу – қиынның қиыны. Бірақ шынымен көз қорқақ, қол батыр екен. Бірінші жасаған бұйымдары көзтартарлық болып шықты. Бірте-бірте көпшілік сауда орындарынан ілуде бір көріп жүретін үстелдерден еш айырмашылығы жоқ заттарды жасай бастады. Көз үйренді, қол жаттықты, тәп-тәуір машық қалыптасты. Сол сәтте ойға алған істерінің оңынан оралатынына сенім қалыптасты. Ынтамен істеген соң қолдарынан шыққан әр заттың сапасына да ұялмайды. Жақсы істен, бағалы бастамадан жұрт құлақтанған соң аумағы 150, биіктігі 30 сантиметрлік үстелді жасай бастады. Өмірінің көбі қонақ күтумен, той-томалақпен өтетін жалпақ жұртқа, әсіресе ауылдық жердегі ағайын үшін, тіпті қалалықтар да табыла қалса пайдаланып жататын аса қажетті дүние. Алғашқы кезде болмаса, кейін алушы іздеп көздерін сатқан жоқ.
2019 жылдан бастап күбі жасауды қолға алған. Түр-түрін. Таза қайыңнан. Тапсырыс берушінің тілегіне орай. 10 литрден бастап 150 литр сүт сиятын күбінің сан алуанын тұтынушының көңілінен шығатындай етіп істеп береді.
– Биыл жер жүзін жаман тұмау жайлаған сәтте қымызға деген сұраныс күшті болды ғой, – дейді қолөнер шебері Бауыржан Досмағамбетов, – соған орай күбі де өтімді тауарға айналды. Біздің өңірде ағаш қат болғандықтан, қажетті материалды Нұр-Сұлтан қаласынан, ақ қайыңды Қызылжар өңірінен алдырамыз. Қымыз – қазақтың қадірлі асы ғой. Ғасырлар бойы атамыз қазақ ақты қадірлеген. Сөздік қорымызда да ол туралы дерек көп. Ал қымыз ашыту үшін алдымен күбі керек. Бір кезде қымызды да ұмытып, қордың да үзілген кезі болды. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, алғаш рет қымыз ашытарда биенің сүті арнайы ашытқының немесе қордың үстіне құйылатын. Ашытқыны әдетте сүр жаяның, қазының сынық сүйемін салып сүттен, ол болмаса сүтке нан ашытқысын езіп әзірлейтін. Қор дегеніміздің өзі ескі, бұрынғы қымыз. Халқымызда «қоры үзілмеген» деген астарына көп мағына сыятын сөз тіркесі бар. Бұл арада жалғыз қымыздың қоры айтылмаса керек, ондағы айтпақ ойдың ұшығы қорлы, қордалы шаңырақ өзінің әрбір ісіне ұқыпты, тыңғылықты отбасы деген ұғымды білдірсе керек-ті. Қордың үзілмеуі күнделікті тіршілікте бір-біріне сабақтасып жататын қат-қабат шаруаның рет-ретімен атқарылуына қажетті тұрмыстық жайлардың өзара жарасым табуы. Сары қымыз қашанда адам ағзасындағы сан алуан дертке шипа, күш беретін қастерлі, құдіретті тағам болып саналады. Қымыздың ерекше дәмді, айрықша құнарлы, жан сарайыңды ашып, сіңімді келетіндігі – жылқы малының жаратылысынан өте кірпияздығы. Ол мың сан шөп өсетін жайылымнан тек асылын ғана теріп жейді, суды жалдап жүріп, тұнығын ғана ішеді. Осының бәрі айналып келгенде бие сүтінің өзге төрт түлік малдың сүтінен әлдеқайда құнарлы етіп тұрады.
Ол замандарда қымыздың өзіне тән ыдысы болған. Ол қазақтың құт берекесі саналатын жылқының терісінен тігілген, иі қанған. Қойдың құйрық майымен майланған, қайыңның түтінімен ысталған қара сабасы болатын. Қара саба көзден бұлбұл ұшқалы сары қымыздың сақталатын ыдысы күбіге айналып, қасиеті соған ауды. Күбі әдетте қолдың саласындай түп-түзу, жуан қайыңның діңінен арнайы шабылатын. Ағаш төресі қайыңнан жасалған ыдыстың дәмі өзгеше. Шебердің қолынан шыққан күбі жұп-жұмыр, жеңді білектей болып, ішінен жарықтық қымыздың иісі аңқып, шаңыраққа береке мен барлықтың лебін шашып тұратын еді. Қайың күбіде бапталған қымыз бір жағынан дәмді болса, екінші жағынан күбіні орналастыру оңай, ыңғайлы. Алдымен қыс бойы ұсталмаған күбіні ыстық сумен мұқият жуып, самал желге кептіретін. Сонан соң қаңсыған дәмін кетіру үшін бір сүйем қазының етегімен немесе семіз қойдың құйрық майымен мұқият ысқылайтын. Кей жерлерде жас тобылғы мен қарағанды да пайдаланады екен. Тіпті арша, көкпек, көк шөп қосып та жағады екен. Ал біздің өңір таза қайыңмен ыстайды. Әдетте күбінің ауыз жағы қаусырылып келіп, тарлау болатын. Ал түп жағы керісінше, сыйымдылығы молайтылған, бүйірлері үлкейтілген пішінде жасалар еді.
Қасқалдақтың қанындай қат бұйымға сұраныс көп. Өйткені Ерейментау өңірінде елдің ежелгі бұйымын қайта жаңғыртып, халықтың кәдесіне жаратып отырған өздерінен асқа қолөнер шебері жоқ. Сондықтан аудан төңірегі ғана емес, Қарағанды, Қызылжар маңынан да бие байлаған малсақ қауымның көп болғаны соншалық, тапсырыстың астында қалды.
Енді астау жасамақ. Оның да түр-түрі көп. Атадан қалған мұра, кәделі асқа қажетті бағалы бұйым. Астауының ел игілігіне жарайтынына қолөнер шебері Бауыржан Қайыржанұлы бек сенімді. Төрт ағайынды шеберлердің ұлт мұрасын ұлықтап, ел есінен өшіп бара жатқан заттарды жасауға ықыластары ауып тұр.
Жалғыз қолөнер ғана емес, төрт түлікті тегіс өсіруге де қамдануда. Өз алдарына бірлесіп шаруа қожалығын ашып алған. Қысқа қажетті шөп қора іргесінде қоянжон мая болып бой көтерген. Қазір мал бордақылап отыр. 150 гектар жерге бидай себеді. Шоқ жұлдыздай ғана 45 отбасылық Еңбек ауылындағы көсегесі еңбекпен көгерген әулеттің келешегі кемел екендігіне сендік біз.
Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы