• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Қараша, 2020

Шетелдік байқаушылар тіркелді

316 рет
көрсетілді

Орталық Сайлау комиссиясының кезекті отырысында Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлаудың кейбір мәселелері пысықталып, халықаралық байқаушылар аккредиттелді.

Комиссия отырысына көтерілген бірінші мәселе бойынша кейбір саяси партиялардың сайлауға жібе­рілуі сөз болды. Нәтижесінде, саяси партияларды партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауға жіберу тура­лы қаулысына өзгертулер енгізілді. Бұл мәселе бойынша Қазақ­стан Республикасы Орталық сай­лау комиссиясының мүшесі Асыл­бек Смағұлов сөз алды. Ол 2020 жылғы 5 қарашада Орталық сайлау комис­сиясы 6 саяси партияны сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылдағанын еске салды. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ақпараты бойынша 2020 жылғы 11 қарашада «Бірлік» саяси партиясы қайта тіркеуден өтіп, «ADAL» саяси партиясы болып атауын өзгертсе, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы да тіркеуден өтіп, Қазақстан Халық партиясы болып өзгерген. «ADAL» саяси партиясының және Қазақстан Халық партиясының барлық филиалдары 14 облыстың әділет органдарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­лар­ында есептік тіркеуден қайта өт­кен.

Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы қос партияны Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылдады.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселені түйін­дей келе, Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы Берік Имашев «ADAL» партиясы Түркістан облы­сын­дағы филиалын қайта тіркеуден және Шымкент қаласындағы филиалын есептік тіркеуден өткізгенін атап өтті.Осылайша, партия барлық өңірлердегі мәслихаттарға сайлауға қатысуға мүм­кіндік алды.

Отырысқа саяси партиялардың, Әділет министрлігінің, аумақ­тық сайлау комиссиялары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­дері онлайн қатысты.

Одан бөлек, отырыста 29 шетелдік байқаушы тіркеуден өтті. Бұл мәселе бойынша сөз алған Орталық сайлау комис­сиясының мүшесі Анастасия Щегорцова «Сайлау туралы» Консти­ту­циялық заңның 20-2-бабына сәйкес шет мемлекеттердің, халықаралық ұйым­дардың байқаушыларын аккредиттеуді Сыртқы істер ми­нистр­­лігінің ұсынуы бойынша Орта­­лық сайлау комиссиясы жүзеге асыра­тынын баяндады. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан 29 байқаушыны ұсынған. Олардың барлығы аккредиттелді. ОСК мүшесі аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар бойынша деректер жаңартылатынын хабарлады.