Газетімізде биылғы 30 қазанда жарияланған сұхбатында халқымыздың айтулы актері Асанәлі Әшімов «Алматы ақшамы» газетінде досы Сәбит Оразбаевтың жазғандары жүйелі түрде басылып жүргенін айта келіп: «Жақсы кітап болады. Сәбит Оразбаев – ұлттық өнеріміздің бәріміз мақтаныш етер тұлғаларының бірі», деген болатын. Таяуда сол кітап жарыққа шықты. «ӨМІРДІҢ ӨЗІ – ТЕАТР» аталған кітапта атақты сахна шеберінің өмір, өнер жолындағы өнеге көрген ұстаздары мен тұстастары жайлы тағылымды естелік-миниатюралары топтастырылған. Солардың бір тобы Елбасымызбен кездесулер туралы. Тұңғыш Президент күні қарсаңында актер жазбаларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Газетімізде биылғы 30 қазанда жарияланған сұхбатында халқымыздың айтулы актері Асанәлі Әшімов «Алматы ақшамы» газетінде досы Сәбит Оразбаевтың жазғандары жүйелі түрде басылып жүргенін айта келіп: «Жақсы кітап болады. Сәбит Оразбаев – ұлттық өнеріміздің бәріміз мақтаныш етер тұлғаларының бірі», деген болатын. Таяуда сол кітап жарыққа шықты. «ӨМІРДІҢ ӨЗІ – ТЕАТР» аталған кітапта атақты сахна шеберінің өмір, өнер жолындағы өнеге көрген ұстаздары мен тұстастары жайлы тағылымды естелік-миниатюралары топтастырылған. Солардың бір тобы Елбасымызбен кездесулер туралы. Тұңғыш Президент күні қарсаңында актер жазбаларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
«Халқым еңбегімді бағалап жатса, одан артық ештеңенің керегі жоқ»
Республика Сарайында біраз өнер қайраткерлерінің Елбасымен кездесуі болды. Оған Бибігүл Төлегенова бастаған өнер тарландары катысты. Әсем де кең ғимараттың ішінде Нұрекең көзі жайнап келе жатыр екен. Сондай көңіл-күйі жақсы, бәрімізбен ерекше ықылас көрсете амандасты. Кейбір әртістердің мұң-мұқтажы болады, соны тыңдайын деген шығар. Бірауық бізбен оңаша қалып, уақытының аздығына қарамастан, біраз әңгімелесті.
– Нұреке, осы Сарайдың ішінде сізді Президент сайлағанбыз. Осы Сарайдың ішінде сіз Көк туды ерніңізбен сүйгенсіз. Сізді асығыс дейді, кішкене отырайық та, – дедім мен.
– Өте дұрыс айтасың. Кім мені асығып жатыр деген? Асықпаңыздар, ойларыңызды айтыңыздар, – деді Елбасы. Сол жерде жанындағы жампоздар маған бір өтініш жасады.
– Сәбит аға, Нұрекеңді қаһармандыққа ұсынып отырмыз. Парламент те, бүкіл халық та қолдап жатыр. Соны сіз де бір ауыз айтсаңыз, – деді. Мемлекет басшысының арғы жағында Бибігүл Төлегенова, бергі жағында мен отырғанмын. Нұрекеңе қаратып:
«Елбасы өз халқына алтын діңгек,
Қадірін, қасиетін халқы білмек.
Қарғаның қарқылдайтын әдеті ғой,
Қыранның аспандағы даңқын күндеп»,
– дегендей, жасалып жатқан тіршілікті көзбен көріп отырмыз, қаншама игі істер болып жатыр. Елдің абыройы көтеріліп, дүниежүзілік деңгейге жетіп отыр. Осының бәрінің басы-қасында өзіңіз жүрсіз. Халқыңыз болып құрметті атаққа ұсынып едік, қарсылық білдіріп, бізді ұялтып тастадыңыз. Енді осы жолы қарсылық білдірмеңіз. Мен бұл өтінішті ақсақал ретінде, елдің атынан айтып отырмын, – дедім.
– Шынымен айтасың ба? – деді.
– Шынымен айтып отырмын, – дедім.
– Мұның маған қажеті жоқ. Маған қажеті – халқым еткен еңбегімді бағалап жатса, одан артық ештеңе керек емес. «Халық Қаһарманы», «Еңбек Ері» деген атақ еңбек адамдарына берілуі керек, – деді.
Кәріліктің де дәрісі бар екен...
Өтіп бара жатқан жылдың басында Президент өнер адамдарымен арнайы кездесу өткізіп, екі сағат әңгімелесті. Мемлекет басында отырған, әрбір минуты санаулы адамға осынша уақытты бір салаға арнау – өте сирек ұшырасатын жағдай. Бұл да Елбасының ұлттық өнерімізге, ата дәстүрімізге деген қамқорлығы болса керек. Келіп жағдайымды сұрады.
– Қалай, Сәке, жақсысың ба? – деді.
– Шүкір Құдайға. «Көбелектің кәрісі жоқ, кәріліктің дәрісі жоқ» деген ғой бұрынғылар. Жоқ, кәріліктің де дәрісі бар екен. Кәріліктің дәрісі – сіздің өнер қайраткерлерімен дидарласқаныңыз. Бұдан артық бізге дәрінің керегі жоқ, – дедім.
Кездесу әсерлі өтті. Жігерленіп шықтық.
Асанәлінің әзілі
Бұл жолғы кездесуде жастар көп болды. Ақыны бар, әнші-күйші және бишісі бар, бәрі келді. Олардың ішінде Абай атындағы опера және балет театрында қызмет ететін бір топ өрімдей жас ұл-қыздар бар. Үлкен кісінің өнерге деген көзқарасы (біздің бақытымызға қарай) қай кезде де жақсы ғой. Үнемі қамқорлық танытып жүр. Елбасымыз өз сөзінде Астанада салынған Опера театры туралы айтты.
– Мен Францияның, Италияның, Австралияның, Американың театрларын көрдім. Барлығын көріп-көріп келіп, қазақ өнерінің қара шаңырағы болсын, ән-күйді аңсаған халық келіп мауқын басатын, демалатын киелі өнер ордасына айналсын деген оймен ешқайсысына ұқсамайтын етіп салдырдым. Жақсылықтың нышаны ғой деп жаңа Жолдауымды да сол ғимаратта өткіздім, – деді.
... Кездесу бітті. Елбасымыз орнынан тұрып шетінен амандаса бастады. Асанәлімен, Жексенбек ағамызбен, сосын менімен қол алысты. Асанәліге қарап:
– Ай, Асеке, аяғың қалай? – деді.
– Жаман емес, – деді.
– Сәбит сенің аяғың туралы анекдот айтып жүр ғой, – деді Нұрекең езу тартып.
– Ой, мұның көзінше ешнәрсе айтуға болмайды. Баяғыда Елубай Өмірзақов пен Серке Қожамқұлов ағаларымыз жұмысқа келгесін бірі аяғының, бірі белінің ауыратынын айтып, мұңын шағып жатқанда шек-сілеміз қатып күлуші едік. Тура сол басқа келді. Аяғым жүріп келе жатқанда басайын деген жерге дөп түспейді, қас қылғандай, жанамалап барып түседі, – деді Асекең.
– Ал енді қазір қалайсың?
– Қазір жаман емес, бірақ, жетісіп тұрғаны шамалы. Межелеген жерге жетпей, кері кетіп жүр. Бірақ, жас бикештерді көрсем, табаным ойлаған жерге тарс ете қалады, – деп қарқылдап күлді. Біз де күлдік. Елбасы маған қарап:
– Қалың қалай? – деді.
– Жаман емес, бірақ, Сіздікіндей емес, – дедім былтырғы сөзімді қайталап.
– Түу, сен де қоймайды екенсің, – деді. Сосын сәл кідіріп:
– Тағы бір сөзің бар еді ғой, – деді.
– Ол біреуі – «Көбелектің кәрісі жоқ, кәріліктің дәрісі жоқ» дегенім ғой. Бірақ, Сізбен кездесу біздер үшін – дәрі» деп айтқанмын, – дедім.
– Е, мұның өте дұрыс, – деді.
...Әнге қосылып, шырқап кетті
Астананың 10 жылдығында Президенттің мәдени орталығында талантты ақын Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» деп аталатын поэмасы бойынша дайындалған қойылым көрсетілді. Астананың белгілі әртістері қатысты. Мен де қатысып, Жыраудың бейнесін жасадым.
Спектакльді көруге Президенттің өзі келді. Қойылымның соңы сценарий бойынша, Елбасының сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың әнімен аяқталды. Міне, ғажап, Елбасы әнге қосылып шырқап кетті. Көрермендердің де, сахнада тұрған әртістердің де делебесі қозып, әнді хорға айналдырып жіберді. Қойылым соңында Нұрсұлтан Әбішұлы алғысын айтып, ризалық көңілін білдірді. Сонан соң сахна жаққа қарап: «Дана бабаларымыздың толғауын айтқан Сәбең, Сәбит Оразбаев – театрда елу жылдан астам қызметте келе жатқан ақсақалымыз. Біз Сәбеңмен отыз жылдай араласып, сырласқан жандармыз. Жастық шағымызда тауға да шықтық, күннің батысынан таңның атысына дейін ән шырқадық. Өткен өмірде жақсы сәттерде, қиындық кезеңдерде де бірге болдық. Құдайға шүкір, Сәбең сақал-шашы қауғадай болып, ақсақалдық дәрежеге жетті», – деді. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Елбасының қысқа болса да айтқан естелігінен әрі қуат алып, әрі қысылып қалдым. Төбем көкке жеткендей сезіндім. Шынында да, Елбасымен бір заманда өмір кешу мен үшін зор мақтаныш еді...
Сәбит Оразбаев.