2020 жылы экономика саласы бойынша Нобель сыйлығы америкалық Пол Милгром мен Роберт Уилсонға бұйырды. Олардың аукцион теориясы мен аукциондардың жаңа форматын ойлап тапқаны үшін осы сыйлыққа лайық деп танылғанын әлемдік ақпарат құралдарының бәрі жарыса жазды.
72 жастағы Милгром мен 83 жастағы Уилсон аукциондардың қалай жұмыс істейтінін зерделеп, өз идеялары негізінде дәстүрлі тәсілмен сатылымы қиынға соғатын радиожиілік секілді тауар мен қызметтерді сатуға арналған аукционның жаңа форматын жобалаған. Нәтижесінде олардың бұл табысы бүкіл әлемдегі саудагер, сатып алушы және салық төлеушілерге үлкен жеңілдік тудырады. Біздіңше, америкалық ғалымдардың еңбегіндегі жаңалық та осы фактор.
Әдетте аукцион десе біздің көз алдымызға әлдебір мүлікті саудалап жатқан жалғыз адам мен бірнеше сатып алушы елестейді. Онда түрлі зат сатылуы мүмкін: тауар, құнды қағаз, өнер туындысы. Барлық аукционға тән ортақ ұстаным – әлеуетті сатып алушылар арасындағы бәсеке. Әдеттегідей кім артық ақша ұсынса, сол ұсынылған тауарға (мүлік, туынды) иелік етеді. Ашық және жабық деп бөлінетін аукционның да түр-түрі бар. Бірінде бір ғана сатушы, ал сатып алушы көп болса, енді бірінде сатып алушы жалғыз, ал сатушы көп болуы мүмкін. Милгром мен Уилсонның тапқырлығы сол – сауда-саттыққа қатысушыларға пайдасын мейлінше арттыруға көмектесетін жаңа аукцион түрлерін ойлап тапқандығы. Экономистер жаңалығы туралы тарқатпай тұрып, алдымен аукцион түрлеріне тоқтала кетейік.
Әлгінде аукционның түрі көп дедік. Кең таралғаны – ағылшын және голланд аукциондары. Негізінен картина, антиквариат және өзге де құнды тауарлар саудаланатын ағылшын аукционында тауар бағасы минималды бағадан басталады. Қатысушылардың бірі тауарды сатып алуға дайын екенін хабарламайынша баға көтеріле береді. Ал голланд аукционында баға жоғары басталып, біртіндеп төмендей береді. Сондай-ақ қатысушылар ұсынған баға өзара жария етілмейтін аукцион түрлері де бар. Ондай аукциондарда үміткер өз бағасын конверт, сайт немесе арнайы бағдарлама арқылы жолдайды.
Кейінгі уақытта әлемдік аукцион бағдарламаларында қиындық туындады. Ғалымдар мен ұйымдастырушылар радиожиілік диапазондарының тиімді бөлінуін қамтамасыз ететін және салық төлеушілерге үлкен пайда әкелетін аукцион түрін қалай ойлап тапса болады деп бас қатыра бастаған. Алайда жиілік диапазонында жеке және ортақ компоненттер болғандықтан бұл күрмеуді тарқату өте қиын еді. Осы орайда Нобель сыйлығының ресми сайтында мынадай мысал келтіріледі:
«Белгілі бір аймақтағы жолақтың маңызы нақты бір операторға тиесілі жиілік жолағына тәуелді. Оператор ұлттық ұялы байланыс жүйесін тұрғызғысы келді делік. Мәселен, швециялық қадағалаушы орган солтүстіктегі Лапландиядан бастап оңтүстіктегі Сконеге дейінгі аралықтағы жиілік жолақтарын бірінен соң бірін аукционға қояды. Енді Лапландиядағы лицензия құны оператордың кейінгі кезеңдерде – Сконеге дейінгі аралықта лицензияны сатып алатынына және қандай бағада сатып алатынына тәуелді болмақ. Оператор болашақ аукцион нәтижесін білмейді, сондықтан лицензия үшін қанша төлеу керегін де білмейді. Сонымен қатар алыпсатарлар да жиілік жолағын сатып алып, екінші нарықта қымбат бағамен сатуды көздейді. Нақтылық болмағаннан кейін оператор төменгі шекті мөлшерді ұстайды немесе аукционнан бас тарта тұрады. Бұл проблема басқа елдерге де тән. Осы проблеманы шешу үшін Милгром мен Уилсон көп айналымды аукцион түрін енгізді. Бұл аукцион барлық нысандарды (әртүрлі географиялық аймақтағы радиожиілік диапазондарын) бір уақытта ұсынады. Аукцион төмен бағалардан басталып, қайта өтінімдерге мүмкіндік беріп, сенімсіздік пен қиындықтарды төмендетеді» делінген Швед академиясының ресми сайтында.
Роберт Уилсон алдын ала құны белгіленбеген, бірақ түбінде бәрі үшін бірдей құнға ие аукцион теориясын жасады. Мысал ретінде, радиожиіліктің болашақтағы құнын немесе белгілі бір өңірдегі пайдалы қазбалар көлемін алуға болады. Уилсон саудаға қатысушылардың мүліктің жалпы құнынан төмен баға ұсынатынын көрсетті: олар тым көп төлеп, ақырында ұтылып қалудан қорыққан. Пол Милгром болса жалпы құндылықтарға ғана емес, қатысушыдан қатысушыға дейінгі аралықта құбылып тұратын жеке құндылықтарға ие жалпы аукцион теориясын қалыптастырған. Ол бірнеше танымал аукцион форматтарындағы сауда-саттық стратегияларын талдап, сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық кезінде бір-бірінің бағалау құны туралы көбірек білгенде, аталған формат сатушыға жоғары күтілетін кіріс әкелетінін көрсетті.
Милгром мен Уилсон ұсынған механизм бойынша аукцион бірнеше раундқа созылады, әр раунд сайын ақша мөлшері артып отырады. Раунд жабылғаннан кейін ұсынылған бағалар қатысушыларға жария болады. Раунд арасындағы үзіліс кезінде қатысушылар бәсекелестердің ұсыныстарын зерттеп, өз стратегияларын жөндеп-түзейді. Раунд саны шектеусіз. Жаңа сома ұсынылмаған кезде ғана раунд легі аяқталады. Осылайша, тауар иесі тауары үшін максималды баға алады. Қазір бұл тәжірибе тиімділігін көрсетті.
20 жыл ішінде АҚШ-та жиілікке берілетін лицензия сатылымы 120 млрд доллар табыс әкелген. Милгром мен Уилсон аукционға қатысты зерттеулерін 1990 жылдардан бері жүргізіп, араға 30 жыл салып еңбектері халықаралық дәрежеде еленіп, жаңалықтары қолданысқа енбек.
Біздің елімізде де мемлекеттік сатып алу жүйесі аукцион арқылы жүзеге асады. Осыдан аз уақыт бұрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин радиожиілік мәселесіне тоқталып «Кіші операторлар радиожиіліктерді алып, оларды қызмет көрсету үшін пайдаланып жатқан жоқ. Радиожиілік ресурстарын тиімді қолданудың маңызы зор екені белгілі. Біз арнайы аудит жасап, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бірақ ол үшін тиісті стандарт пен заңнамаға өзгеріс енуі керек» деген болатын.
Оған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ауылшаруашылық жерлерін латифундистерден алу туралы тапсырма беріп, тапсырмасын орындамаған үкіметті қатаң сынға да алған. Мемлекет басшысы латифундизм мәселесін Бағдат Мусинді жеке қабылдау кезінде де ескерткен. Осыншама қордаланған мәселе еліміздегі радиожиілікті сату, интернет тарту мәселесі бойынша кешенді шешімдер қажет екенін аңғартады. Бәлкім, еліміз Милгром мен Уилсон тәжірибесімен жұмыс істей бастаса, бұл біздің елдегі мемлекеттік сатып алу жүйесіне үлкен нәтиже алып келер ме еді.
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ