«Басты әңгіме арқауына айналып тұрған тақырып, әлемдік БАҚ беттерін 22 қараша күні кешке қарай аралап кете барған жаңалық – Бүкіл дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстанда, оның жас елордасы Астанада өтетіндігі жөнінде ЕХРО Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Париждегі 152-сессиясында осы ұйымға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде шешім қабылданғаны...» – өткен жылдың дәл осы күндерінде, 28 қарашада «Әлемге әйгілі» авторлық айдарының аясында жарияланған «ЭКСПО» атты мақаламыздағы осы сөздерді қазір сәл өзгерткен күйде, яғни «Басты әңгіме арқауына айналып тұрған тақырып, әлемдік БАҚ беттерін 27 қараша күні кешке қарай аралап кете барған жаңалық – Бүкіл дүниежүзілік ЭКСПО-2020 көрмесінің Біріккен Араб Әмірліктерінде, оның атақты қаласы Дубайда өтетіндігі жөнінде ЕХРО Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Париждегі 154-сессиясында осы ұйымға мүше 163 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде шешім қабылданғаны...» деп жазса да жарап жатқандай. Бұл оқиғаның шын мәнінде жаһандық жаңалық екендігі анық. Алдыңғы күннен бері Интернет сайттары «Право провести ЭКСПО-2020 получил Дубай», «ЭКСПО-2020» решили проводить в Дубае», «Екатеринбург проиграл Дубаю», «Екатеринбург Дубаю не ровня», «Екатеринбург остался без ЭКСПО-2020» деген сияқты сәл ғана құбылып келетін ұқсас тақырыптарға шүпірлеп тұр.

Иә, ЭКСПО-2020-ны өткізу жолындағы әлемдік бәсеке мәреге жетті. ЕХРО Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының әлем астанасы деп әспеттелетін әсем Парижде өткен 154-сессиясындағы жасырын дауыс беруде араб дүниесінің айтулы қаласы Дубайдың мойыны оқ бойы озық тұрды: үшінші, шешуші турда Дубай 116 дауыс, Екатеринбург 47 дауыс алды. Алғашқы турдан кейін дауыс беруден Бразилияның Сан Паулу қаласы, екінші турдан кейін түріктің Измирі шығып қалған болатын.
Ресей БАҚ-тары Париждегі шешімді елдің беделбағасын едәуір түсіретін жай деп бағалап отыр. Сібір өңіріндегі ең ірі қала Екатеринбург ЭКСПО-2020 бәсекесіне дайындалудай-ақ дайындалған болатын. Қаланың конкурстық ұсынымында көрмеге деп 500 гектар жер бөлінетіндігі айтылған еді. Екатеринбург жеңіске жете қалғанда онда өтетін көрме алып жататын ауқымы жағынан 2010 жылғы Шанхай көрмесінен кейінгі екінші орынға шығар еді. Көрші ел журналистері ЭКСПО көрмесі Ресей жерінде әлі күнге бір де бір рет өткізілмегенін, бұл бәсекеде жеңіске жетуге қаланың қуатты экономикасы да, ел президенті Владимир Путиннің шешуші турда дауыс беру алдында қатысушыларға арнаған сөзін ағылшынша жаттап алғаны да, Парижге Үкімет басшысы Дмитрий Медведевтің өзі барғаны да көмектеспегенін жарыса жазып жатыр.
Свердловск облысының губернаторы Евгений Куйвашевтің: «Иә, ЭКСПО-2020-ны өткізу құқы жолындағы күрес өте ауыр болды, біз лайықты қарсыластан жеңілдік. Әйтсе де, біздің осынау қиын бәсекеге қатысуымыздың өзі – нағыз жеңіс. Енді мен Свердловск облысы мен Екатеринбургті бүкіл әлемде таниды және құрметтейді, біздің белгілі бір дәрежеде сапа белгіміз бар, мұның өзі елеулі жай деп мақтанышпен айта аламын», деп мәлімдеуі Бүкіл дүниежүзілік көрмені өткізу құқына ие болу тұрмақ, сол жолда бәсекелесудің өзі қандайлық құрмет екендігін айшықты аша алады. Екатеринбургтен Дубайдың мерейі үстем болуы заңдылық екенін дауыс берудің нәтижесіндегі айқын басымдылық та аңғартып тұр. Бұйыртса, бір орайы келгенде Біріккен Араб Әмірліктеріне журналистік сапармен барып, газет оқырмандарына 2020 жылы дүн-дүниенің туристері қазіргіден де көбірек ағылатын қала, араб әлемінің көз жауын алар жауһары – Дубай туралы арнайы әңгімелеп қайтатын да болармыз.
Қазірше мына жайды қадап айтамыз: әлемдік туризм орталықтарының біріне әлдеқашан айналған, қазірдің өзінде халқының саны екі жарым миллионға жуықтаған, 163 қабаттан тұратын, биіктігі... 828 метрлік Бурдж Халифа сияқты көк тіреген керемет – әлемдегі ең зәулім ғимарат сияқты ғажайыптары ауыз ашқызып, көз жұмғызатын Дубай сынды қаланың өзі өткізу жолында таласып-тартысатын ЭКСПО көрмесінің құқын тәуелсіздігін жариялағанына жиырма екі жыл жаңа толып жатқан жас мемлекеттің тұсаукесері өткізілгеніне он бес жыл жаңа толып жатқан жас елордасының жеңіп алуы – елдігіміздің биік бір белесі, халқымыздың тамаша табысы, мемлекетті мығымдандырып, Арқа төсінде Астанадай аяулы қаланы асқақтатып, әлемге әйгілі еткен Елбасымыздың ерен ерлігінің арқасы. Бұл берекенің бәрінің бастауы осыдан жиырма екі жыл бұрын, 1991 жылғы 1 желтоқсанда – еліміз бүкілхалықтық сайлауда тұңғыш рет өзінің тарихи таңдауын жасаған, президенттік билік институтының негізін шындап қалап, өркениетті әлемнің көшіне қосылған күнде – енді екі күннен кейін Тұңғыш Президент күні ретінде тәуелсіздік тарихында екінші рет аталғалы отырған күнде жатқанын ұмытпайық, қолымызда бардың қадіріне жетейік, басымыздағы бақтың бағасын білейік, ардақты ағайын. Мемлекеттіліктің мерейлі мерекесі құтты болсын!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.